БІРЕГЕЙ БІЛІМ ОРДАСЫ

15 қаңтар, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген  мақаласы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90 жылдық белесіне қадам басты. Тарихы күрделі де жауапты 30-жылдардан бастау алатын қара шаңырақ қазір отандық жоғары оқу орындары арасында көш бастап тұр. Ірі ғылыми жетістіктері, заманауи білім бағдарламалары, ұлттық кадр даярлаудағы жаңашылдығымен ерекшеленіп, әлемдік озық университеттер қатарына да қосылды.

Өткенге көз жіберсек, Қазақ мем­лекеттік университетінің жасақталуына 1933 жылдың 20 қазанындағы КСРО Халық комиссарлары кеңесінің шешімі негіз болды. 1934 жылы 15 қаңтарда алғаш 54 студент қабылданып, олар физика-математика және биология факультеттерінде білім алды. Білім мекемесі бірте-бірте ауқымын кеңейтіп, соғыс басталғанға дейін білім бағдарламаларын 14 маман­дыққа жеткізді. 1945 жылдан бастап университет қайта қанат жайып, жаңа факультеттер қатары көбейе бастайды. Білім ордасын әр жылдары Иван Лукьянец, Төлеген Тәжібаев, Асқар Закарин, Темірбай Дарқанбаев, т.б. басқарып, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды қазақтың көрнекті тұлғалары дәріс оқығанын мақтанышпен айтамыз. Қазіргі ҚазҰУ қалашығының бой көтеріп, қалыптасуына басшылық жаса­ған халқымыздың қайраткер тұл­ғасы Дінмұхамед Қонаев екені баршаға аян. Қалашықты салуда профессор Асқар Закарин, академик Өмірбек Жолдас­бековтің еңбегі зор.

Тәуелсіздік кезеңінде академик Көпжасар Нәрібаевтың басқаруымен университет дамудың жаңа сатысына көтерілді. 1991 жылдың 23 қазанында білім ошағына ғұлама ғалым Әл-Фараби есімі, 1993 жылдың 9 қаңтарында «Мемлекеттік ұлттық жоғары оқу орны» мәртебесі берілді. 2004 жылдың 8 қыркүйегінде университеттің 70 жылдық мерейтойы аясында академик Төлеген Қожамқұловтың мұрындық болуымен «Әл-Фараби» ғылыми кітапханасының іргетасы қаланды. Төлеген Қожамқұлов 2004-2008 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры қызметін атқарды. 2007 жылы қоладан құйылған Әл-Фараби ескерткіші орнатылды. 2007-2010 жылдары мемлекет қолдауымен жаңа оқу ғимараттары салынып, пайдалануға берілді. Бұл уақытта жаңашыл ректор ретінде Бақытжан Жұмағұлов ҚазҰУ қалашығын жаңа белеске көтеріп, көркейтуге зор үлес қосты.

 

Академиялық бедел айтарлықтай жақсарды

Бүгінгі таңда университет ұжымы ұлы тұлғаларымыз бастаған игі істерді жаңа бағытта жалғастырып келеді. Халықаралық QS рейтингінде 230-орында, Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ғана емес, Орталық Азия мен ТМД елдерінде көшбасшылық позициясын орнықтырды. QS Asia University Rankings бойынша Азиядағы үздік алғашқы 30 жоғары оқу орнының қатарында. 2022 жылы 25 шілдеде ел Үкіметінің қаулысымен қара­­шаңыраққа «зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Қазіргі таңда 16 факультетте 554 білім бағдарламасы бо­йынша дәріс беріліп жатыр. Ғылыми зерттеу жұмыстарын орындаудың жоғары сапасы мен тиімділігін жүзеге асыратын 3 354 оқытушы-профессор табысты еңбек ету үстінде. Оның ішінде Ұлт­тық ғылым академиясының 11 ака­­де­мигі, 7 корреспондент-мүшесі, Жоға­ры­ мектеп ғылым академиясының 11 ака­демигі бар. Сондай-ақ 603 ғылым докторы, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді.

