Төлеген Тәжібаевқа арналған ғылыми-тәжірибелік конференциядағы сөзі

23 февраля, 2024

Құрметті зиялы қауым!

Құрметті әріптестер, білім алушы жастар!

90 жылдық тарихы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Бүгінгі конференция мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, академик Төлеген Тәжібаевтың ғылыми мұрасын зерттеуге арналып отыр.

Төлеген Тәжібайұлының еңбек жолы біздің университетпен тығыз байланысты.

Білім ордасын әр жылдары Иван Лукьянец, Асқар Закарин, Темірбай Дарқанбаев, Өмірбек Жолдас­беков сынды тұлғалар басқарған.

Бұл қатарда академик Төлеген Тәжібаевтың да есімі ерекше аталады.

Төлеген Тәжібаев 1940 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының Педагогика және психология кафедрасында еңбек жолын бастады.

Қазақ КСР-і халық ағарту комиссары болды.

Соғыстан кейінгі жылдары Қазақ КСР сыртқы істер министрі болып, дипломатия саласының дамуына үлес қосты.

1947 жылдан 1953 жылға дейін С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰУ) ректоры қызметін абыроймен атқарды.

Осы кезеңде университетте философия, экономика факультеттері ашылды.

Кешкі және сырттай оқу жүйелері енгізілді.

Шоқан Уәлиханов атындағы  студенттік ғылыми қауымдастық құрылды.

Студенттік көркемөнерпаздар үйірмесі мен спорттық секциялар ашылды.

Университеттік ғылымның дамуына көңіл бөлініп, жұмысқа тәжірибелі мамандар шақырылды.

Одан кейінгі жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР мәдениет министрі лауазымдарын атқарды.

Үндістандағы КСРО елшілігінің кеңесші-өкілі, Қазақ мемлекеттік университетінің Педагогика және психология кафедрасының профессоры әрі меңгерушісі болды.

Қазақ КСР педагогика қоғамының президенті, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі шақырылымында депутат болды.

Төлеген Тәжібаев ғылыми жұмыс пен мемлекеттік қызметті қатар атқарып, еліміздің дамуына үлкен үлес қосты.

Педагогика, психология саласында іргелі зерттеулер жүргізіп, ғылыми ортада жоғары бағасын алды.

«Жалпы психология» атты тұңғыш қазақ оқулығын жазды.

Қазақ тілінде психология ғылымының терминдерін қалыптастыруға елеулі үлес қосты.

Өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып, ізбасар шәкірттер тәрбиеледі.

Төлеген Тәжібаевтың шәкірттерінің бірі – ҚазҰУ ардагері, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Жолмұхан Түрікпенұлы биыл 90-ға келді.

Екі тұлғаның рухани байланысы жөнінде өткен жылы «Ұстаз бен шәкірт» кітабы жарық көріп, тұсауы кесілген болатын.

Бүгінгі жиын қарсаңында академик Төлеген Тәжібайұлының қайраткерлігі мен ғылыми еңбек жолын саралаған «Заңғар тұлға» кітабы жарық көрді.

(Екі кітаптың да құрастырушысы – ҚазҰУ профессоры  Алмасбек Мәуленов).

Университет қайраткер тұлғалар бастаған игі істерді жаңа бағытта жалғастырып келеді. 

Бүгінгі конференцияның мақсаты – Төлеген Тәжібаевтың педагогика, психология саласындағы еңбектеріне жан-жақты талдау жасау.

Т.Тәжібаев тәлімін негізге ала отырып, университеттік ғылымды дамытудың жаңа бағыттарына талдау жасау.

Жиында жаңа идеялар, ұтымды ұсыныстар айтылады деп ойлаймын.

Конференция жұмысына табыс тілеймін.