Иштуан Қоңыр Мандокидың 80 жылдығына арналған конференциядағы сөзі

7 февраля, 2024

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Құрметті зиялы қауым, әріптестер, білім алушы жастар!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Түркі әлеміне ортақ тұлға, мажарстандық түркітанушы ғалым, қайраткер Иштуан Қоңыр Мандокидың 80 жылдығы университетіміздің 90 жылдық мерейтойымен орайлас келіп отыр.

Бүгінгі конференция әйгілі ғалымның өмір жолы мен ғылыми мұрасын зерттеуге арналып отыр.

Түркі әлемінде  Қоңыр Мандоки феномені ерекше орын алады.

Ғылыми жетістіктерімен қатар, қайраткер тұлға түркі әлемінің рухани ынтымақтастығына елеулі еңбек сіңірді.

Әйгілі ғалымның шығармашылық лабораториясы мен ғылымдағы бай мұрасы терең зерттеуді қажет етеді.

Тегі қыпшақ мадиярлар – ататегін, түп-тамырын ұмытпай, ата-баба сабақтастығын ғасырдан-ғасырға жалғап келе жатқан бауырлас ел.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның түркі мемлекеттерімен, түркітілдес халықтармен ынтымақтастығына ерекше мән береді.

2023 жылдың 2 қарашасында Мемлекет басшысы Астанада Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанды арнайы қабылдап, «Қазақ пен мажар – ежелден сыйластығы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас.

Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз», – деп атап өткен болатын.

Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан: «Түп-тамырыңды сезіну – нағыз бақыт. Мадиярлар Қазақстанға келген сайын ерекше қуанады. Өйткені біздің тегіміз бір. Соңғы онжылдықта біз ынтымақтастықты дамытуға көп күш жұмсадық. Әр бастама өзінің жемісті нәтижесін көрсетті. Сіздермен бірлесе жұмыс істеу біз үшін үлкен мәртебе», – деп пікір білдірген болатын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мажарстанның жеті университетімен әріптес.

Атап айтқанда: Яноша Кодолани атындағы Қолданбалы ғылымдар университеті және Обуда, Сегед, Батыс Венгрия, Эстерхази Карой, Питер Пазман католиктік және Шопрон университеттерімен ынтымақтастықта жұмыс атқарып келеміз.

Соңғы жылдары академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Мажарстан жоғары оқу орындарында ҚазҰУ-дың 50-ге жуық студенті мен докторанты білім алды.

ҚазҰУ оқытушылары Мажарстан университеттерінде  өткен  конференцияларға, біліктілікті арттыру курстарына қатысуда.

Екі ел ғалымдары бірқатар ортақ ғылыми жобаларды іске асыруда.

Біз Мажарстанның жоғары оқу орындарымен серіктестікті одан әрі дамыта беретін боламыз.

Бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, қос диплом бағдарламасын жетілдіру, ғылым мен инновацияны дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз.

Соңғы жылдары  екі ел арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді.

Бүгінгі халықаралық конференциямыз да осы рухани байланыстарымыздың жемісті нәтижесі.

Қоңыр Мандоки – түркі халықтарының 15 тілін еркін меңгерген полиглот, дарынды ғалым, көрнекті түрколог-зерттеуші болды.

Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық философиясын насихаттады.

Еуропалық қыпшақтанудың негізін қалап, осы салада көшбасшы ғалым атанды.

Иштуан Қоңыр Мандокидың есімі қазақ қоғамына  1970 жылдардан кейін таныла бастады.

Қазақстанға деген ерекше қызығушылығын  ғалым әкесінің аманатымен байланыстырады.

«Сендер – қыпшақсыңдар, сендердің атамекендерің – қазақ жері, осы жерде сендердің бауырларың өмір кешіп жатыр.

Біз қазір Еуропаға араласып, тілімізді де, салтымызды да ұмыттық, бірақ жүрегіміздің түбінде үлкен арман жатыр.

Егер мүмкіншілік болса, балам, ата-бабаларыңның табаны тиген сол өңірді тап.

Сенің тегің – қыпшақ, тамырың – Ұлы далада, қолың жетсе баршамызға арман болған далаға бар.

Ата-баба жұртыңа тағзым ет», – деп әкесі өсиет қалдырған.

Қоңыр Мандокидың өмірі – жас ұрпаққа өнеге, еңбектері  – жас зерттеушілер үшін үлкен қазына.

Адамзат өркениетіндегі түркілер феноменін әлемге паш еткен ғалымның ғылыми мектебін жалғастыру – түркітанушы ғалымдардың алдындағы парыз бен міндет.

Бүгінгі конференцияда жаңа идеялар, тың ұсыныстар, жүйелі жобалар туралы мазмұнды ойлар айтылатынына сенімдімін.

Конференция жұмысына табыс тілеймін!