Оқу орны «зерттеу университеті» мәртебесін алғаннан кейін академиялық сая­сатына тиісті өзгертулер енгізді. Ғылыми қызмет нәтижелерін оқу үдерісіне интеграциялау, білім беру сапасын арттыру, инклюзивті білім беруді жетілдіруге ден қойылды. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызмет пен білім беру үдерісі басты бағдарға алынды. 25 126 білім алушының 20 499-ы бакалавриатта (12 776-сы грант); 3 404-і магистратурада – (2 913-і грант); 1 223-і докторантурада – (грант –1 048) оқиды. 2023-2024 оқу жы­­лына 10 719 талапкер қабылданды. Бұл – университет тарихындағы үлкен көр­сеткіш. Білім алушылар саны өткен жыл­мен салыстырғанда 3 мың студентке артты.

Академиялық саясатты іске асыруда жасанды интеллектіні пайдалану қа­р­қынды жолға қойылмақ. Бұл желі­лер мәтінді, кескінді, бейнені және мультимедиалық ақпаратты қоса алғанда, сан алуан мазмұн түрлерін жүзеге асыруға қабілетті. Осы арқылы студенттер мен оқытушыларға білім берудің тың әдістері мен шығармашылық тәсілдерін әзірлеуге және зерттеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.

Университет қызметіндегі басым­дық­тардың бірі – түлектерді сапалы жұ­мысқа орналастыру. Барлық білім беру бағ­дар­ла­масы тәжірибеге негізделген. Әр оқу курсында университет студенттері кәсі­би тағылымдамадан өтеді. Қазіргі уақытта тәжірибелер базасында 1 500-ден астам ұйым мен кәсіпорын бар. Еңбек нарығында сұранысты арттыру мақ­са­тында ірі және табысты компаниялармен жоспарлы кездесулер мен дәрістер өтеді. Сондай-ақ әр семестрде бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Түлек­теріміздің бірінші жылы жұмысқа орна­ласу­дағы орташа көрсеткіші – 82 пайыз.

Университеттің академиялық қыз­метіндегі жетістіктер оқытушы-про­фес­сорлық құрамның жоғары әлеуетіне тіке­лей байланысты. «Жоғары оқу орнының үз­дік оқытушысы – 2023» республикалық бай­қауында ҚазҰУ-дың 32 маманымыз жеңімпаз атанды.

 

Халықаралық келісімдер кеңейді

Оқу орнының халықаралық қызметі де стратегиялық маңызға ие. ҚазҰУ мемлекетаралық диалог, мәдени алмасу және ғылыми ынты­мақ­тастық алаңы ретінде жаһандық про­б­лемаларды шешуге ықпал етеді. Уни­вер­ситет қызметін интернационал­дан­дыру еліміздің эко­номикалық әлеуетін арт­тыруға, жаңа индустриялар мен нарық­тар­дың дамуы­на, ғылым, технология және инновация саласында сыртқы бай­ла­­ныстарды жандандыруға мүмкіндік береді.

Мемлекетаралық байланыстар арқылы университетте ғалымдар мен оқытушы кадрлармен алмасу, халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларды игеру жүйелі жолға қойылған. Сонымен қатар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру, академиялық ұтқырлықты дамыту бағыттары да жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Сол­түстік Америка, Азия және Тынық мұ­хиты аймағындағы 650-ден астам жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста. Оның 80-нен астамы өткен жылдың үлесінде. Бұл ретте негізгі басымдық ғылыми зерттеулерге бағытталған жоғары дәрежелі университеттерге берілген.

Білім ордасында 120 мамандық бо­йынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос дип­лом бағдарламасы жүзеге асырылады. Студенттеріміз Еуропаның жоғары оқу орындарымен қатар, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея тағы да басқа елдердің университеттерінде білімін жетілдіру үстінде. 2023 жылы 451 бакалавр мен магистрант шетел университеттерінде оқып, біліктілік арттырды. 325 PhD докторант Еуропада (Ұлыбритания, Аустрия, Германия, Франция, Испания), Солтүстік Америкада (АҚШ), Азия (ҚХР, Корея, Жапония) және Түркия мемлекеттерінде шетелдік жетекшілермен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әлемнің озық университеттерінде тәжірибе алмасты.

Кейінгі жылдары университетке ака­де­­миялық ұтқырлық және тағылымдама бағ­­­дарламалары бойынша АҚШ, Жа­по­­­ния, Германия, Ресей, Франция, Ұлы­британия, Қытай, Түркия, Нидерланд, Бельгия, Қырғызстан, Словакия елдерінен 250-ге жуық шетелдік студент келді. Америкалық халықаралық білім беру кеңестерімен (АҚШ) келісім аясында филология және халықаралық қатынастар факультеттерінде орыс тілін оқып жатқан 125 АҚШ азаматы қабылданды. Жалпы, ҚазҰУ-да әлемнің 54 елінен 3 928 шетелдік студент білім алып жатыр.

