«Айналаңды нұрландыр!» жобасының қорытынды байқауы өтті
ҚазҰУ-да «Айналаңды нұрландыр!» жобасы аясында алғаш рет университеттің тілдік кафедралары арасында ұйымдастырылған жалпыуниверситеттік байқаудың қорытынды кеші өтті.
«Айналаңды нұрландыр!» – ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан инновациялық-әлеуметтік жоба. Осы жобаны университет көлемінде насихаттауға бағытталған және 9-ақпан мен 18-сәуір аралығын қамтыған жалпыуниверситеттік байқауға қазақ тілі мен шет тілін оқытатын кафедралар, оның ішінде қазақ тіл білімі, жаратылыстану факультеттеріне арналған шет тілдері, гуманитарлық факультеттерге арналған шет тілдері, шетел филологиясы және жалпы тіл білімі, орыс филологиясы, орыс және әлем әдебиеті, дипломатиялық аударма, қытайтану, Таяу және Орта Шығыс кафедрасы, Қиыр Шығыс және Оңтүстік Азия, «Түркісой», тілдік және жалпы білім беру кафедралары қатысты.
Ағымдағы жылдың ақпан айында бастау алған тілдік кафедралар өткізген фестивальдің қорытынды кешінде іс-шараның нәтижесі көпшілік назарына үлкен көрме түрінде ұсынылды. Онда әр кафедраның өткізген іс-шараларының суреттері, студенттердің эсселері, фото-альбомдар мен түрлі қызықты материалдар қамтылды.
Қорытынды кешті бастаған «Рухтың мекені – адамның жүрегі. Жүрек жылуы, махаббат, ар-ұят, қайрат, мейірімділік, жақсылық, адамшылық осы жүректен туындайды. Күн адамның рухы болса, күн сәулесі – ақыл дейік. Рухани бай адам, ең алдымен, әділ, шыншыл, мейірімді, кешірімді, қанағатшыл, ақылды болады. Осындай қасиеттері бар адамда адамшылық мол болады. Адамгершілік ұғымында да осы аталған қасиеттермен бірге аяушылық, сүйіспеншілік, жан аямай еңбек етушілік т.б. сапалар кездеседі» деген жүргізуші сөздері сезімнің нәзік иірімдерін тербеп, жүректерге жол тапты. Ал байқау нәтижесі бойынша үздік деп танылған номерлар кештің көркін қыздыра түсті. Сахнаға бірінші болып гуманитарлық факультеттерге арналған шет тілі кафедрасының студенті Аяулым Шағатаева шығып, «Армансыз адам болмайды» әнін орындады. Жаратылыстану факультеттеріне арналған шет тілдері кафедрасы білім беретін студенттер – Жәмила Әбішева, Фатима Мейрман, Фариза Аманкелді, Нұршат Қалдыбаевалар орыс, ағылшын, неміс тілдерінде ұлы Абай шығармаларынан үзінділер оқыды. Таяу және Орта Шығыс кафедрасының студенттері Думан Аманбаев, Дина Мансұр, Ақтоты Мұқамбетқалиева «Мейірімділік» әнін парсы тілінде нақышына келтіре орындаса, қытайтану кафедрасының студенттері «Үнемі отбасыңның жағдайын біліп тұр» әнін қытай тілінде шырқады. Түріксой кафедрасының студенті Бекташ Серген «Ана мен бала» әнімен көпшіліктің көңілінен шықты.
Кеш барысында жүргізушілер «Айналамызды нұрландыру үшін жалпы қандай жаман қасиеттерден аулақ болуымыз керек? Бақуатты қоғамды құру үшін бүгінгі жастар не істей алады деп ойлайсыздар?» деген сұрақтар төңірегінде көрерменге ой тастап, пікір алмасты. «Бақыт» би ансамблінің биші қыздары мен «Мисс ҚазҰУ–2015» байқауының финалына өткен үміткерлер мың бұрала би билеп, кештің сәнін кіргізсе, Қиыр Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының студенттері – Үрбибі Ешметова, Ажар Қалибек, Айдана Тұрар үнді тілінде «Жүрек жылуы» атты ән орындап, көрерменнің көңілін сергітті. Жаратылыстану факультетеріне арналған шет тілдері кафедрасының студенттері – Анель Қапарова мен Мирасбек Жұмалиев «Достық» әнін ағылшын тілінде орындады. Тілдік және жалпы білім беру кафедрасында оқитын шетелдік студенттер «Мы желаем счастье вам!» әнімен тамаша көңіл-күй сыйласа, қазақ тіл білімі кафедрасының студенті Ақбота Садық «Жайна халқым» әнімен зал толы көрерменді рухтандырып жіберді. Таяу және Орта Шығыс кафедрасының студенттері Насиба Қамардинова мен Ақтоты Мұхамбетқалиева «Айналаңды нұрландыр!» иедясының авторы, университет ректоры Ғалым Мұтанұлы өлеңдерінің араб және парсы тіліндегі аудармасын оқып, өз өнерлерін ортаға салды.
Кеште ректор Ғ. Мұтанов жастарға арнап: «Әр адам қоршаған ортаға өз үлесін қосу керек. Біз қайда жүрсек те, айналамызға қамқорлықпен қарауымыз керек. Біз бір-біріміздің бойымыздағы жақсы қасиеттерді бойымызға сіңіре білуіміз керек», – деді. Ол өз сөзінде: «Әл-Фараби «Бақытқа жету» еңбегiнде «бақыт дегенiмiз игiлiктердiң iшiндегi ең қадiрлiсi, ең үлкенi және ең жетiлгенi» деп атап көрсетедi және «әр адамның оған толық құқығы бар» дейдi. Біздің студенттер мен қызметкерлер үшін біз барлық мүмкіндіктерді жасаудамыз, соның бірі «Al-Farabi smart city» жобасы – Шығыс философы армандаған біздің альма-матер», – деген ойымен бөлісті. Студенттер де қоршаған ортада өзіңді дұрыс ұстау және бойыңдағы қандай қасиеттермен мақтана алатындығы туралы айтып, өз пайымдауларын ортаға салды.
Кеш үлкендерге де, жастарға да жақсы әсер қалдырғаны сөзсіз. Соңында ректор байқау қорытындысы бойынша кафедра меңгерушілері мен үздік эссе авторларын марапаттады. Түркісой кафедрасының магистранттары Әсел Мұхаметжанова мен Бейбіт Жұмаділова «Бәріміз бірге!» әнін орындап, барша жанды жылы сезімге бөледі. Сөз соңында айтарымыз, әр адамның кеудесіне жарық нұры бар, тек соны одан әрі нұрландырып, оның барлық адамдарға таралуына мүмкіндік жасау қажет.
Тәрбие жұмысы боынша департаменті