ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ
ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ
Бүгін – елімізде Ғылым қызметкерлерінің күні.
Күнтізбедегі бұл дата кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. Яғни 12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің ғылым саласында жолын қуған ізбасарлары аз емес. Біз ғылымның дамуына зор үлес қосып келе жатқан ғалымдарымызды мақтан тұтамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында ғылым саласында оң өзгерістер орын алып жатыр. Соның бірі 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл отандық ғылымның дамуына үлкен серпін берері сөзсіз.
Құрметті ғалымдар! Ғылым саласының қызметкерлері!
Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!
Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас қуат, ізденіс жолында шабыт және толағай табыстар тілеймін!
Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, педагогика ғылымының кандидаты
ҒЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫ – БІЛІКТІ МАМАНДАР ДАЯРЛАУДЫҢ КЕПІЛІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында отандық ғылымды дамытудың өзекті бағыттарына назар аударды: ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін пайдалану; экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізу, жасанды интеллектіні жедел дамыту, университет ғылымын және инфрақұрылымын дамыту, ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту. Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңін бастан кешуде. Еліміздегі ғылымның ұлттық экономикадағы орны үлкен және оның маңызы арта бермек. Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әлемдік жаhандану кезеңінде ғылымдағы инновация жетістіктері цифрлық технология, жасанды интеллект т.б. еңбек өнімділігі жоғарылап, бәсекелестік артуда.
Үкімет жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеушілік бағытын қолдап, қажетті шаралардың барлығын жасап отыр. Зерттеу университеттері ұлттық экономиканың дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық бола отырып, зерттеулер нәтижелерінің сапасын арттыру арқылы өндіріспен тығыз байланысты орнату қажет. Бүгінгі кезде бәсекеге қабілетті біліктілігі жоғары, сұранысқа ие болатын мамандар даярлау өте маңызды. Мемлекет жоғары оқу орындары инфрақұрылымын жаңарту бағытында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін жаңа ғимараттар, яғни кампустар салынатынын және зертханаларды заманауи құралдармен жабдықтау бағытында қаржы бөлетін болды. ҚазҰУ білім мен ғылымды ұштастыра жүріп, жеткен жетістіктері бойынша әлемдегі үздік 150 жоғары оқу орындары қатарына қосылды. Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыруда және жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу университеттерінде тағылымдамадан өтіп жатыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің құрылғанына 75 жылдығы кезеңінде «Менеджмент» және «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтарының білім алушылары бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие болуда. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру бағытында қарқынды және нақты жұмыстарды жүзеге асыруда.
Менеджмент кафедрасының профессор-оқытушылары ғылыми зерттеулер жобаларына қатысып, жетекші ғылыми басылымдарда зерттеу еңбектерін жариялауда. Сонымен қатар профессор-оқытушылардың халықаралық қауымдастыққа енуіне де үлкен көңіл бөлініп отыр. Алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтармен өзара тәжірибе алмасу, ынтымақтастық үрдістері нығая түсіп, халықаралық білім беру кеңістігі мен ғылыми-зерттеу жобаларында ғалымдарымыздың танымалдығы артуда.
Менеджмент кафедрасының профессор-оқытушы ғалымдары ел Президентінің ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айқындаған ғылымның дамуының басты бағыттарын қолдай отырып, оның табысты жүзеге асуына өз үлесімізді қосамыз.
Оңалбек АБРАЛИЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Менеджмент кафедрасының профессоры, экономика ғылымының докторы
СӘТБАЕВ САЛҒАН САРА ЖОЛ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, осы мерекемен байланысты ғұлама ғалым, заңғар тұлға, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтіп, Сәтбаев салған сара жолды жалғастыру қажет екенін айтты. «Ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек» дей келе, Ахмет Байтұрсынұлының «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» екеніне назар аударды.
Елімізде ғылым саласында жасалған жұмыстарға тоқтала келіп, ел Президенті ғылыми әлеуетімізді нығайту бойынша бес тапсырма берді. Соның ішінде университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару қажет дей келе, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ үшін кампустар салынатынын, ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасы жаңғыртылатынын айтып, университеттердің және зерттеу орталықтарының ескірген зертханаларын біртіндеп қалыпқа келтіру қажеттігіне мән берді.
