ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН БИОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИОТЕХНОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ФОРУМЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

29 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Биология және биотехнология факультетінің 90 жылдығына арналған «Биология ғылымдарының тұрақты дамуының қазіргі тенденциялары» халықаралық ғылыми форумы 2024 жылдың 27-28 наурыз аралығында Алматы қаласында өтті. Форум әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Биология және биотехнология факультеті, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы елдерінің ғылыми-техникалық ынтымақтастық комитеті (COMSTECH), Оңтүстіктегі тұрақты дамуы үшін Ғылым және инженерлік Комиссиясы (COMSATS), Әзірбайжан Республикасы Ғылым және Білім Министрлігінің Дендрология институты, Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығы және Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) ТДМ бағдарламалары қолдауымен ұйымдастырылды.

Форумның пленарлық отырысы екі кезеңнен тұрды. Пленарлық отырыстың бірінші бөлімінде Басқарма мүшесі - Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Айтжанова Жамила Нурматовна, COMSTECH бас координаторы, профессор Muhammad Iqbal Choudhary, COMSATS-тың атқарушы директоры, Елші Mohammad Nafees Zakaria, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілі, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек, Әзірбайжан Республикасы Ғылым және Білім Министрлігінің Дендрология институты бас директорының м.а., б.ғ.к., доцент Хасанова Минара Юнис өз құттықтау сөздерін айтты. Содан кейін отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми баяндамалары ұсынылды. Олардың қатарында Назарбаев Университеті жанындағы “Астана” ұлттық зертханасының директоры, профессор Дос Джурмаханбет Сарбасов, Қытай Ғылым академиясының Тяньцзинь Өнеркәсіптік биотехнология институтының (TIB CAS), PhD, профессоры Zhiyong Huang бар.

Форум барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Әзірбайжан Республикасы Ғылым және Білім Министрлігінің Дендрология институты арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат ғылыми зерттеулер, тәжірибе және білім алмасу, сондай-ақ екі тарапты қызықтыратын салаларда бірлескен жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыру саласындағы одан әрі ынтымақтастықтың негіздерін белгілейді.

Биология бойынша халықаралық форумның пленарлық отырысының екінші бөлімі аясында әртүрлі елдердің көрнекті ғалымдары құттықтау сөз сөйлеп, алты ғылыми баяндама жасады. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің деканы,  профессор Құрманбаева Меруерт Сәкенқызы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, профессор Саданов Аманкелді Құрбанұлы, Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының академигі Гүлнара Тоқбергенқызы Ситпаева құттықтау сөз сөйледі.

Сонымен қатар ғылыми баяндамаларды биология және биотехнология саласындағы маңызды зерттеулері бар ғалымдар баяндады. Сөз сөйлегендер: Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Рахметқажы Искендирович Берсімбай, Жапонияның Ұлттық генетика институтының профессоры Saitou Naruya, Қазақстан Республикасы Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының молекулалық генетика зертханасының меңгерушісі, профессор Туруспеков Еран Кеңесбекұлы, Биология институтының жетекшісі, Ғылым және технология факультеті, Дебрецен университеті, Zoltán Barta профессоры, Нигде Омер Халисдемир Университетінің профессоры Sedat Serçe.

Форум барысында биологияның әртүрлі салаларында әртүрлі елдердің ғалымдары мен зерттеушілері білім мен тәжиребе алмасты. Форумның төрт бөлімі пәнаралық зерттеулерді, биотехнологияның өзекті мәселелерін, генетика мен молекулалық биологиядағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді және биоәртүрлілікті зерттеу мен сақтауға қатысты мәселелерді қамтитын көптеген тақырыптарды қамтыды.

Іс-шараға қатысу мақсатында 14 елден, оның ішінде Қазақстан, Германия, Франция, Қытай, Жапония, Венгрия, Түркия, Пәкістан, Малайзия, Нигерия, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, 104 ұйымның (64 университет, 40 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары) 200-ге жуық өтінім алынды. Халықаралық форумның ұйымдастыру комитетіне келіп түскен барлық материалдар плагиат тексеруден өткізілді және сараптамалық рецензиялауға жіберілді. Сараптамалық бағалау нәтижелері бойынша халықаралық деректер базасында индекстелген Bio Web of Conferences (Proceedings) еңбектер жинағында жариялауға 100-ден астам мақала ұсынылды.

Бұл форум қатысушылары талқыланатын мәселелердің маңыздылығын растап қана қоймай, Қазақстанда биология ғылымдарының дамуына қызығушылық танытты. Бұл форум білім алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар ғалымдар халықаралық ғылыми байланыстар орнататын кездесу болды. Мұндай форумдар зерттеу қызметінің көкжиегін кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білім саласындағы халықаралық қатынастарды нығайта отырып, әртүрлі елдер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.