Ж.Дәдебаевтың 75 жылдығына арналған конференциядағы сөзі

13 december, 2023

Құрметті Жанғара Дәдебайұлы!

Құрметті зиялы қауым,

әріптестер, білім алушы жастар!

 

Біз бүгін көрнекті әдебиеттанушы ғалым, университетіміздің профессоры Дәдебаев Жанғара Дәдебайұлының 75 жасқа толуына арналған ғылыми конференцияда бас қосып отырмыз.

Жанғара Дәдебайұлы – Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің түлегі.

Еңбек жолын ауыл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастап, үлкен биіктерді бағындырды.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып, іргелі зерттеулер жүргізді.

Ғалымның бүкіл саналы ғұмыры қара шаңырақ ҚазҰУ-мен байланысты.

Алғашқы әдеби-сын мақалаларын студент кезінен  баспасөзде жариялады.

Ардақты ұстазы Тұрсынбек Кәкішевтің жетекшілігімен әдебиетші студенттердің ғылыми қоғамын басқарды.

Академик Зейнолла Қабдоловтың ғылыми жетекшілігімен  кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғады.

Университетімізде әр жылдары ассистент, аспирант, аға оқытушы, доцент, профессор, факультет деканы, кафедра меңгерушісі болды.

ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін де абыроймен атқарды. 

Жанғара Дәдебайұлы – 900-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқу-әдістемелік еңбектердің авторы.

Жеке авторлығымен 36 кітап, тең авторлар ұжымы құрамында 21 оқулық, жинақ, монографиялары жарық көрді.

Ізбасар шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырды.

Ғылыми еңбектерінің нәтижесінде Жоғары мектеп Ұлттық ғылым академиясының, ҚР Білім академиясының, Халықаралық Айтматов академиясының академигі атанды.

Мен профессор Жанғара Дәдебайұлының ғылымдағы еңбек жолын  жақсы білемін.

1980 жылдары бір факультетте еңбек жолымызды бірге бастадық.

Жанғара Дәдебайұлы академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың кафедрасында, мен әйгілі түркітанушы-ғалым Мархабат Томановтың кафедрасында қатар қызмет атқардық.

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті ғылымындағы үлкен қайраткер ғалымдардың мектебінен бірге өттік.

Жанғара Дәдебаевтың ғылым жолындағы басты тақырыбы  – ұлы Абай мен Мұхтар Әуезов шығармашылығы.

Осы бағытта көп ізденіп, қазақ әдебиеттану ғылымына, қазақ әдеби сынына өлшеусіз үлес қосты.

Тұңғыш әдеби-сын кітабы 1988 жылы «Жазушы» баспасынан «Шымырлап бойға жайылған» деген атпен жарық көрді.

Осы еңбектен кейін «Мұхтар Әуезов», «Ғабиден Мұстафин» атты әдеби-танымдық кітаптары басылып шықты.

1991 жылы «Ғылым» баспасынан «Өмір шындығы және көркемдік шешім» атты үлкен зерттеу кітабы жарық көрді.

Осыдан кейін «М.Әуезов шығармашылығы», «Менің университетім: зерттеулер мен зерделеулер», «Тақырып және идея», «Абай ілімі» сияқты зерттеу еңбектерін шығарды.

Жанғара Дәдебаев әдебиеттанудан бөлек, тарихи танымдық тақырыптарда көп ізденген ғалым.

«Тараз өлкесі» монографиялық еңбегінде көне Тараз қаласына қатысты тың деректерге жаңаша талдау жасаған.

«Адам және заман» кітабында Адам ата, Анахарсис, Аристотель, Әбу Насыр әл-Фараби, Атилла, Тоныкөк туралы тың ойларын ортаға салған.

Профессор Жанғара Дәдебайұлы бүгінде университетімізде Абай ғылыми-зерттеу институтын басқарып отыр.

Жанғара Дәдебайұлының жетекшілігімен 10 томдық  «Абайтану антологиясы»  жарық көрді.

«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» атты 50 томдығы мен  «Жамбылтану. Таңдамалы еңбектер» сериясы дайындалды.

Жастардың ұлттық тәлім-тәрбиесіне ерекше мән беріп, «Абайдың кісілік кодексін» құрастырды.

Университет ғылым-білімді дамытуға елеулі еңбек сіңірген көрнекті ұстаз-ғалымдарын ерекше мақтан тұтады.

Танымал тұлғаларымыздың өмір жолы мен ғылыми еңбектеріне арналған «Ғибратты ғұмыр» сериясын шығарып келеміз.

Кітаптың бұл жолғы шығарылымын профессор Жанғара Дәдебайұлының ғылыми еңбек жолына арнадық.

Өнегелі ғалым туралы кітап жас әдебиетші ғалымдардың жаңа ғылыми ізденістеріне жол ашатынына сенімдімін.

 Конференция жұмысына табыс тілеймін!