Ардагер фототілші студенттермен кездесті

9 қаңтар, 2024

Фотография – өнердің бір түрі. Ол өмірдің кез келген сәтін бейнелейді. Оның философиялық қырлары да баршылық. Ол – тарих, ол – шындық, ол – болмыс. Шындап келгенде, қазіргі өмірімізді фотосуреттерсіз елестету мүмкін емес. Ал саналы ғұмырын осы салаға арнап, ұрпаққа ұлттың ұлы сәттерін фотосуретпен таспалаған ардагер фототілші Қалиғұмар Қабдешұлының есімі  қазақ фотоөнер саласында айрықша аталады.

Философтар үшін адам және оның өмірі, қоғам мәселесі қандай өзекті болса, фотографтарға да оның әрбір сәтін фотосурет тілінде көрсете білу сондай мәселеге пара-пар. Сондықтан бұл фотоөнер саласының философиялық мазмұны – өмір шындығы мен маңызын іздейтін философ буындар үшін де ерекше маңызға ие. Философия және саясаттану факультетінің қабырғасында өткен осы бір айтулы кездесуде философия ма-
ман­дығының 3-курс студенттері қазыналы қартпен еркін сұхбаттасты.

Қалиғұмар Қабдешұлы­ның фотомұрағатында қазақ ұлтының қаншама тарихи бейнесі жатыр. Онда аты аңызға айналған ұлы тұлғалардан бастап, қазақ жерінің тұмса табиғаты мен халқының еңбекқорлығы бейнеленген жарқын сәттері сақталған. Сондықтан Қалиғұмар ақсақалдың жастар үшін айтары көп. Мәселен, ол кісінің 1980 жылы түсірген суреттерінің арасынан ҚазҰУ қалашығына қатысты тарихи суреттерді көреміз. Автор сол жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-нің І хатшысы Д.Қонаев және ректор Ө.Жолдасбековтің ҚазҰУ қалашығы жобасын талқы-
лауы және қалашық құрылысын аралау сәттерін сәтті түсіріп алған. Тіпті Қалиғұмар ақсақал алғашқылардың бірі болып ҚазҰУ мұражайындағы суреттерді түсіріп шыққан екен. Философ студенттермен кездесу барысында ардагер фото-
тілші осы сәттерді ерекше әңгімелеп өтті.

Қалиғұмар Қабдешұлы КСРО және Халықаралық журналистер одағының мүшесі, республика-
лық, одақтық, халықаралық фотокөрмелердің жүлдегері. Мәскеудегі КОКП ХХVI съезін суретке түсірген тұңғыш қазақ фототілшісі. Үндістан, Болгария, Румыния, Чехословакия елдерінде Достық қоғамы арқылы көркемсурет көрмесін ұйымдастырған бірегей фотограф.

Студенттер ардагер фототілшінің әңгімесін тыңдап, фотоальбомдарымен танысты. Әсіресе оларға Д.Қонаев, Ө.Жолдасбеков, Н.Назарбаев, Ш.Айтматов, Р.Ғамзатов, А.Әшімов, Б.Момышұлы, Ш.Мұртаза, Ғ.Мүсірепов секілді тағы да басқа тұлғалардың портреттік суреттеріне қызыға қарап, талдап, талқылап жатты.

Кездесу соңында Қалиғұмар Қабдешұлы студенттерге ақ батасын беріп, өзінің «Өмірім мен өнерім», «Суреттерде жартығасырлық шежіре» атты кітаптарын кафедра кітапханасына тарту етті. Шарада философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек ардагер фототілшіге алғысын білдіріп, ұжым атынан құнды кітаптар сыйлады.

Досжан

БАЛАБЕКҰЛЫ,

философия докторы (PhD),

Философия кафедрасының аға оқытушысы