Филология ғылымының докторы, профессор Шәймерденова Нұрсұлу Жамалбекқызы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті қазақстандық филиалы филология кафедрасының профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, Қазақстандық орыс тілі және әдебиеті пәні оқытушылары қазақстандық ассоциациясының мүшесі.
Ғылым мен ғалым – шам мен от сияқты дүние... Ғылым адамзаттың айналасында болып жатқан дүниелерді түсінуіне кедергі келтіретін, шынайы ақиқатты тануға бөгет тудыратын сауатсыздық пердесін жояды. Ол әрекеттің иесі – ғалым. Бұл туралы Жүсіп Баласағұн «Көңіл – терең теңіз, ғылым – тереңінде жатқан інжу-маржан» деп, білім мен ғылымның бағасын барынша айшықтап жеткізуге тырысады, ғылымға бойлау үшін көңіл тұнықтығы керек екенін түсіндіреді. Ең нашар дос – надандық, ең адал дос – ғылым. Шынайы ғылыммен қаруланған жандар соғұрлым биязы, мейірімді болып келеді. Өйткені ғылым биязылықпен ұштасса, түпсіз тұңғиыққа бойлайтыны анық. Асылында, осындай таза ғалымдық болмыспен, биязы үнмен, көркем мінезбен өзгелерден оқ бойы озық тұратын ғалым – Нұрсұлу Жамалбекқызын алдағы мерейтойымен құттықтаймыз!
Ғылымға деген құштарлықты, ізденіске деген іңкәрлікті шәкірттері мен артынан ерген ғалым-зерттеушілерге әдебімен, амалымен, өнегелі өмірімен үнсіз ғана үйретіп жүрген үлкен әріпті әріптесіміз туралы көп дүние айтуға болады.
Ғалым ұстаз 1958 жылы 16 желтоқсанда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы өте беделді, танымал мемлекеттік қайраткер отбасында дүниеге келді. Нұрсұлу Шәймерденованың әңгімесін тыңдай отырып, өзінің туған күнінің 16 желтоқсанда болуын кездейсоқ емес, белгілі бір энергетикалық өрістегі символдық белгі деп қарайтынына көз жеткіземіз. Әкесі Жамалбек Шәймерденов –
Қазақстанға барынша еңбегін өткізген ірі мемлекеттік қайраткер еді. Анасы тарих және қазақ тілінен дәріс берді. Осындай зиялы ата-ананың тәрбиесін көрген Нұрсұлу Жамалбекқызы жастайынан алдына үлкен мақсат қойып, талапшыл болып бойжетті. Кейіннен әдеттегідей университет қабырғасы, аспирантура, диссертация жазу, қорғау сияқты шыңдалу мектептерінің сынынан сүрінбей өтті.
Нұрсұлу Шәймерденова 1989 жылы Мәскеуде Светлана Капралованың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Диссер-
тацияның ғылыми кеңесшісі ретінде жұмыстың жоғары деңгейде орындалуына себепші болған белгілі түркітанушы Игорь Добродомов тағайындалады.
Ал 1998 жылы профессор Элеонора Сүлейменованың жетекшілігімен докторлық диссертациясын қорғап шығады.
Бүгінде ғалым 65 жылдық мерейтойын атап өткелі жатыр. Нұрсұлу Жамалбекқызы ғылыми-педагогикалық еңбек өтілінің 40 жылын ғылым мен білімге, ағартушылық саласына жұмсағанын ерекше мақтанышпен сөз етеді.
Профессор жас буынды тәрбиелеу ісіндегі, тіл саясатын насихаттау және дамыту, тілдерді меңгерту бағытындағы елеулі еңбектері мен өзіндік қолтаңбасы үшін әр кезеңдердегі мемлекеттік наградалармен, құрмет қағаздарымен, мемлекеттік ғылыми стипендиялармен және гранттармен марапатталды. Нұрсұлу Шәймерденова ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстандық Ресей (кеңес) жоғары оқу орындары түлектері қауымдастығының құрметті президенті де болды.
Қазақстандық білім беру жүйесінің Ресей мемлекетімен достық қарым-қатынасының жақсаруына барынша ықпал етті, соның ішінде Қазақстанның әлемдік русистика, жалпы лингвистика, әлеуметтік лингвистика кеңістігіндегі сәтті диалогтардың көш басында тұрды. Республикалық көптеген игі бастамалардың негізін салушы идеялық жетекші болды. «Императивы государственной этнонациональной политики Республики Казахстан» (2012), «Этнополитический словарь. Термины и понятия казахстанской политики и практики в сфере общественного согласия и межэтнической толерантности» атты екі ірі топтық еңбектің авторы ретінде, сондай-ақ «Эпоха и личность – Дәуір және тұлға» деп аталатын мықты жобасы үшін халықтар ассамблеясының жоғары бағасына ие болды.
