ҚазҰУ-да «Жібек Жолы түйелері: тұрақты дамудағы камелидтерді зерттеу» атты ІV халықаралық ISOCARD конференциясы өтеді

5 маусым, 2015

8 маусым 2015 жылы cағ. 9:00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да (Ғылыми кітапхана) «Жібек Жолы түйелері: тұрақты дамудағы камелидтерді зерттеу» атты ІV халықаралық ISOCARD конференциясы өтеді. Шара «ISOCARD-Kazakhstan» қоғамдық қорымен бірге ұйымдастырылуда.

Жаһандық климаттың өзгеруі, экологиялық мәселелердің ауқымы мен көлемінің кеңеюі, шөлейттену және жер бетіндегі адам санының өсуі адамзат қоғамының тұрақты дамуы алдына жаңа мәселелер қойып отыр. Бұл мәселелерді шешуде ғылым мен өндірістің рөлі ерекше. Қазақстан ғалымдары, зерттеушілері мен түйе өсірушілері Орталық Азия тарихында тұңғыш рет өтіп отырған конференция жұмысының маңызды бөлігін құрайды. Ол түйелер туралы түрлі ғылым салалары ғалымдарының білімі, тәжірибесі, әдіс-тәсілдері мен зерттеу нәтижелерімен өзара алмасу алаңына айналады. Бұған дейін аталған тақырып бойынша конференциялар БАӘ, Тунис және Оман сұлтанаты сынды елдерде өткен.

Қазақстанның түйе өсіруші елдер арасында ерекше орынға ие екендігі белгілі. Біздің еліміз бір өркешті және екі өркешті, сондай-ақ түйенің осы екі түрі гибридтерін өсіру дәстүрін сақтап қалған. Сондықтан қазақстандық камелид зерттеушілердің тәжірибесі конференция қатысушылары тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Жеті секция бойынша өз баяндамаларын 48 елден 300-ден астам қатысушылар – зерттеу, ғылыми-өндірістік және коммерциялық ұйымдар өкілдері ұсынады. Конференция гуманитарлықтан бастап нақты мамандықтарға дейінгі ғылыми мәселелердің кең ауқымын қамтиды: камелидтер дәстүр мен қазіргі заман арасында: тұрақты дамудағы орны; камелидтер және қоршаған орта: климаттық өзгерістердің әсері; адамзат әл-ауқаты үшін камелидтердің өнімдері және өндірісі: қазіргі жағдайы; түйе малы және денсаулық: аурулар және шешімін қажет ететін сұрақтар; камелидтер биологиясы: қазіргі сұрақтар, озық жауаптар; камелидтердің экономикасы: жергілікті деңгейден халықаралық деңгейге; түйе малының тарихтағы және археологиядағы орны, адамзаттың мәдени мұрасы.

Шараға ФАО (БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы), МЭБ (Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы), Springer баспасы (Германия), «Etad» (Сауд арабиясы), «Tofflon» (Қытай), «Cameliocious» (БАӘ), «Катко» (Франция-Қазақстан) және басқа да әлемге танымал ұйымдар қатысады.

Конференция жұмысы 12 маусымға дейін жалғасады.

Баспасөз қызметі