Сонымен қатар ғылыми атағы бар мамандардың үлесін арттыру, ЖОО ғалымдарының еңбектеріне сілтеме жасау көрсеткішін ұлғайту, бюджет кодексіндегі «грант» ұғымының аясын кеңейту қажеттігіне назар аударды.
Ал ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту мәселесінің өзектілігіне назар аударып, жас ғалымдарды жан-жақты қолдау, ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеуге тапсырма беріп, шетелдік ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақырды.
Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер.
Парламентте талқыланып жатқан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасында ғылымды дамытудың озық механизмдері көрініс табады деп сенеміз.
Мира БАЛТЫМОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті
ИНЖЕНЕРЛІК-ТЕХНИКАЛЫҚ КАДРЛАР ДАЯРЛАУДЫҢ ҰЛТТЫҚ МОДЕЛІ ӘЗІРЛЕНЕДІ
Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында елде соңғы уақыттарда орын алып жатқан табиғи апаттардың себептері мен салдарын Отанымызда ғылымға, оның өткені мен бүгінгі әлеуетіне, инфрақұрылымына қажетті деңгейде назар аудармағанымыз бен қолдау көрсетпегеніміздің айғағы деп көрсетті. Сонымен қатар отандық ғылымды дамытуға байланысты бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, орындалуға тиіс міндеттерді айқындады. Бастысы – ғылымның техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруінен болатын қауіптердің алдын алу, салдарымен күресудің ғылыми-тәжірибелік дәйектемелерін, әлеуетін барынша пайдалану маңызды деп санайды.
Президент университеттердегі кадр тапшылығы, ғылыми жұмыстардың сапасыздығы, өндіріс орындарымен тұрақты байланыстың жолға қойылмағанын жеткізді.Үкіметке ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізу, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдарын экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлау ісіне жұмылдыру, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылданғанын және Сейсмология институтының ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты үкіметке нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырғанын айтты.
Тағы бір мәселе – жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік бар. Мықты университеттер Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкелетінін айтты. Қорытындылай келгенде, ел басшысы қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатқанын атап өтіп, түйткіл мәселелер шешімін тауып, ғылымның дамуына зор серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ сөзінің соңын «ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады» деп түйіндеді.
Ілияс ҚҰЛИЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті
ҒЫЛЫМ ДАМУЫ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ
Қазіргі уақыттағы әлемде табиғи апаттардың орын алуы, жаһандық климаттың өзгеру жағдайлары, жер сілкінісі, су тасқыны еліміз үшін үлкен зардаптар мен шығындарға әкелді. Президентіміздің тікелей тапсырмасымен мемлекеттік деңгейде билік құрылымдарымен қажетті қалыпқа келтіру іс-шаралары жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар халықтың қолдауымен елімізде белсенді азаматтардың көмек іс-шаралары да ұйымдастырылуда. Еліміздің алдында азаматтарымыздың амандығы, әл-ауқат, тұрмыстық жағдайларын қалыпқа келтіруге қолдау жасау маңыздылығы артып отыр.
Табиғатта орын алатын осындай төтенше жағдайларда апаттың алдын алу, себеп-салдарын айқындау, болжау, тиімді іс-шараларды ұйымдастыруда ғылыми зерттеу орындарының, тәжірибелі ғалымдардың рөлі өте маңызды. Президентіміздің: «Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек», – деген пікірімен толық келісемін.
Ғылым саласын дамыту – ғалымдардың жалақысын жеткілікті деңгейде көтеру, ғылыми зерттеу орталықтарының жұмыстарын қаржыландыру, ғылымға жастардың қызығушылығы мен ынтасының артуын мемлекеттік қолдаумен және жастардың білім деңгейінің бәсекеге қабілетті болу әлеуетімен тікелей байланысты болады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің өркендеп дамуында ғылымның ел игілігі үшін қызмет етуіне басты назар аудара отырып, ғалымдарға, сарапшыларға, ел экономикасына жаңашылдық әкелетін мамандарға зор үміт артатындығын атап өтті.
