Корейтануға сүбелі үлес қосып келеді
Қазақстан мен Орталық Азияда корейтану ғылымының негізін салушылардың бірі және әлемдегі коре сарам тарихы бойынша жетекші маман, тарихшы ғалым, ұлағатты ұстаз, профессор Герман Николаевич Ким 70 жасқа келіп отыр.
Ғылыми ізденістері патшалық Ресей империясы мен Кеңес Одағы тұсындағы кезеңнен бастап, тәуелсіздік алғаннан бергі Қазақстандағы корей диаспорасының этникалық мәдениеті, әлеуметтік антропологиясы мен лингвистикасы, сонымен бірге корей халқының шетелдерге қоныс аудару тарихын зерттеуге арналды. Осы бағытта отыздан астам моно-графия, оқулықтар және 250 ғылыми мақаласы бірнеше тілде жарияланды. Орталық Азиядағы корейтану ғылымын танымал етуде Герман Николаевичтің қосқан үлесі орасан зор болды. Оның тікелей қатысуымен «Орталық Азиядағы корейтану жаңалықтары» атты ғылыми журнал жарық көріп, корейтану саласындағы жетекші журналдардың бірі болды. Архив құжаттары арқылы ұзақ жылдар зерттеу жүргізіп, нақты фактілер мен цифрларды ғылыми айналымға енгізіп, корейлердің ішкі-сыртқы иммиграциясының тарихы туралы жазылған іргелі үш томдық «Корея имми-грациясының тарихы» атты монографиясы корей тіліне аударылып, 2006 жылы Корея Республикасында корей халқының тарихы бойынша жазылған «Үздік кітап» ретінде халықаралық ғылыми ортада мойындалып, жоғары бағаланды.
Г.Ким 1977 жылы өзі білім алып, ұшқан ұясы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде тарих факультетінің Шет тілдері кафедрасының оқытушысы, аспиранты ретінде ғылыми жолын бастаған еді. 1990-91 жж. ҚР Ұлттық ғылым академиясы Философия институтының (ҚР ҰҒА) Ұлттық және этносаралық қатынастарды зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, 1992-96 жж. ҚР ҰҒА Шығыстану орталығының аға ғылыми қызметкері, 1996-99 жж. ҚР ҰҒА Шығыстану институты жанын-
дағы корейтану орталығының директоры, 1999 жылдан ҚазҰУ шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасының профессоры, 1999-2010 жж. Корейтану кафедрасының меңгерушісі болды. 2006-09 жж. Мичиган университетінің (АҚШ) Гуманитарлық зерттеулер институтында және Хоккайдо университетінің (Жапония) Дамушы экономикалар институтында шақырылған профессор болып қызмет атқарды. 2010-14 жж. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, 2014-15 жж. Сунсин университетінің (Оңтүстік Корея) шақырылған профессоры, 2015-19 жж. Конгук университетінің профессоры (Оңтүстік Корея) сияқты қызметтер атқарды. 1999 жылдан бері Қазақстан корейлері қауымдастығының вице-президенті қызметін атқарып, корей диаспорасы ұйымдарының қызметіне орасан зор үлес қосып келеді. 1987 жылдан бастап «Ленин кичи/Корё ильбо» газетінің тұрақты авторы. Герман Николаевич ғылыми қызмет пен ұстаздықпен қатар, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ғылыми-білім және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға да өз үлесін тигізген тұлға екенін айтуға болады.
Профессор Г.Н.Ким педагогикалық және ғылыми еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы (2007), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі (2009), Бірлік» медалі (2014), KBS телекомпаниясының (Корея Республикасы) шетелдік корейлердің үздік ғылыми өкілі ретіндегі ерекше марапаты, «Азаматтық еңбегі үшін» ордені (2015), ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби» күміс медалі (2016), Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның басқа да медальдары мен ордендерімен марапатталған.
Университетіміздегі бүкіл еңбек жолында Герман Николаевич білікті ғылыми мамандарды тәрбиелеп, көптеген ғылым кандидаттарын дайындады. Ол қазақстандық және шетелдік докторанттардың диссертациясына ғылыми жетекшілік жасады. Оның шәкірттері ғалым-ұстаз ретінде өзімен үзеңгілес әріптес болып отыр. Қазіргі уақытта профессор 2020 жылы университетімізде ашылған Азиялық зерттеулер институтын басқарып әрі университетте ұстаздық жұмысын жалғастыруда. Міне, осындай саналы ғұмырын ғылымға арнап, іргелі жұмыстарды атқарып, Қазақстан корейтану саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқан ғалымға кафедра ұжымы әлі де өзі ойлаған үлкен жұмыстарды жасау үшін қажымас күш-қайрат, мықты денсаулық, отбасына амандық тілейді.
Бақытгүл ТАШКЕНБАЕВА,
Қиыр Шығыс кафедрасының
аға оқытушысы