«Цифрлық даму кезеңіндегі ғылыми зерттеулер және білім беру саясаты» атты конференциядағы сөзі

14 декабря, 2023

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Құрметті әріптестер, білім алушы жастар!

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Х cаммитінде түркі әлемінің білім, ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту аса маңызды екенін атап өтті.

Президент ұйымға мүше елдерде әлемдегі үздік университеттердің филиалдары мен тіл үйрететін бөлімдер ашуды, цифрлық технологияларды бірлесіп дамытуды ұсынды.

Мемлекет басшысы түркі мемлекеттерімен бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасуды, ортақ жобаларды іске асыруды тапсырды.

Бүгінгі конференциямыз цифрлық даму кезеңіндегі ғылыми зерттеулер және білім беру саясатына арналып отыр.

Ғылыми зерттеулерді қолдау үшін қажетті ресурстар мен инфрақұрылымды дамыту цифрлық технологияларсыз мүмкін емес.

Қазіргі уақытта цифрландыру ғылымды дамытудың басты тетігіне айналды.

Тіл білімі саласында «Ақылды оқулықтар», «Интерактивті оқу бағдарламалары», «Ақылды зертханалар», цифрлық каталог, сөздіктер пайда бола бастады.

Оқу орнымыз зерттеу университеті ретінде ғылымның әр саласында цифрлық трансформацияны тиімді іске асыруы қажет.

Бұл орайда, ҚазҰУ-да білім беру және зерттеу қызметтерін әлемдік нарықа бейімдеу шаралары қолға алынуда.

Бәсекеге қабілетті оқытушы, әлеуеті жоғары ғалым – университет рейтингінің кепілі.

Жоғары білікті, сапалы мамандар сапалы білім арқылы ғана қалыптасады.

Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырған Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасы мен Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ауқымды жобаларды іске асыруда.

Институтта Әл-Фараби кітапханасындағы сирек кездесетін қолжазбалар қорындағы құнды деректер мен материалдарға зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Қағаздағы материалдар жан-жақты сарапталып, цифрлық жүйеге енгізілуде.

Біз түркология және алтаистика саласында ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясы сияқты беделді ұйымдармен жұмысты жандандыра түсуіміз керек.

Түркі әлемінің рухани құндылықтарын әлемге танытатын осындай халықаралық деңгейдегі ғылыми шаралардың маңызы әрдайым жоғары деп білемін.

Бүгінгі конференция Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Нұрсұлу Жамалбекқызы Шәймерденованың мерейтойы аясында өтуде.

 

Құрметті Нұрсұлу Жамалбекқызы!

Сізді университет ұжымы және өз атымнан мерейлі 65 жасқа толған туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіз қара шаңырақ ҚазҰУ-дың филология факультетін үздік бітіріп, үлкен ғылым жолына түстіңіз.

Орыс тілі мен әдебиетін жаңа көзқараста зерттеп, мазмұнды монографиялар мен оқу құралдарын жаздыңыз.

Жастардың қамқоршысы болып, білімді шәкірттер тәрбиелеп,  өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырдыңыз.

Әріптестеріңіз бен шәкірттеріңіздің ортасында құрметіңіз арта берсін.

Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға құт-береке, еңбегіңізге табыс тілеймін!

Бүгінгі конференция түркология, лингвистика мамандары үшін өте пайдалы болады деп есептеймін.

Бұл жаңа идеяларды ортаға салып, ой бөлісіп, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік.

Конференция жұмысы табысты болсын.