Табиғатты қорғаудың тұрақты даму мақсаттары теңіз экожүйелерінің биологиялық әртүрлілігі

29 қаңтар, 2024

2024 жылдың 16 қаңтарында молекулалық биология және генетика кафедрасында «Балықтарға антибиотиктер жасау үшін бактериофаг эндолизиндерінің құрылысы» атылған ғылыми семинар өтті. Спикерлер: б.ғ,д., профессор Бисенбаев А.Қ., PhD Бакиев С.С. Жүргізуші: аға оқытушы Жусупова А.И. Семинардың мақсаты – студенттерді балықтың бағалы сорттарына антибиотиктер жасау саласындағы соңғы ғылыми әзірлемелермен таныстыру.

Аквакультура жағдайында бекіре тұқымдас балықтарды өсіру ихтиофаунаның биологиялық әртүрлілігін сақтауға ықпал етеді, сонымен қатар балық және балық өнімдерін өндіруге бағытталған. Өсіру жағдайларын оңтайландырудың арқасында бекіре балықтарының масса жинау және жыныстық жетілу кезеңі айтарлықтай қысқарады. Осыған байланысты бекіре тұқымдас балықтар аквакультурасының дамуында айтарлықтай өсу байқалады. Алайда аквакультураның дамуы бактериялық патогендер тудыратын қауіптермен қатар жүреді. Мысалы, Aeromonas және Pseudomonas тұқымдастарының бактериялық патогендері тудыратын аурулар балықтардың 100% өлімімен сипатталады. Қазіргі кезде қолданылатын антибиотиктер мен бактериофагтар бактерияларда антибиотиктерге төзімділік гендерінің болуына және оларда фагтар арқылы инфекциялауға төзімділік механизмдерінің дамуына байланысты тиімсіз болып отыр. Осыған байланысты дәріге төзімді бактериялық патогендермен күресу үшін жаңа шешімдер қажет, ал біздің зерттеуімізде бұл шешім эндолизиндер болып табылады. Эндолизиндер пептидогликан гидролазалық белсенділігімен сипатталады. Эндолизиндердің белсенділігінің арқасында бактерия жасуша қабырғасының пептидогликандық қабаты бұзылып, бактерия өледі.

Эндолизиндердің дәл осы қасиеті зерттеліп, нәтижесінде зерттеуге алынған эндолизин белоктарын ауруға ұшыраған бекіре балықтарын емдеуде бактерияға қарсы дәрі ретінде қолдануға болатыны б.ғ.д., профессор Бисенбаев А.Қ. ғылыми-зерттеу тобының ҚР ҒЖБМ 2021-2023 жж. гранттық қаржыландыру жобасы бойынша зерттеу жұмысында анықталды.