ШЫТЫРМАН ЖАНРДЫҢ ШЕБЕРІ

25 қазан, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Qazaq universiteti" газетінде жарық көрген  мақаласы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы кез келген перзенттің жан дүниесін толқытатын ерекше шығарма. Тебіреністен туған, тәрбиесі мол, тағылымы бөлек туынды айрықша ойландырады. Жылы әсерге бөлеп, тұлғасы таудай танымал әкенің жан дүниесін терең білуге жетелейді.

Бұл кітап ХХ ғасырдың ба­сын­да қазақ даласында өткен та­ри­хи оқиғаларды баяндай­ды. Мемлекет басшысы өз әке­сінің өміріне үңіле отырып, Қасым және Кемел атты қазақ жігіттерінің асқақ рухын сурет­тей­ді. Қабырғалы қаламгердің шы­ғармашылық еңбектері ар­қылы қазақ әдебиетінің қалып­та­су тарихын және түркі әле­мі­не сіңірген еңбегін танып-біле аламыз.

Шығарманы оқығанда бізге бей­мәлім, сирек ұшырасатын өмір­дің түрлі сәттері көз ал­ды­ңа келеді. Әр сөйлемі жүректі қозғайтын, адам тағдырының бұ­ралаң жолын суреттейтін туындыны бейжай оқу мүмкін емес. Жиырмасыншы ғасыр­дың алғашқы кезеңінде қазақ даласын есеңгіреткен ашар­шы­лық, нәубет, қуғын-сүргін (репрессия) кезеңдері қаз қалпында баяндалады.

Қайраткер әке туралы эссе-тол­ғау қазақтың көрнекті жазу­шысы Кемел Тоқаевтың шығар­ма­шылық лабораториясынан да хабар береді. Бұл шығар­ма­ны сұрапыл соғысты бастан өт­к­еріп, қан майданда ауыр жа­рақат алған қабырғалы қалам­гердің ғұмырбаяндық шежіресі деуге болады. Естелік жанрында жазылған еңбек әдебиетіміздің тарихын, жүріп өткен жолын шынайы бағалауға өз үлесін қосқан туынды екені сөзсіз.

Шығарма желісінен жанына, жүрегіне түскен сансыз жара­дан жігері мұқалмаған қайрат­кер азамат, кемел қаламгердің бейнесі менмұндалайды. Жас Кемел ең қимастары – әкеден, анадан, туған бауырынан, қа­рын­дасынан мезгілсіз айырыл­са да, арына, намысына дақ ти­гіз­бей, тағдырдың салмағын қайыспай көтере біледі.

Майдан даласынан ора­лы­сы­мен Қазақ ұлттық универ­си­тетінің журналистика факуль­те­тінде білім алып, өзінің да­ры­нына, қалам қуатына се­ніп, өткір мақалалары мен шы­найы шығармаларын жазды. Қазақ журналистикасының қа­лып­тасуына елеулі үлес қосып, ұлт әдебиетінің дамуына өл­шеу­сіз еңбек сіңірді.

Кемел Тоқаев елімізде де­тектив жанрының негізін қа­лаған қаламгер ретінде қазақ әдебиетінің тарихында биік тұ­ғырда тұр. Жазушының «Жұл­­дызды жорық» ат­ты тұң­ғыш жинағына көркем әңгі­ме­лері кірді. Кітап 1954 жылы Ал­матыдағы «Мемлекет­тік көр­кем әдебиет» баспасынан жарық көрді. Отыз жасқа енді келген жас жазушының алғаш­қы жинағы қазақ оқырман­да­рын бірден елең еткізді. Ал­ғаш­қы әңгімелерінің өзінен-ақ қалың оқырман өз тақырыбын терең меңгерген кең тынысты қаламгердің өзіндік қол­таңба­сын бірден аңғарды. Кейіп­кер­лері тың, оқиға желісі шымыр, шытырман оқиғада өрбіп оты­ра­тын өзіндік жазу стилін қа­лып­тастырды. Әр шығармасы сайын өсіп, толысып, кемел­ден­ді. Кейінгі туындыларында күр­меуі мол, күрделі тақырып­ты әр қырынан ашып, сүбелі шы­ғармаларымен көрінді.

