«Әбу Насыр әл-Фараби іліміндегі тіл философиясы мен философия тілі секциясы

5 сәуір, 2024

5 сәуір күні Фараби форумы аясында секциялар бойынша баяндамалар оқылды. Философия және саясаттану факультетінде филос.ғ.д., профессор Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызының модераторлығымен «Әбу Насыр әл-Фараби іліміндегі тіл философиясы мен философия тілі» тақырыбында №2 секция және филол.ғ.к., қауымдастырылған профессор Балтымова Мира Рашидқызының модератор болуымен «әл-Фараби мен түркі ғұламаларының мұрасындағы «кемел адам» тақырыбында №3 секциялары жұмысын жүргізді.

Факультет деканы Мейрбаев Бекжан Бекбаевич секцияға қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі ниетін білдірді.

 

Секция жұмысының басында онлайн форматта қатысқан шетелдік профессорлар сөз сөйледі. Қазан университетінің ғалымдары Мустафина Диля Мустафовна, Лилия Зелимхановна, Муфтахутдинова Диляра Шамилевна Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына жүргізген жан-жақты зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті. Олардың қозғаған тақырыптары әл-Фарабидің музыка саласында алатын орнының шоқтығы биік екенін дәлелдермен көрсетті, одан тыс, қазақ жеріндегі сопылық тариқаттары жайлы сөз қозғады.

Гумилев университетінің профессоры Тулебаева Самал Абайқызы метафизика және басқа да философиялық терминдерге байланысты қызықты баяндама жасады. Әл-Фарабидің негізгі шығармаларының барлығы аударылғанын айтып, ендігі кезекте мәтінмен жұмыс жасаудың маңыздылығымен бөлісті, осылайша, жас зерттеушілерге ұсыныс білдірді.

   

Секцияға қонақ болып қатысқан Бұхараның медициналық университетінің профессоры Шадыманов Курбан Бакытжанович арабтілді мәдениетке тән терминдерді дұрыстап, түпнұсқасынан қолдану қажеттігіне аса мән беріп, қате қолдану көрінісіне мысалдар келтірді. Орыстілді әдебиеттерде мұсылман сопылық бауырластықтарына «орден» сөзі қолданылып жүр, бірақ оның түпнұсқада келгендей, «тариқат» атауы жүруі тиіс. Өзбек философиялық терминологиясының қалыптасу кезеңдеріне қатысты бұған дейін ешбір диссертация қорғалмағанын және бұл мәселе посткеңестік елдердің көбіне тән екенін айтып, зерттеушілердің жаңа буынына зерттеу идеяларын ұсынды.

Оған қоса, экология және әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңесші, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы консультанты Италиядан келген Роберт Болтри қатысты, Орталық Азия елдеріндегі тәжірибесін айтып, Италиядағы діни мәселелерді қозғады, сөз соңында қазақ халқына деген ыстық лебізін білдірді.

Секция қонағы ретінде қатысқан философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Абайұлы еліміздегі діни мәселелер мен әлемдік тәжіриебен мысал келтіріп, магистрант, докторанттарға шығармашылық табыс тіледі.

Одан кейін дінтану, исламтану және мәдениеттану мамандықтарында оқитын магистранттар мен докторанттар жеке зерттеу тақырыптарына байланысты нәтижелерін сараптау мақсатында баяндамаларын қорғады, түрлі ұсыныстар білдірді.

Исламтану магистранттары діни мәтіндерді түсінуде біліктіліктің, арнайы білімнің маңызына тоқталды, қоғамдағы ислам мәселлерінің күрмеуін ислам ілімдеріне терең бойлаған мамандардың ғана бере алатынын зерттеулері негізінде дәйектеді. Сонымен қатар, исламмен байланысты тарихи деректерге талдау жасалды және жаһандану заманында алғы шыққан жаңа мәселелерге ислам призмасы тұрғысынан қаралды.

   

Дінтану магистранттарының көбі миссионерлік қызметтік теориялық және еліміздегі практикалық көріністеріне талдау жасап, Шалқарова Айша дінтану білім беру бағдарламасына «Миссионерлік қызмет» деген жеке пәнді қосуды ұсынды. Ал Тайжанова Гаухар Астана қаласында өткен тағылымдамасының нәтижесімен таныстырып, Қазақстандағы діни ахуалдың жаңа жаңалықтарымен бөлісті. Дінтану магистранттарының ішінде күніміздегі жастар арасында таралған компьютер ойындарында түрлі діндердің пропогандасына анализ жасап, көрнекіліктермен бөлісті.

 

Секция жұмысы докторанттардың баяндамаларын тыңдаумен аяқталды. Атаулы форумдар жас зерттеушілерге көптеген идеямен есте қалды, аудитория ішінде сұрақ-жауап алмасылды, конференцияға қатысу магистрант, докторанттардың жазу шеберлігін арттырудан бөлек, көпшілік алдында ойларын еркін жеткізе білуге жетелейді.

 

№3 секция модераторы: Балтымова М.Р., хатшы: Самет Б., магистрант Елеусызбаева Н.М.