Мерейтойлық жылдың ашылу салтанатындағы сөзі

16 января, 2024

Құрметті Ерболат Әскербекұлы!

Қайрат Әбдіразақұлы!

Университетіміздің ардагерлері,

оқытушы-профессорлар!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Біз бүгін тарихи маңызы бар, ерекше күнде бас қосып отырмыз.

Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы 90 жылдық белесіне қадам басты.

Ресми шара күз айында Мемлекет басшысының қатысуымен өтеді деп жоспарлап отырмыз.

Бүгін мерейтойлық жылдың ресми ашылу салтанатын өз ұжымымызда атап өтпекпіз.

Фараби университетінің 90 жылдығына арналған мерейтойлық жылды ашық деп жариялаймын!

Құтты болсын!

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты мақаласын жариялады. Онда «Еңбек­қор­лық, білімпаздық, кәсібилік, бір­лік, ын­ты­мақ, жанашырлық, іскер­лік, баста­ма­шылдық, адалдық, қарапайым­дылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құн­ды­­лықтар», – деп атап өтті.

Сондай-ақ  «Халқымыздың қуатын арт­ты­рып, табысқа жетелейтін осындай қа­сиеттер мен құндылықтарды жан-жақ­ты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру ар­қылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», – деп баршамызға маңызды міндет жүктеді.

ҚазҰУ ғалымдары жоғары білім мен іргелі ғылым арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға күш салып келеді.

90 жылдық мерейтой аясында да ауқымды жоба-жоспар түзіп отыр. 

Соның ішінде ең үлкен тарту университет ғалымдарының жаңа инновациялық ізденістері мен ғылыми жаңалықтары болмақ.

Сөзіміздің дәлелі ретінде  бүгін химия және химиялық технология факультеті жанынан жаңа ғылыми-өндірістік орталық ашылды. Орталықта машина жасау және құрал жасау қажеттіліктері үшін металл бұйымдары өңделіп, гальваникалық қаптамалар шығарылады. Бұл – тат басудан қорғаудың жаңа әрі тиімді әдісі.

Аэроғарыш өнеркәсібінен электроникаға дейін тұтынуға бағытталған. Сондай-ақ жаңа орталық өндіріс технологі және операторы мамандарын даярлайды.

Алдағы аптада ҚазҰУ-дың ҚХР Үрімші қаласындағы  ғылыми-инновациялық жобаларының көрмесі өтеді.

Өткенде ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасының білім вице-министрі Сун Яо арнайы шақырып кетті.

Көрмеге түрлі саладағы ғалымдарымыз  30 жуық жобаларын алып барады.

Қытайдың бизнес өкілдері мен жоғары оқу орындарының ғылыми орталықтармен екіжақты келісімдер күтілуде.

Бұдан бөлек, университетте робототехника және роботтандыру саласындағы жаңа стартаптарға қолдау көрсететін орталық іске қосылады.

Орталықты Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасы деп атауға болады.

Биыл Қазақстан-Қытай бірлескен қашықтан зондтау технологиялары  ғылыми зертханасын ашу көзделуде.  

Келесі мақсат – Қытай үкіметімен бірлесіп, секундына 110 триллион операцияны (110 Тфл) жүзеге асыратын суперкомпьютер орнату.

Бұл өз кезегінде біздің оқу орнымызға ғана емес, еліміз бойынша деректерді өңдеудің бірыңғай орталығын құруға негіз болады.

Сондай-ақ цифрлық қызметтерді ұсынуға және ғылыми жобалар бойынша жоғары өнімді есептеулер жүргізуге жаңа мүмкіндік береді.

География және табиғатты пайдалану факультетінің ғалымдары биыл Ғылым комитетінен 3,8 млрд теңгенің мегагрантын ұтып алды.

Жоба Батыс Қазақстан өңірінің тіршілік ортасы мен экологиялық факторларына зерттеулер жүргізуге бағытталған.

Кешенді талдау, тұжырымдама жасау, болжамдық бағалау жұмыстарын жүргізу үшін мегагрант аясында жабдықталған 10 зертхана ашылып, университет игілігіне айналмақ.

«Farabi Hub» инновациялық даму және жоғары технологиялық жобалар мен өнімдер орталығын да көп ұзамай іске қосатын боламыз.

2024-2027 жылдар аралығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңі салынады.

Әрқайсысы 1060 орындық, жалпы 3180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысы жүруде.

Бұған қосымша тағы үш жатақхана мен оқу корпустары, спорттық-сауықтыру орталығы, медициналық орталық бой көтереді.

ҚазҰУ футбол стадионы күрделі жөндеуден өтті.

Қазіргі сәтте Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Бұйыртса, осы игіліктердің барлығы орындалып, ҚазҰУ 90 жылдық тойын тың табыстармен атап өтеді деген ойдамын.

Қазіргі сәтте университетте  3354 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде.      

Оның ішінде  ҚР ҰҒА 11 академигі, ҚР Жоғары мектебінің 3 академигі, ҚР Жоғары мектебі Ғылым академиясының ­ 8 академигі, 7 ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі бар.

Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді. 

Биыл 32 оқытушы  «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.

Кез келген университет мәртебесі оқытушы ғалымдардың еңбегімен, түлектерінің сапасымен өлшенеді.

ҚазҰУ түлектерінің арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, қаламгерлер, кәсіпкер-меценаттар, тәжірибелі дипломаттар жеткілікті.

ҚазҰУ-да жылдар бойы қалыптасқан белгілі қайраткер тұлғалардың, мықты оқытушы-профессорларымыздың ғылыми мектептері қалыптасқан.

Университет осы ғылыми мектептерді ары қарай жалғастырып, жаңа бағытта дамыта беретін болады.

Мерейтойлық жыл аясында QS рейтингі өкілдерінің, әлемдік сарапшы-ғалымдардың қатысуымен ауқымды шаралар өткізу көзделуде.

Тарихи-танымдық кітаптар жарық көреді.

Университеттің барлық құрылымдары жыл бойы табысты еңбек етіп, зор жетістікке жетеріне және өскелең ұрпаққа өнегелі тарту жасайтынына сенемін.

Баршаңызды қара шаңырақ университетіміздің мерейтойымен құттықтаймын!