Осылардың ішінен алпы­сын­шы, жетпісінші, сексенінші жылдары жарық көрген «Жұл­дыз­ды жорық», «Қыс қарлы­ға­шы», «Тасқын», «Көмескі із», «Бо­­лашақ туралы ойлар», «За­мандастар сыры», «Түнде атыл­ған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тап­­сырма», «Сарғабанда бол­ған оқиға», «Таңбалы алтын» ат­­ты кітаптарына енген әңгі­ме­лері мен повестерін ерекше атауға болады.

Кемел Тоқаев «Соңғы соқ­қы», «Солдат соғысқа кет­ті», «Ұя­­сынан безген құс» ат­ты жинақ­тарына кірген роман­да­ры арқылы кең тынысты жазу­шы екенін танытты.

«Замандастар сыры», «Тау­да­ғы жаңғырық» ат­ты по­вес­тері де кезінде әдеби сында жақ­сы бағаланған көркем дү­ние­лер. Жазушы шығар­ма­ла­­ры­­ның ті­лі, құрылымы, шы­тыр­ман оқи­­ға­лар желісі мен кейіп­­кер­лер бей­несін сом­дау­дағы із­де­ніс­те­рі на­зар­дан тыс қал­ған жоқ.

Туындыларындағы бүкіл оқи­ғалар мен кейіпкерлер әре­кеті, тартыс пен күрес, жеңіс пен жеңілістер – барлығы шы­найы өмір көріністерінен, адам­дар тағдырларынан бас­тау алады. Әсіресе қалың оқыр­манның үлкен сұранысына ие болған, қазақ әдебиетіндегі алғашқы детективтік шығарма – «Соңғы соққы» романы бір­неше тілге аударылып, Кеңес Одағы елдеріне кең тарады. «Соңғы соққы» романының бас кейіпкері – Кеңес Ода­ғы­ның белгілі чекисі Қасымхан Чаны­ш­ев. Бұл туындыда оқыр­ман М.Фрунзе, Д.Фурманов, О.Жан­досов, Б.Шагабутдинов сияқ­ты мемлекет қайрат­кер­лерінің бейнесімен де таны­са­ды.

Жазушы Кемел Тоқаевтың күр­делі сюжет құрып, оқиғалар желісін босаңсытпай, ширық­тыра түсетіні, көркемдік де­таль­дарды ұтымды пайдала­на­тыны – жазушы шеберлігінің айқын дәлелі. Қай шығармасы болса да, оқырманын жалық­тыр­май, қызықтырып әкетеді. Детектив жанрының ең басты шарты – кейіпкерлерін сан алуан, шытырман оқиғалардың ортасында, үнемі тартыс пен күрес үстінде көрсете білуі жазушының талантын толық көрсетіп тұр. Көбінесе «психо­ло­гиялық талдау» әдісіне жүгі­нетін суреткердің шығарма­ла­рынан бірде-бір әлсіз, жігерсіз кейіпкерді таба алмайсыз.

Қаламгердің тағы бір кесек туындысы – «Солдат соғысқа кет­ті» ат­ты тарихи романы. Бұл шығармада сурет­телетін оқи­ға­лар, көріністер, кейіпкерлер диа­логтары, шығарманың ком­позициялық құрылымы әбден төселген, көркемдік шеберлік әдіс-тәсілдерін мейлінше мең­ге­рген жазушының қолтаң­ба­сын анық аңғарт­ты.

Көлемді романдардан ке­йін жазушы соғыс, әскери шай­қас көріністерінен бірте-бірте алыс­­тап, барлаушылар, тәртіп сақшылары, ішкі істер орган­дары жауынгерлерінің, қыз­мет­керлерінің өмір жо­лы­на құ­рылған шағын шығар­ма­лар жазды.

Қаламгер өз шығармалары арқылы алдымен адамгершілік, кісілік қасиет­терімен көрінетін, әділетті жақтаушы әскери адам­­дардың образын алып кел­ді. Сол арқылы қазақ әде­бие­тінің сан қырлы бай гале­рея­сын тосын, күрделі тағдыр иелерімен толықтырды.