Әлемде ғылыми технологияның қарқынды дамуы, жасанды интеллект дамыту преспективасы қоғамының барлық саласына еніп, адамдардың тұрмыс тіршілігіне әсер етіп отыр. Сондықтан елімізде осы саланы дамыту мен игеру, халық игілігі үшін пайдалану маңызды бастама болатыны айқын.
Елімізде ғылым саласын дамытуда жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту, ғылыми зерттеуге қажетті құрал-жабдықтарды толықтыру және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған мүмкіндіктерді арттыру, ғылыми кадрлардың сапасына көңіл бөлу маңызды бастама екеніне толық қосыламын.
Елімізге ғылым саласына шетелден білікті мамандар мен ғалымдарды тартумен қатар, жас мамандарымызды шетелде тәжірибе алмасуына, білімдерін жетілдіруіне мүмкіндіктерді жетілдіру де маңызды.
Дархан МАМЫТҚАНОВ,
философия және саясаттану факультеті
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы
с.ғ.к., аға оқытушы
ҒЫЛЫМНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН АЙҚЫН КӨРСЕТТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысындағы сөйлеген сөзінде еліміздің ғалымдарын 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күнімен және осы күнмен тұспа-тұс келген қазақ елінің мақтанышы – академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуын ерекше атап өтті. Еліміздегі алғашқы Ғылым академиясын ұйымдастырып, индустрияландыру жылдарында маңызды еңбектер жазған академик Қ.Сәтбаевтың салған ғылым жолы әркез өзектілігімен ерекшеленіп, маңыздылығы қазіргі кезде арта түсуде. Академик Қ.Сәтбаевтың: «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады», – деген сөздері ғылымның ерекше сипатын ашқандай.
Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы ең өзекті мәселелерді нақты айқындап атап көрсетті: 1) ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды; 2) ғылым экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізуге тиіс; 3) жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет; 4) университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару қажет; 5) ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту мәселесі өте өзекті.
География және табиғатты пайдалану факультеті ұжымының профессор-оқытушылары және факультет түлектерін негізгі жұмыспен қамтамасыз ететін География және су қауіпсіздігі институты ғалымдарының Мемлекет басшысы айқындаған өзекті мәселелерді жүзеге асыруға мол мүмкіндігі бар. Себебі гидрология, климатология, география, гляциология т.б. салаларының кәсіби ғалым-мамандары шоғырланып, аталған институт пен факультеттің ғылыми зертханалары озық заманауи құралдармен жабдықталған. Биік таулы ландшафттардың құрамдас бөлігі саналатын мұздықтарды зерттеу де География және су қауіпсіздігі институтының еншісінде. Институт ғалымдары гляциология проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, халықаралық деңгейде сәтті ғылыми жұмыстарды нәтижелі атқаруда.
Сонымен қатар факультет ұсынған бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейлеріндегі оқу бағдарламалары қажетті кәсіби біліктілігі жоғары гидролог, климатолог, географ мамандарды даярлауға бағытталып, Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының ғылыми және қолданбалы дамуын айқындайды.
Өкетай САҒЫМБАЙ,
География, жерге орналастыру
және кадастр кафедрасының аға оқытушысы
ЖАС ТАЛАНТТЫ ҒАЛЫМДАРДЫ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті. Ғылым күніне орай өткен басқосуда ғылымға қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамыту мен алдағы уақытта атқарылуы тиіс міндеттерге ерекше тоқталды.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау мен климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдаланудың маңызын айтты. Осы бағыттағы жұмыс сапасының төмендігі мамандар мен ғалымдардың тапшылығымен байланысты екенін атап өтті. Осы сала бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер», «Гидрология», «Экология», «Метеорология» мамандықтары болашақ мамандар мен ғылыми қызметкерлер дайындап келеді. Алайда осы мамандықтарда оқитын студенттердің санын арттыру қажет-ақ. Алдағы уақыттарда аталған сала мамандарын даярлауда университет ғалымдары мен оқытушыларға артылар жүк те аз емес. Университеттің білікті ғалымдары мен оқытушылары бұл істе аянып қалмасы анық.
