Фарида Ғұсманова 1963 жылдың қысында бұрынғы Орал облысының Қаратөбе ауданы Аққозы ауылында дүниеге келді. Математикаға деген құштарлық 8-сыныпты бітірген Фариданы елдегі ауызға ілінер сол кездегі жалғыз мектеп – Орынбек Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебіне жетектеп алып келеді.
1980 жылы айтулы мектепті ойдағыдай тамамдаған Фарида сол жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне оқуға түседі. Студент кезінде ол түрлі математикалық үйірмелер мен кештерге қатысып, өзінің математикаға деген білімін тереңдетеді. Бос уақытының бәрі оқу залында өтеді. Жақсы оқып, мұғалімдердің көзіне түседі. Ол 1985 жылы университетті жақсы аяқтап, «математик-оқытушы» деген біліктілік алып шығады.
Фарида Равильқызының еңбек жолы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында басталған. 1985-98 жылдар аралығында Гурьев педагогикалық университетінде оқытушы, аға оқытушы болып студенттерге информатика пәнінен сабақ берді. Бұл пән сол жылы ғана жаңа пән ретінде оқытыла бастаған болатын. 1996 жылы қолданбалы математика және кибернетика саласы бойынша қазақтың мықты ғалымы, Инженерлік академияның корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор Төлеухан Бияровтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады.
1998 жылы Алматыға қайта келіп, 1998-2001 жылдары М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында аға оқытушы, доцент, кейін инженерлік-экономикалық факультетінде деканның орынбасары қызметтерін атқарды.
Ал 2002-11 оқу жылында отбасылық жағдайымен Көкшетау қаласына қоныс аударып, Көкшетау педагогикалық университетінде доцент ретінде сабақ бере жүріп, физика-математика факультетінде деканның орынбасары болып жұмыс істеді.
2002-11 жылдар аралығында Алматы қаласында Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің физика-математика факультетінде доцент ретінде студенттерге дәріс берді және университетте шығатын «Хабаршы» журналында хатшы болды.
2011-14 жылдары Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетіндегі инженерлік-экономикалық факультетінде оқытушы және декан болып қызмет істейді.
2014 жылдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде доцент қызметінде ұстаздық етіп келеді. Бұған қоса, университеттегі әдістемелік кеңестің және академиялық комитеттің төрайымы.
Ғалым-ұстаз осынау еңбек жылдарының ішінде студенттерге арнап 15 оқу құралын жазды. Оның ішінде бір монография, бір оқулық бар, қалғаны оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдары. 120-дан астам қазақстандық және шетелдік журналдарда шыққан ғылыми еңбектері мен ғылыми мақалалары бар. Сонымен қатар «Скопуста» бес мақаласы жарияланған. Хирш индексі 4-ке тең.
Ұстаздың үздік танымал шәкірттері алуан мамандықтар бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде және шет мемлекеттерде әр салада қызмет атқарады. Бүгінгі таңда шәкірттері Фарида Равильқызын үлгілі ұстаз, абыройлы азамат ретінде құрмет тұтады.
Фарида Равильқызы ұстаздықпен қатар, келін түсіріп, немере сүйіп отырған аяулы да ардақты ана. Ұлы Нұрбол ақпараттық технологиялар факультетінің түлегі. Фарида Равильқызы туыстарының, шәкірттерінің және әріптестерінің сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген өте мәдениетті және айрықша қарапайым. Қандай да бір жетістікке жетсе оған өзінің ақылы, еңбегі, білімі, парасат-пайымымен жеткен әріптесіміз бүгінде асқаралы алпыстың асуына жетті. «Алпыс – тал түс» деген жақсы сөз бар. Ендеше өмірінің тал түсіне жеткен аяулы жанға бесіні (70 жас) мен ақшамынан (80 жас) аман өтіп, құтпанында (90 жас) кездесуді жазсын деген тілек айтқымыз келеді. Отбасы аман, денсаулығы мықты болсын!
Меруерт САҚЫПБЕКОВА,
Гүлнұр ҒАЗИЗ,
Компьютерлік ғылымдар
кафедрасының оқытушылары