Ғұмырын ғылымға арнаған ұстаз

10 қаңтар, 2024

Қазақ ұлттық университетінде студенттерге білім мен тәрбие беріп  жүрген Мұрат Тәшенев ағамыз туралы ерекше құрметпен атап өткіміз келеді.

Мұрат Жұмабекұлы 1948 жылы 17 желтоқсанда мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев пен Бәтес Ыдырысқызының шаңырағында дүниеге келген. Жұмабек Ахметұлы – сталинизм мен Қазақстанның аумақтық тұтастығына қарсы күрестің ауыр кезеңінде өзін көреген саяси қайраткер ретінде көрсеткен тарихи тұлға. Мұрат ағамыз осы киелі отбасындағы бес баланың бірі болды.

Мұрат ағамыз орта мектепті тамамдап, 1966 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы, бүгінде республиканың үшінші мегаполисіндегі Шымкент педа-
го­гикалық институты тарих факультетінің бірінші курсына қабылданады. Бүгінде білім мен ғылымның, тәрбиенің алтын бесігі, қасиетті қара шаңырақ  – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті атанған жоғары оқу орны Шымкент қаласының орта­лығында, А.Байтұрсы­нов көшесінде орна­-
лас­қан. Екі жылдық мұғалімдер даярлайтын оқу орны болып Қазақ КСР халық комис­сарлар кеңесінің қаулысымен 1937 жылы 19 наурызда ашылғаннан бері жұмыс атқарып келеді. Түлектері қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірі мен шетелдерде қызмет атқаруда. Мұрат ағамыз, міне, осындай бір ғасырға жуық терең тарихы бар «ұстаздар шеберханасы» атанған Шымкент педагогикалық институтының 1971 жылғы түлегі. Бүгінде тарих ғылымының докторы, профессор.

Ағамыздың ең әуелі ұстаздық жолды таңдап, ғалым болып қалыптасуында оның елімізге белгілі, текті отбасынан алған тәрбиенің ықпалы болды. Әкесі Жұмабек Ахметұлы ел басқарудағы әкімшілік саламен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысқан. Оның айқын дәлелі – бірқатар ғылыми еңбектерінің жарық көруі, сондай-ақ экономика саласы бойынша кандидаттық (1962) және докторлық диссертацияны (1974) Мәскеуден қорғады. Қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің бойындағы қасиеттері: бірінші – отансүйгіштік; екінші – ұлтқа деген терең сезім; үшінші – қағидатшыл (принципшіл); төртінші – тарихты меңгеру мен білуге деген шынайы ықыласы болғаны туралы жақын таныған азаматтар  ерекше айтады. Ұлтымыздың ардақты тұлғаларының қатарында Жұмабек Тәшеновтің есімі ерекше аталады. Оның жарқын ғұмыры көпке өнеге. Намысты да жігерлі азаматтың перзенті – болашақ ғалым Мұрат ағамыздың тарихқа деген ерекше сүйіспеншілігі әкесінен дарыса керек. Халқының өнегелі тұлғасына айналған әкесінің саналы өмірі мен адал атқарған қызметі, жігерлілігі мен ұлтжандылығы Мұрат Жұмабекұлына тағылымды үлгі-өнеге болды. 

ХХ ғасырдың 60-жылдарының аяғы мен 70-жылдардың басында оңтүстік өңірдегі «ұстаздар шеберханасы» атанған жоғары оқу орнында көптеген білікті мамандар Мұрат Жұмабекұлына дәріс беріп, ғылымға баули білді. Ғылым жолын таңдаған ол 1973 жылы Қазақ ұлттық университетінің (С.Киров атындағы ҚазМУ) Қазақ КСР тарихы кафедрасының аспи­-
рантурасына қабылданады. Оның еңбек жолы ҚазҰУ-дың тарих факультетінде Қазақ­станның жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасында 1977 жылы – оқытушы-ассистент, 1978 жылы – аға оқытушы, 1981 жылы – тарих ғылымының кандидаты, доцент, 1999 жылы – тарих ғылымының докторы, профессор қызметтерін атқарды. Осы жоғары оқу орнында жарты ғасырға жуық студенттерге тарихтан дәріс беріп, ұлтжанды жастарды тәрбиелеуде еңбек етіп келеді. Ғылымдағы және қоғамдық жұмыстағы жетістіктеріне байланысты ғалым ағамыздың еңбегі бағаланып, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды.

 Бүгінде Мұрат ағамыз тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының беделді де жастар үлгі алатын құрметті профессоры. Ғалым ағамыздың түрлі бағытты қамтып жариялаған 200-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде «1960-1985 жылдардағы Қазақстанның жұмысшы табы» атты монография және «Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы», «Қазақстан тарихы», «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы», «Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында» деген еңбектердің ұжымдық авторларының бірі. Сонымен бірге «ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы Қазақстандағы өндірістің қалыптасуы мен даму тарихы»,  «ХІХ ғасырдағы Қазақстандағы халықтық азаттық қозғалыс», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан (1941-1945 жж.)» деген оқу, оқу-әдістемелік құралдарының авторы.

Шәкірттеріне білім мен тәрбие берген ұстаз – баға жетпес биік тұлға. Бүгінде ағамыз тәрбиелеп, білімге, ғылымға баулып, дәріс берген шәкірттері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде, жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында еңбек етуде. Оның бойында әкеден берілген адалдық, ұқыптылық, қарапайымдылық, жинақылық, адам баласына қиянат жасамау қасиеттері жас мамандар үшін үлгі боларлық.

 Бар ғұмырын ғылым мен білімге арнаған ғалым ұстазымыз Мұрат Жұмабекұлы 75 жасқа толды. Құрметті Мұрат Жұмабекұлын тарих факультетінің ұжымы мерейтойымен құттықтап, денсаулық, отбасына бақытты, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Гүлнәр ҚОЗҒАМБАЕВА,

Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.к.