Заманауи білім беру жайы талқыланды

25 желтоқсан, 2023

Педагогика және білім беру менеджмент кафедрасы ресейлік К.Д.Ушинский атындағы Ярославль мемлекеттік университеті ғалымдарының қатысуымен «Цифрлық білім беру технологиялары оқу процесін ұйымдастырудың кешенді құралы ретінде» атты халықаралық ғылыми-практикалық вебинар өткізді. Ғылыми семинардың мақсаты – ауқымды және әділетті сапалы білім беруді қамтамасыз ету және барлығы үшін бүкіл өмір бойы оқу мүмкіндігін көтермелеу. 

Вебинарда білім берудегі жаһандық тенденцияларға қатысты өзекті мәселелер және цифрландырудың сапа­сына әсері талқыланды. Спи­керлер оқытудың иннова­циялық әдістері мен олардың білім беруді цифрландыруға әсері туралы өз көзқа­растарымен бөлісті. Мәселен, К.Д.Ушинский университеті Педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Е.В.Карпова және кафедра доценті, п.ғ.к. А.В.Невзорова  бакалавриат деңгейінде цифрлық ресурс­тарды пайдаланудың нақты тәжірибесін оның тиімділігін бағалай отырып, кафедра доценті, п.ғ.к.  О.А.Беляева магистранттарды оқытуда қашықтықтық форматта жо­балау тапсырмаларын орын­дау туралы баяндады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Педагогика және білім беру менеджмент ка­федрасының меңгерушісі, п.ғ.д., доцент Н.Алғожаеваның баяндамасында жаһандану және цифрландыру жағ­да­йын­да білім беру үдерісі сапасының проблемалары мен келешегі қамтылды. Мұнда білім сапасына жаңа технологиялардың әсері және осы тұрғыдағы жаһандық тәсілдердің өзектілігі баса айтылды. Кафедра профес­соры, п.ғ.д. Ш.Таубаева білім беруді цифрландыру үдері­сінің негізгі факторы ретінде дидактикадағы инновацияның рөлін қарастырып, оқытудың инновациялық әдістері мен олардың оқу-тәрбие үдерісіне әсері туралы өз көзқарасымен бөлісті. Барлық баяндама­ларда заманауи білім берудің маңызды аспектілері бойын­ша жаһандық өзгерістер жағдайында білім сапасын қамтамасыз ету, табысты цифрландыру үшін білім беру тәжірибесіне инновацияларды енгізу және т.б. маңызды көзқарастар берілген.

Халықаралық ғылыми-прак­тикалық вебинар қатысу­шыларға заманауи білім беру технологияларының негізгі аспектілерін талқылау үшін қызықты алаң болып, баянда­малар білім берудің әртүрлі салаларындағы цифрлан­дырудың өзекті мәселелері мен аспектілерін көрсететін түрлі тақырыптарды қамтыды.

Жанат БАҚТЫБАЕВ,

Педагогика және білім беру менеджмент кафедрасының доценті, педагогика ғылымының кандидаты