Президент ғылым мен жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету мақсатында 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орнының базасында академиялық басымдық орталықтарын құруды тапсырғаны туралы еске салып, осы бағытта үкімет жоғары оқу орындарының зерттеушілік негізде жұмыс атқаруын, осыған сай пәрменді механизмдер әзірлеудің қажеттігін атап өтті. Бұл мәселенің маңызын өмірдің өзі дәлелдеп отыр, сондықтан ос ымәселе іске асса нәтиже мол боларына сенім зор.
Басқосуда ғылымды дамытуға бөлінетін грант мәселесі де назардан тыс қалмады. Ғалымдардың гранттық негізде шетелдік тағылымдамадан өтуіне, білім алуына барынша жағдай жасалуы қажет. Осымен байланысты «Жас ғалым» бағдарламасы да сөз болды. Әрине, бағдарламаның қажеттілігін де, тиімділігін де көріп отырмыз. Ендігі кезекте бағдарламаны барынша мемлекет деңгейінде дамыту мен жас талантты ғалымдарды қолдау қажет.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев магистратура мен докторантура бағдарламасы бойынша грантты арттыру, өндірістік компаниялармен бірлесе отырып «индустриалды PhD» даярлау мен қолданысқа енгізу, еліміздің жетекші оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдарын экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен мамандар даярлау ісіне жедел жұмылдыру қажеттігін атап өтті, әсіресе инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеу, әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау жөнінде тапсырма берді. Бұл айтылғандарды іске асыру арқылы зор ілгерілеуге қол жеткізуге болады.
Құралай МҰХАМАДИ,
А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі
кафедрасының қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымының кандидаты
ҒЫЛЫМ МЫҚТЫ БОЛСА, МЕМЛЕКЕТ ТЕ ҚУАТТЫ БОЛАДЫ
Ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келген Ғылым қызметкерлері күні мерекесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті. Аталмыш кеңес барысында ел болашағы үшін маңызды мәселелер көтеріліп, талқыға салынды.
Президентіміз өзі атап өткендей, тәуелсіз еліміз Қазақстанда ғылымға жете мән берілмегендіктен, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алғанымыз өкінішті. Ғылымның жеткілікті деңгейде жүзеге аспауы, ғалымдардың тартылмауының салдарын ел өңірлерінде орын алған төтенше жағдай – су тасқынынан көрініп жатқаны белгілі.
Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отырыс барысында елде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отырғанына назар аударып, отандық ғылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерді. Осы тұрғыда отырыс барысында Президент ең алдымен алдағы уақытта атқарылуға тиіс төмендегідей салмақты мәселелерді сөз ете отырып, арнайы міндеттер тарсырды:
- Төтенше жағдайдың алдын алу ісіндегі олқылықтар. Бұған себеп – білікті мамандардың тапшылығы және ғылыми жұмыстардың сапасыздығы. Осы олқылықтарды реттеу үшін алдымен оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау арқылы Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру.
- Сейсмология институтының ғылыми әлеуетін арттыру, сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту, сондай-ақ Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізу.
- Университеттердегі кадр тапшылығы, ғылыми жұмыстардың сапасыздығы.
- Елдегі ЖОО арасында өңірлік теңсіздік. Өңірлердегі кадр тапшылығына жол бермеу мақсатында жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін академиялық басымдық орталықтарын құру.
- Елдегі ғылымның кадрлық әлеуетін күшейту туралы сөз қозғай отырып, жас ғалымдарды жан-жақты қолдау.
- Магистратура және докторантура бағдарламасына арналған гранттың құнын арттыру, ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізу.
- Өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу.
Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Ел басшысы Қ.Ж.Тоқаев көтерген міндеттер жүйелі орындалып, іске асатын болса, дамыған ғылымы мен қуатты мемлекеті бар, бірлігі мығым елге айналарымыз сөзсіз. Сондықтан елді дамыту үшін алдымен ғылымды қолға алу өте маңызды әрі салмақты іс. Қазақ ғылымы жасасын!
