Тәуелсіздік – біздің ұрпақтың бағына бұйырған үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің VІІ сессиясында Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңын қабылдады. Дәл осы күні әлем картасында жаңа, жас Қазақстан Республикасы пайда болды. Қазақ елі ғасырлар бойы ата-бабаларымыз арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіздік мерекесін 16 желтоқсанда қалың ел болып атап өтеміз.
Жас тәуелсіз Қазақ елінің тарихы Еуразияның ұлы көшпелі өркениетінің үш мыңжылдық тарихының ажырамас бөлігі саналады. Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр. Ғасырлар бойы Қазақ елінің тәуелсіздігі мен бүгінгідей жарқын болашағы үшін ата-бабаларымыз күресіп келді. Тарих беттерін парақтап қарап, өткен ғасырлардағы бостандыққа ұмтылған ерлікке толы тарихымызға шолу жасасақ, 1466 жылы Керей мен Жәнібек бастаған алғашқы Қазақ хандығы құрылды. Еділ мен Ертістің арасындағы далалық алқапта көшпелі империялардың ұрпақтары қазақ деген біртұтас халыққа бірікті. Қазақ хандығының құрылуы дербес елдікке ұмтылудың алғашқы бастамасы болды.
Ел болып іргесі қалана бастаған кезден-ақ сыртқы жаулармен үздіксіз соғыстар жүргізуге тура келді. Сонау жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен батырларымыз, Ресей империясының отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісін басқарған тарихи тұлғаларымыз тәуелсіздік жолында күрес жүргізді. Алайда қазақ жерінің Ресей империясы құрамына енуі көшпелі мемлекеттің тәуелсіздігіне тұсау салды. Ал одан кейін билік басына келген қызыл империяның саясатына қарсы тұрған Алаш зиялыларының тәуелсіз ел болу жолында жүргізген демократиялық бағыттағы идеялары сәтсіздікке ұшырады. Алайда сан ғасырлық тарихы бар Ұлы даланың көшпелілер империясының ұрпағы – қазақ халқы өзінің тілі мен ділін, салт-дәстүрін сақтай отырып, қайта жаңғырды. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. 1986 жылғы Желтоқсанның ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында, яғни 37 жыл бұрын қазақ халқының тәуелсіз ел болып қалыптасуына жол ашқан тарихи оқиға болды. Сөйтіп, 1991 жылы 16 желтоқсан республиканың тәуелсіз күні ретінде бүкіл әлемге танылды. Бұл қазақ тарихындағы ғасырлар бойы аңсаған арманның орындалған күні болды. Патшалық Ресей империясының екі ғасырдай отары болған, кеңестік биліктің жетпіс жылдан астам қысымын көрген Қазақ елі үшін бұл күн ерекше мерекеге айналды.
Қазақстан 1991 жылы 21 желтоқсанда ТМД-ға қосылғанын мәлімдеп, Алматы декларациясына қол қойды. Мемлекеттің тәуелсіздігін қамтама-
сыз ету мақсатында 1992 жылғы қаңтарда еліміздің ішкі істер әскері құрылды.
Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде алғаш 1991 жылы 26 желтоқсанда АҚШ мойындады, одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран Ислам Республикасы және т.б. мемлекеттер мойындады. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты. Тәуелсіз мемлекетке айналу, қазақ халқына үлкен серпіліс, күш берді, республикамыздың өз еркімен алға ұмтылуға, мемлекет болып өркендеуге дара жол ашылды.
Сан түрлі қиыншылыққа қарамастан, республика тәуелсіздікке қол жеткізе салысымен қазақ халқының басына үлкен ауыртпашылық әкелген Семей полигонын жапты, Арал теңізі мәселесін шешуді жолға қойды, қазақ тілі қайта жаңғырды, тарихи мұраларымыз бен мәдениетімізді терең зерттеу қолға алынды, табиғи байлығымызды өз иелігімізге қайтара алдық.
Қазақстан 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ-ның толық құқылы мүшесі атанды. БҰҰ-ның 46-сессиясының шешімімен ұйымның 168-ші мүше елі болып тіркелді. 1992 жылғы 4 маусымда Жоғарғы Кеңестің сессиясы республиканың жаңа Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Сол жылы 11 желтоқсанда Мемлекеттік Әнұранның мәтіні бекітілді (2006 жылы 7 қаңтарда «Мемлекеттік рәміздер туралы» жарлыққа толықтырулар мен өзгерістер енгізілді). Сонымен қатар Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін көпжақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болды. Дүниежүзі қазақтарының басын біріктіру мақсатында Қазақ-
станда 1992-2017 жылдар аралығында шақырылған бес құрылтайдың тарихи маңызы ерекше. Бұл басқосу қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанының белгісі болды.
Ұлттық валюта – теңге 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Қай елдің болсын валютасы сол елдің заманауи саяси-экономикалық жағдайын және жаһандық дәрежесін сипаттайды. Жаңа тәуелсіз Қазақстан Республикасы халықтың жаңа тиімді тұрмысын қалыптастыру жолындағы күрделі экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асыра алды.
Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстан тарихында ғана емес, тұтас адамзат тарихында маңызды орын алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Қазақстанның бірінші президентінің ядролық қарудан бас тарту жөніндегі ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады. Қазақстан әлемдегі ауқымы жөнінен төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Сондай-ақ Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қосылды. Ал 1994 жылы ядролық қаруды Қазақстан аймағынан мүлдем жоюға келісті. Қазақ елі, осылайша, егемендігінің алғашқы жылдарынан-ақ аймақтағы және әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аса ықыласты екенін айқын әрі нақты ісімен білдірді. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Ассам-
блея құрылуының негізгі мақсаты қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту болды.
Қазақстан халқының ерік-жігері осындай аса маңызды міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды. Шетелдермен бейбіт қарым-қатынас орнатқан, абыройы асқақ, оңы мен солын ажырататын елге айналды. Мәселен, табысты жүргізілген сыртқы саясаттағы жетістіктердің арқасында Қазақ елі БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ және т.б. беделді халықаралық ұйымдардың мүшесіне айналып қана қоймай, мемлекетаралық қарым-қатынастарда да еліміздің мәртебесін көтеретін саяси оқиғалар мен тарихи кезеңдерге де бастамашы болды. Астана қаласында 2010 жылы 1-2 желтоқсан күндері ҚР төрағалығымен ЕҚЫҰ-ның 56 мемлекетінің басшылары елордамызда бас қосып, бірауыздан Астана доктринасын қабылдады. Қазақстанда 2011 жылы алғаш рет қысқы Азия ойындары өтті. Қазақстанның намысын қорғаған спортшылар 70 медаль иеленді. Қазақ елінде 2017 жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен EXPO-2017 көрмесін тамашалауға төрткіл дүниеден 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Осындай және тағы басқадай тарихи оқиғалар еліміздің халықаралық деңгейдегі үлкен беделінің нәтижесі.
Тәуелсіздігіміздің 33-ші жылына аяқ басқалы тұрған Қазақ елінде ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырылып, олардың бірқатары жүзеге асты.
«Бағалай білмегенге бақ тұрмайды, қадірлей білмегенге құт қонбайды» деген халқымызда сөз бар. Сондықтан тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы. Тәуелсіздік – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы, ел еркіндігі. Ел тәуелсіздігін бағалап, қадірлеп, ұрпақтан-ұрпаққа абыройын асқақтатып аманат ету – біздің парызымыз.
Гүлнар ҚОЗҒАМБАЕВА,
т.ғ.к., профессор