Халықаралық ынтымақтастықтың қазіргі бағыттарының бірі – оқу орны базасында беделді шетелдік университеттердің филиалдарын құру. Бұл жұмыстарды іске асыруда да ҚазҰУ нақты нәтижелерге қол жеткізді. 2022 жылы Мемлекет басшысының Түркия мен Қырғызстанға ресми сапары аясында Ыстанбұл, Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалдары ашылды. Бішкек филиалында төрт елден (Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Ресей) 329 студент білім алып жатыр. Оқыту бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша бөлінген. Құқық, ақпараттық технологиялар, биология және биотехнология, шетел филологиясы, экономика және бизнес жоғары мектебі, философия және саясаттану, халықаралық қатынастар мамандықтары жоғары сұранысқа ие.

2022 жылы университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы іске кірісті. Онда 62 бакалавр және 19 магис­трант оқытылып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жыл­ғы мамыр айында Қытайға мемлекеттік сапары барысында ҚазҰУ базасында Қытай Халық Республикасының Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойыл­ды. 12 қазанда салтанатты ашылу рәсімі өтіп, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы зертханалық сыныптар жұмыс істей бастады.

Бүгінгі халықаралық күн тәртібіндегі басты мақсат – тұрақты даму. 1996 жылдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұрақты даму мәселелеріне белсене араласып, белгілі мамандар мен ғалымдарды, соның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттарын бірлескен жұмысқа шақыруда. Кейінгі үш жылда ҚазҰУ тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында халықаралық ұйымдардың барлық құрылымдық бөлімшесімен өзара қарым-қатынасты жалғастырып келеді.

ҚазҰУ университеттердің жаһандық әлеуметтік жауапкершілік желісінің (USRN) қызметімен, сондай-ақ Жібек жолы университеттері Альянсымен (SUN) бірлесе жұмыс атқарып келеді.

 

Ғылымнан түскен табыс екі есе өсті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу университеті мәртебесіне сәйкес, ғылымды дамытуға да айрықша басымдық беріп отыр. Кейінгі үш жылда университет ғылымынан түскен табыс екі есеге жуық өсіп, 8,5 млрд теңгені құрады. Қазіргі сәтте 290 гранттық қаржыландыру жобасы, Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 11 жоба, «Ғылым қоры» АҚ арқылы 1 коммерцияландыру жобасы және 47 бірлескен жобаны жүзеге асыру үстінде. Кейінгі жылдары ғалымдарымыз 300-ден астам халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен іргелі жобаларды орындады. Олардың ішінде ISTC, INTAS, TEMPUS, МАГАТЭ, НАТО бағдарламалары бар.

Биыл географ-ғалымдарымыз Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 3,8 млрд теңгенің мегагрантын ұтып алды. Үш жылға жоспарланған жоба «Жасыл өсім» тұжырымдамасы аясында Батыс Қазақстан өңірінің тіршілік ортасы мен экологиялық факторларына зерттеулер жүргізуге бағытталған. Ғалымдарымыз өзге де әріптестерімен бірлесе отырып, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының табиғи қорларын тиімді пайдалану, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау, экологиялық дағдарыстарды болдырмау жолдарын қарастырмақ. Сондай-ақ топырақ құрамы мен сапасына талдау жүргізіп, техногендік бұзылулардан, су айдындарының таяздануынан, атмо­сфераның ластануынан туындаған түйткілдерді анықтайды. География және табиғатты пайдалану факультетінің профессоры, география ғылымының докторы Мәулкен Асқарованың жетекшілігімен жобаның бірінші кезеңі орындалып, ақпараттық мәліметтер базасы жасалды. Балық және басқа да су биологиялық ресурстарын бағалаудың әдістемелік негіздері әзірленді. Биоалуантүрлілікті, сирек кездесетін әрі құрып кету қаупі төнген балық түрінің популяциясын және даму болжамын сақтау шаралары қабылданды. Ғалымдарымыз 2024-2025 жылдары аймақтың тұрақты экологиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуын сарапқа салады.