Нұрсұлу Жамалбекқызы – филология ғылымының докторы, профессор. Ол русистика, тарихи лексикология және лексикография, түркі-славян тілдік өзара қарым-қатынастары, орыс тілін екінші тіл ретінде меңгерту, әлеуметтік лингвистика, риторика туралы 400-ден астам теориялық жұмыстар мен практикалық әзірлемелердің авторы. Қазақ, орыс, ұйғыр мектептеріне арналған орыс тілі оқулығының, 10-нан аса монографияның, оқу құралдарының авторы. Ғалымның жетекшілігімен ондаған ғылым докторы, 30-ға жуық ғылым кандидаты әзірленген.
«Адам болмысындағы барлық дүние әдемі болуы керек: жүзі де, киген киімі де, жаны да, ойлары да» деген Чехов сөзі Нұрсұлу ханымға бағытталып айтылғандай болып тұрады. Мінсіз ұқыптылық, жинақы киім, әдемі талғам, тың әрі епті қозғалыс, жұмсақ дауыс, үлкенге де, кішіге де тең бөлінген ерекше ізеттілік – нағыз зиялылық пен зияткерліктің биік үлгісіндей. Дәріс оқыған аудиториядан, баяндама оқыған конференция залынан Нұрсұлу Жамалбекқызын тыңдау жоғары этикет пен мәдениеттіліктің биік үлгісін көрумен пара-пар. Өзінің сан-салалы қызметінде – ағартушылық, ғылыми, ұйымдастырушылық, басшылық – қайда болсын халқын шын сүйген перзенті ретінде көне алтайлық тегімізге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырып, ғылыми конференциялардың жұмысын жандан-
дырудан, жетілдіруден айныған емес.
Нұрсұлу Жамалбекқызы орыс филологиясы саласындағы ойшылдардың мұрасын зерделей жүріп, өзі де оларға тән энциклопедизмді бойына сіңірді. Ол тек қазақстандық кеңістік үшін ғана емес, халықаралық деңгейдегі ірі ғалымдармен бой таластыратын белгілі лингвист. Ғалымның авторлығымен басылып шыққан монографиялар, оқу құралдары, сөздіктер тіл мамандары тарапынан да, жалпы ғылымсүйер қалың бұқара үшін де жиі сұранысқа ие болатын құнды дүниелер.
Автордың ғылыми-педагогикалық шығармашылығынан бөлек тұратын және бір халықтық туындылары – ол балаларға арналған ертегілер әлемі. Нұрсұлу Жамалбекқызының қаламынан шыққан әрбір ертегіні оқып отырып, адамгершілік пен ізгілікті дәріптеу, надандықпен күрес, отбасылық құндылықтарды насихаттау, жаратылысты сүю, патриоттық отансүйгіштік қасиеттерді бойға дарыту сияқты аса өзекті мәселелермен бетпе-бет келеміз. Тілі жұмсақ, түсінуге оңай, талдауға жеңіл, солай бола тұра, астарлы ойы терең болып келетін ертегі-әпсаналар бала санасына оң өзгерістер әкелетінін мойындауымыз керек. Ертегі кейіпкерлері Глоссик пен ғажайып құс Фламинго, кішкентай ғана Гүлдер ханшайымы және тағы басқа толып жатқан қаһармандар бала түгіл, ересек кісілердің өзін баурап, таңғажайып сезімге жетелейді.
Профессордың ұлан-ғайыр ғылыми еңбектері мен қоғам өміріндегі қайраткерлік қызметі әр кезеңдерде тиісті бағасын алып, зор қошеметке ие. Ғалымның биік идеялары мен жемісті кәсіби және қоғамдық қызметі тек өз елінде ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де әлемдік ғылыми ортадан құрметті орын алуын қамтамасыз етті. Отандық ғалымның еңбегі Ресей Федерациясының мемлекеттік наградасы – Пушкин медалімен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Г.Х.Андерсен атындағы сыйлығымен атап өтілуі ғылыми ортадағы беделінің одан сайын асқақтата түскенін дәлелдейді. Аталған марапат қазақстандық ғалымға әлемдік славистика ғылымына, тіларалық байланыстар, тілдер мен мәдениеттердің өзара үнқатысуына қосқан үлесі үшін беріліп отыр.
Біздің болашағымыздың беталысын белгілі бір деңгейде ғылым айқындайды. Ғылымсыз алға жылжу тіпті де мүмкін емес. Мықты ғылым болмаса, әлемнің адамға берері де жоқ. Ал мықты ғылымды Нұрсұлу Жамалбекқызы сияқты мықты ғалымдар жасайды.
Раушан АВАКОВА,
Түркітану және тіл теориясы кафедрасының
меңгерушісі, профессор
Жанар АКИМИШЕВА,
доцент м.а.