Студенттердің көзімен: Sakura Science бағдарламасы бойынша Жапонияға саяхат

Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану бөлімінің 2 курс студенттері Рахымжан Малика мен Капенова Дария екеуіміз 2024 жылдың 28 қаңтарынан 3 ақпанға дейін Жапонияның Ғылым жəне Технологиялар Агенттігінің (JST) Sakura Science бағдарламасы аясында Цукуба университетіне барып келдік.
Бұл Жапония университеттерінің ішінде беделді саналатын Цукуба университеті ұйымдастырған Жапонияға алты күндік саяхат болды. Бағдарлама бізге жан-жақты тəжірибе бере отырып, тіл деңгейімізді көтеруге, жапон мəдениетімен жақын танысуға жəне академиялық зерттеулермен айналысуға мүмкіндік берді.
Нарита әуежайына 28 қаңтарда қонғаннан бастап қайтқанға дейін жоспарланған іс-шаралар кестесі мен бағдарламаға жауапты кісілердің ұйымдастастыру шеберлігі бізді таң қалдырды. Бағдарлама жоспары бізге жеке саяхаттауға, түрлі қызықты іс-шараларға қатысуға мүмкіндік берді. Бағдарлама барысында тілдік ортаға енудің арқасында біздің жапон тілі деңгейіміз де айтарлықтай жақсарды.
29 қаңтардағы бағдар беретін ресми жиыннан бастап, барлық дəрістер ағылшын тілінде өткізіліп, мəдениетаралық түсіністікке қолайлы жағдай туғызды. Цукуба университетінің қызметкерлері барлық қатысушыларға үздіксіз тəжірибе беру үшін қолдау көрсете отырып, жоғары кəсіби шеберліктерін көрсетті.
30 қаңтарда Цукубадағы JAXA орталығына барғанымыз бағдарламаның маңызды сəттерінің бірі болды, онда біз аэроғарыштық технологиялар əлеміне тереңірек үңілдік. Келесі күндер Токиодағы Өрт сөндіру бөлімінің Хонджо апаттың алдын алу орталығы, адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянсыз азық-түлік жəне косметикалық өнімдер шығаратын Сарая компаниясы, Охо медицина орталығы, Тойосато оқушыларды тамақтандыру орталығына барумен толықты.
Токиоға барып, əйгілі аудандарды көзбен көріп, Токио метросына мініп, ең көне ғибадатханалардың бірі Сенсоджиге барғанымыз біз үшін тамаша тəжірибе болды.
Əйгілі Шибуя станциясының жанында біз иесіне адал ит ретінде танымал болған Хачиконың мүсінін көріп, тарихқа тағы бір рет үңілдік.
2 ақпанда барлық қатысушылар презентация жасап, бағдарламаны қорытындыладық. Жабылу салтанаты әсерлі өтті. Көзқарасымызды кеңейткен, сондай-ақ жапон мəдениеті мен Жапонияның ғылыми жетістіктеріне деген құрметіміз бен қызығушылығымызды арттырған мазмұны бай саяхатымызды сол күні тәмамдап, Ханеда әуежайынан ұшып кеттік.
Sakura Science бағдарламасы тіл үйренудегі, өзге мəдениетпен жанасудағы жəне академиялық зерттеулердегі баға жетпес тəжірибе ғана емес, сонымен қатар жеке жəне академиялық өсудің бірегей мүмкіндігі болды. Қайтып оралғаннан кейін біз жапонтану бөлімінің студенттеріне презентация жасап, өз тəжірибеміз мен әсерімізді бөлістік.
Жапонтану бөлімінің 2 курс студенттері Капенова Дария, Рахымжан Малика