БҰҰ бас хатшысының орынбасары К.Гайяк ҚазҰУ-да болды
Алматыда айтулы оқиға орын алды. БҰҰ бас хатшысының байланыс және қоғамдық ақпарат бойынша орынбасары Кристина Гайяк әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға келді. Ол оқытушылар мен студенттерге арнап дәріс оқыды, сонымен қатар тұрақты дамудағы университеттердің рөлі туралы дөңгелек үстелге қатысты.
Құрметті қонақ айтып өткендей, оның іс-сапарының басты мақсаты – БҰҰ- ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының тұрақты даму бойынша жаһандық хабын басқаратын және әлемде үздіктердің бірі болып табылатын университеттің қызметімен танысу.
«ҚазҰУ жаһандық мәселелерді шешуге сүбелі үлесін қосып қана қоймай, бейбітшілік, қауіпсіздік және планетамыздың болашағына қатысты өзгерістердің басында тұр. Бұл үрдіске жастардың күннен-күнге көптеп араласуы қуантарлық жай. Бұл жағынан алғанда ҚазҰУ студенттері белсенді және басқаларға өз Отаның ғана емес, бүкіл әлемнің болашағы үшін азаматтық жауапкершілікті сезінудің үлгісін көрсетуде», – деп Кристина Гайяк дәріс барысында айтып өтті.
Сонымен қатар ол университеттің тұрақты даму идеяларын алға жүргізудегі әлемдік академиялық қауымдастықтың локомотиві болып қалыптасқанын, көптеген жоғары халықаралық деңгейдегі шаралардың бастаушысы болғанын атап өтті. ҚазҰУ-дағы кездесу барысында қатысушылар адамзаттың әлемдік мәселелерін шешудегі Қазақстан бастамалары – энергоэкологиялық қауіпсіздіктің ғаламдық стратегиясы, «Green Bridge». «G-Global» және тағы басқа жобалардың жүзеге асу жолдарын, сонымен қатар академиялық ықпал және университетаралық байланыстарды нығайту бағытындағы ортақ тапсырмаларды шешуге бағытталған ағымдағы жылдың «жол картасын» қалыптастыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, 2015 жылдан кейінгі адамзаттың дамуы туралы БҰҰ күн тәртібіндегі мәселелерге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ студенттер құрметті қонаққа өзі жетекшілік ететін байланыс, ақпарат және қоғамдық дипломатия саласындағы өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, ұсыныстарын ортаға салды және пікір алмасты.
Шараға Қазақстанның БҰҰ-дағы алғашқы тұрақты өкілі, арнайы ҚР СІМ-нің арнайы тапсырмалар бойынша Елшісі профессор А. Арыстанбекова, БҰҰ хатшылығының қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі В. Самек, инженерлік білім беру ұйымдарының халықаралық федерациясының экс- президенті Ж. Квадрадо, ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері және басқа да қонақтар қатысты.
ҚазҰУ Орталық Азия ЖОО-лары арасында алғашқы болып «Академиялық ықпал» бағдарламасына қосылды. Бұл бағдарлама адам құқығы, сауаттылық, тұрақты даму, шиеленістерді шешу және қоршаған ортаны қорғауға негізделген БҰҰ-ның әлемдік деңгейде мойындалған он қағидасын қолдауға бағытталған. Жақында Пан Ги Мунның қатысуымен өткен БҰҰ-ның академиялық ықпал бойынша екінші форумында ҚазҰУ ректоры университеттің жаһандық хаб ретіндегі жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Университеттің қызметтік қарқыны БҰҰ-ның бас хатшысы және форум қатысушылары тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Баспасөз қызметі