ҚазҰУ биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі, профессор Әлмира Құстыбаеваның ұсы­нысымен оқу орнында құрылған Ми институты да жаңа­шыл­ды­ғымен ерекшеленеді. Қазір орта­лық когнитивті, клиникалық және моле­кулалық, есептеу және қолдан­ба­лы нейроғылымдар бойынша миға іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуді бас­тап кетті. Ми қатпарлары мен адам сана­сы­ның мүмкіндіктерін тануға талпыныс елі­міз­де бұрын-соңды болған емес. Ми инс­титуты айналысатын ғылыми зерттеулер ой­лау­дағы ұтымдылық пен тиімділікті оңтай­лан­дыруға, ми белсенділігінің да­муын­ ілге­рілетуге әсер етеді. Сонымен қа­тар бұл бағыттағы зерттеулер қабылдау, есте сақтау үдерістерін жеңілдетуге, мінез-құ­лық ауытқушылығын түзетуге, қартаю кез­інде зейіннің нашарлауының алдын алу­ға көмектеседі.

Оқу орнының 90 жылдық мерейтойы­на тарту ретінде ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру жоспарланып отыр. Бұл білім ордасы ұтып алған «Өндірістік сектор консорциумдары: құзыреттілік орталықтары» гранттық бағдарламасы аясында мүмкін болмақ.

ҚазҰУ Tech Garden «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен бірлесіп, өнеркәсіптік роботтехника және роботтандыру саласындағы жаңа стартаптарға қолдау көрсетеді. Технологиялық операцияларды роботтандыру тұжырымдамаларын зерттеуге, көрсетуге және сынауға арналған бірегей алаң ұсынады. Модельдік фабрика бұл білімді, дағдыларды, мүмкіндіктерді тарату және әзірленген шешімдерді Қазақстанда да, шетелде де өнеркәсіптік компанияларға енгізу үшін негізгі платформа болып саналады. Орталық өз қызметін 2024 жылдың екінші тоқсанында бастайтын болады.

Бұдан бөлек, ҚазҰУ-да ҚХР үкіметімен келісілген Silicon Valley моделі бойынша IT-тех­нопарк құру жөніндегі бірлескен жоба қолға алынып жатыр. Сондай-ақ хи­мия және химиялық технология факуль­теті жанынан гальваникалық қапта­ма­лардың Chemical Coatings Innovations (СhemCoIn) ғылыми-өндірістік орталығы іске­ қосылады.

Ғылым саласындағы тағы бір маңызды жаңалығымыз – 2023 жылы ҚазҰУ-дың үш ғылыми журналы, атап айтқанда: «Химия», «Физика», «Математика, механика және информатика» басылымдары Web of Science дерекқорында индекстелген университет басылымдарының тізімін толықтырды. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың International Journal of Mathematics and Physics және Eurasion Chemico-Technological Journal, Physical Sciences and Technology басылымдары әлемдегі ғылыми басылымдардың ең үлкен мәліметтер базасы саналатын Scopus дерекқорына енгізілді.

Қазіргі таңда ҚазҰУ қалашығында Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei және тағы да басқа жоғары технологиялық ком­па­­ниялардың сертификаттау орталық­та­ры мен институттары табысты жұмыс істейді.

 

Айтулы жыл аясында

Біз еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттырумен қатар, универ­ситет қалашығын қайта жаңғыртуға да кірістік. Мемлекет басшысының қолдауымен 2024-2027 жылдар аралығында ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңін салу жос­парланып отыр. Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында ҚазҰУ қалашығында әрқайсысы
1 060 орындық, жалпы 3 180 орынға арнал­ған заманауи үш жатақхана құрылысының ірге­тасын қалау рәсімі өтті.

Жалпы, ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспары бойынша оқу корпус­та­ры,­ спорттық-сауықтыру орталығы, қыз­мет­керлерге арналған тұрғын үй, инно­вациялық орталық, ғылыми зерттеу орта­лы­ғы, технопарк бой көтермек.

Бұдан бөлек, QS рейтингі өкілдерінің, әлем­дік сарапшы-ғалымдардың, ғылыми ұйым­дар мен ЖОО ректорларының қатысуымен ауқымды халықаралық конференциялар, симпозиумдар, жастар форум­дары және ҚазҰУ-дың ғылыми-иннова­ция­лық жетістіктерінің көрмесін өткізу көз­деліп отыр.

Айтулы жылда университеттің барлық құрылымы табысты еңбегін жалғастырып, зор жетістікке жетеріне және өскелең ұрпаққа өнегелі тарту жасайтынына сенемін.

 

Басқа жаңалықтар