Шерубай Құрманбайұлы

3 сәуір, 2024

Шерубай Құрманбайұлы – тіл маманы, филология ғылымының докторы (1999), профессор (2001), ҚР ҰҒА академигі (2020).

       Еңбек жолы: 1964 жылы Алматы облысында туған. 1991 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың филология факультетін үздік бітіріп, сол жылы ғылымдағы еңбек жолын ҚР ҰҒА Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері болып бастады. 1993-1996 жылдары осы институттың ғалым-хатшысы. 1996-1999 ж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде Қазіргі шығыс тілдер кафедрасының, 1999-2001 жылдары филология факультетінде қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі. 2001-2003 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің басқарма бастығы. 2003-2004 жылдары ҚР Мәдениет министрлігі Тілдерді дамыту департаменті директорының орынбасары. 2005-2006 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары. 2006.06-2007. 02 – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың жалпы тіл білімі және аударма теориясы кафедрасының меңгерушісі. 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, 2008 жылы ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының кеңесшісі, 2009.01-2009.08 – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры тіл құрылымының басшысы. 2009 жылдың 17 тамызынан – 2011 жылдың 10 шілдесіне дейін ҚР БҒМ                                   А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры. Ол А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы 10.02.06 – түркі тілдері және 10.02.02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д.53.38.01 диссертациялық кеңесінің төрағасы. 2011-2013 жылдары ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, төраға орынбасары. 2014.01. – 2016.02. – ҚР Ұлттық Банкі Ұйымдастыру және бақылау департаменті директорының орынбасары. 2016.02.22 – 02.02.2023. «Астана» халықаралық қаржы орталығында департамент директорының орынбасары. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры (қазірге дейін).  Абай атындағы Н.Келімбетов атындағы Түкітану орталығының жетекшісі.

Ғылыми қызметі: 1994 жылы «түркі тілдері – 10.02.06» мамандығы бойынша «Өсімдік мүшелері мен олардың құрылым-құрылысына қатысты терминдер» деген тақырыпта кандидаттық, 1999 жылы 12 наурызда «қазақ тілі» мамандығы бойынша «Қазақ лексикасының терминденуі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 2013 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 2020 жылы ҚР ҰҒА академигі болып сайланды.

      Ш.Құрманбайұлы АҚШ (Нью-Йорк), Германия (Гиссен, Майндағы Франкфурт, Гамбург, Мюнхен), Қытай (Пекин, Үрімжі), Әзірбайжан (Баку), Түркия (Анкара, Стамбұл, Измир, Мармарис, Мугла, Анталия), Өзбекстан (Ташкент, Самарқанд, Хиуа, Бұқара), Ресей (Қазан), Қырғызстан (Бішкек) елдерінде өткен халықаралық ғылыми конференциялар мен форумдарда баяндамалар жасады. Оның тікелей басшылығымен елімізде тіл білімінің көптеген мәселелеріне арналған конференциялар ұйымдастырылып, өзі негізгі баяндамашы болды.

   1998-2014, жылдары ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, хатшысы. 2022-жылдан осы комиссия мүшесі. 2011-2013 жылдары ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының хатшысы. 2002 жылдан ҚР Үкіметі жанындағы Мемтерминком органы «Терминологиялық хабаршы» журналының бас редакторы.

    Ш.Құрманбайұлының ғылыми кеңесшілігімен 1 ғылым докторы, ғылыми жетекшілігімен 8 ғылым кандидаты дайындалды. Негізгі ғылыми еңбектері қазақ тіл білімінің терминология, лексикология, лексикография, терминография, сөз мәдениеті, аударма,  әлеуметтік лингвистика, ономастика, тіл саясаты мәселелерін зерттеуге арналған. Бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының, терминологиялық, екі тілді сөздіктердің, барлығы 500-ден астам еңбектің, соның ішінде 40-қа жуық кітаптың (10 ғылыми монографияның) авторы. Оның ғылыми жетекшілігімен көптеген халықаралық, отандық ғылыми жобарлар орындалды.

     Негізгі ғылыми еңбектері: Қазақ лексикасының терминденуі (монография). –Алматы: «Ғылым», 1998. –208. Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты (монография). –Астана:«Елорда», 2002. –212. Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидаттары (монография). –Алматы,2004. –184. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері. –Алматы, 2005. –240. Терминтану: оқу құралы. – Алматы, 2006. – 244. Терминтанушы құралы (ЖОО-ға арналған оқу құралы). – Алматы, 2007. –208. Алаш және терминтану (XX ғасыр басындағы қазақ терминологиясы. 1910-1930 жылдар): монография.Алматы, 2008. –244. Жаңа атаулар мен жаңа қолданыстар.                   – Алматы, 2012. –288. Қазақ тіліндегі қысқарған сөздер. –Алматы, 2013. –296. Қазақ сөздігі. – Алматы, 2013. –1488. (Авторлардың бірі). Қазақ терминологиясы: зерттеулер, оқулық, сөздік, библиография. –Алматы:«Сардар», 2014. –928+16. Көркем аудармадағы жаңа атаулар: жасалуы мен қолданысы (монография). –Астана: «Фолиант», 2017. –560. Мұқағали тілі сөздігі. –Алматы, 2019. –1064. (Б.Қалиев, Ж.Түймебаев, С.Исақова). БАҚ және сөз мәдениеті. –Алматы, 2020. –116. Сөзтүзер (қате қолданыстар сөздігі). – Нұр-Сұлтан, 2021. –402. Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігі. – Алматы, 2023. – 496. Alaş ve Terminoloji. Kazak Terminolojisinin Gelişimi (1910-1930). – Ankara: Türk Dil Kurumu, 2023. – 304 бет. Türkçe. Монографияны түрік тіліне аударған:  Ercan Petek.

     Отбасы: екі ұл, екі қыздың әкесі. Зайыбы: Әлімбек Гауһар Рысбекқызы, филология ғылымының кандидаты, доцент, ЕҰУ-дың доценті 

     Марапаттары: ҚР ҰҒА-ның «Аса көрнекті зерттеушілер мен талантты жас ғалымдарға» арналған мемлекеттік стипендиясының иегері (1994, 1996). «Құрмет» орденімен (2014), «Парасат» орденімен (2020) және  «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2006), ҚР БҒМ-нің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен (2010), «Астана –10 жыл» (2008), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), ЖОО қауымдастығының «Ахмет Байтұрсынұлы» (2014), «Алаш» (2017), «Ұлт қайраткері»  (2017), «Қазақ хандығына 550 жыл» (2017), ТҮРКСОЙ-дың «Абай-175» (2021), «Мұқағали Мақатаев» (2021), ТҮРКСОЙ-дың «Ахмет Байтұрсынұлы» (2021)  медальдарымен марапатталған.

 

Басқа жаңалықтар