Детектив жанрының құпия­сын меңгерген Кемел Тоқаев өз тақырыбын ұзақ жылдар бо­йы зерттеп жүрді деп болжауға болады. Кейбір жылдары дра­малық туындыларға да қалам тартқанымен, өзінің сүйікті та­қы­рыбынан қол үзген жоқ. Та­лантты жазушы қандай тақы­рып­қа қалам тербесе де, әуелі өзі бейнелеп, сурет­теп отыр­ған өмір шындығына, адамдар тағдырына терең бойлады. Өмір шындығының арналы ағы­­сын, күре тамырын дәл аң­ғара білді.

Майдан шындығын сурет­тейтін туындыларында жазушы бүкіл адамзат­тық деңгейде гуманистік, өркениет­тік мәсе­ле­лерді көтере білді. Кітапта­ры­ның алтын өзегінде жатқан поэ­тикалық қуаты да осы ара­дан көрінеді. Соғыс пен қыл­мыс тақырыбын қаузай оты­рып, гуманистік, пассионарлық идеялар мен құндылықтарды қалың оқырманға нәзік жеткізе білуі жазушы қол жеткізген көркемдік табыстарының бір биігі деп атап айтуға болады. Шытырман жанрдың шырағын жаққан көрнекті қаламгер Кемел Тоқаев шығармалары уақытпен бірге жасап, еш­қа­шан оқырманын жоғалт­пай­ты­ны да сондықтан.

Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университеті да­йын­да­ған «Детектив дара­бо­зы» атты кітапта Кемел То­қаевтың ұлт ру­ха­нияты үшін атқарған шы­ғар­машылық ең­бе­гі мен қай­раткерлік жолын жа­ңа қы­рынан танытуға ты­рыс­тық.

«Кемел көкжиегі» деп атала­тын бірінші бөлімде жазушы Кемел Тоқаевтың мұрағаттан, Ұлттық кітапханадан, ҚазҰУ кітапханасы қорынан алынған «Социалистік Қазақстан», «Ле­­ниншіл жас», «Қазақстан пио­не­рі» газеттерінде жария­лан­ған, бұрын кітапқа жи­нақ­талмаған мақалалары, көркем-публицистикалық туындылары берілді.

«Қаламдастар құрметі» деп аталатын екінші бөлімде ке­мел тұлға туралы ұлт қайрат­кер­лері, танымал сөз сү­лей­лері, айтулы ғалымдар мен пуб­ли­цис­тердің және заман­дас­­та­рының естеліктері жи­нақ­тал­ған. Мәселен, Қасым Қай­сенов­тің «Кемел шағында еді», Әзілхан Нұршайықовтың «Дос қолтаңбасы», Қалмұқан Исабайдың «Тоқаевтың үш сыйлығы», Серік Қирабаевтың «Сырбаз», Шерияздан Елеу­кен­овтің «Аты да, таланты да – Кемел», Баққожа Мұқайдың «Жұмбақ жан» эсселері бұрын жазылып, түрлі басылымдарда жарық көргенімен, алғаш рет бір жинаққа біріктіріліп отыр.

«Ізбасарлар ізеті» аталған үшінші бөлімде Кемел Тоқаев туралы қазіргі таңда қалам тербеп жүрген қазақ жур­на­листерінің, әдебиетші ғалым­дар­дың публицистикалық са­раптамалары жинақталған, сондай-ақ ҚР Орталық мем­ле­кеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінен, ҚазҰУ-дың Әл-Фараби атын­да­ғы ғылыми кітапханасы қо­ры­нан алынған фотосуреттер мен қаламгер кітаптары таныс­ты­рылады.

Биыл 100 жылдығын жал­пы­ұлттық деңгейде халық болып тойлап жатқан көрнекті жа­зу­шы Кемел Тоқаевтың шығар­ма­шылық мұрасы бүгінгі және ертеңгі жас буынға мәңгі қажет рухани құндылық деп ойлай­мын.

Басқа жаңалықтар