Дариға КӨКЕЕВА,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі
ҒЫЛЫМИ КАПИТАЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ САЯСАТЫНА АЙНАЛМАҚ
Мемлекет басшысының Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде маңызды бес фокус аталды.
Әрбір фокус қоғамның күретамырының тынысын кеңейтетін жол ғылымнан ізделуінде.
Бірінші фокус: Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану. Бұл орайда, ғылыми дерекқорларына осы саладағы ең озық зерттеулер, іргелі және қолданбалы нәтижелерге мониторинг жүргізу, нәтижесінде тиімді шешу мехнизмдерін жасау қажет.
БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климат саммитінде климаттың өзгеруіне қарсы күресуде қазақстандық ғалымдардың ортақ шешімдеріне, зерттеу нәижежелеріне жетуде мұндай зерттеулер мақсатты болмақ.
Екінші фокус: Ғылым экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізуге тиіс. Еліміздегі ғылыми экономикасы дамуында бірнеше стратегияны атап өтсек. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге инвестиция (мұнай сервисі мен мұнай химиясы). Технологиялық парктер мен кластерлер құру, тұрақты даму бағытында қызметін белсендіру. Өнеркәсіптегі инновацияны ынталандыру (Қарапайым заттар туралы ғылым). Білім беру жүйесі мен ғылым кадрларын даярлауды дамыту (Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институты). Ғылыми әзірлемелердің технологиялық трансфері мен коммерцияландыруын әрекеттестіру (Қазақстан экономикасын декарбонизациялау). Бастысы: инновациялық климат пен құқықтық реттеуді жақсарту (жаңартылатын энергия көздері саласында).
Үшінші фокус: Жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет. Біздің өмірімізге батыл енген жасанды интеллект бар сферада әрекетте. Бұл салада кейбір қадамдарды жылдам қолға алу қажеттігі туып отыр. Олар: зерттеу мен білім беру саласына инвестиция. Инновациялар мен стараптарды ынталандыру. Кадрларды оқыту мен даярлау. Жасанды интеллект экожүйесін құру. Стандарттау мен құқықтық реттеу (Artificial Intelligence Act). Қоғамдық қызметте жасанды интеллект қолдану. Бұл Қазақстандағы жасанды интеллект қолданысының аясын кеңейтеді және жаңа әзірлмелер даярлауға мүмкіндік береді.
Төртінші фокус. Университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару қажет. Мемлекет басшысы «Ғылыми зерттеуге қажетті құрал-жабдық алуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған қаржы еш кедергісіз бөлінуі керек» деп мәселені орынды көтерді. Сондай-ақ, жаңартылатын инфрақұрылымның эпицентрі ретінде аталған: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін жаңа ғимараттар, яғни кампус салынады». Университет кампусы құрылысының жаңа кезеңіне серпін береді.
Сондай-ақ елде клиникалық зерттеулер хабын құру – постпандемия кезеңіндегі елдің денсаулығын қорғау ісінде ең басты инвестиция болмақ.
Бесінші фокус: Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту мәселесі өте өзекті. Президенттің ғылымдағы «Адам капиталы» жайлы өркениетті пікірін толық қолдаймын. Ғылым адамы – елдегі орын алып жатқан табиға апаттармен күрестен бастап, олардың алдын алуда ақыл-ойдың кеніші, шешім мен әрекеттің энегриясы саналады.
Президенттің сөзінде ерекше бағыт аталды. Ол «индустриалды PhD» даярлау туралы. Бұл салада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары бірлесе жаңа бағдарлама ұсынары сөзсіз. Қоғамның күретамырының тынысын кеңейтетін ғылым жолы осы болмақ.
Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА,
профессор
МЕМЛЕКЕТТІҢ КҮШІ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІМЕН ӨЛШЕНЕДІ
Неміс философы Фридрих Гегель: «Дилетанттар, олар – ғылымда жүрген туристер»,- деген екен. Иә, ондыққа дәл тиген сөз. Ғылыми әлеуеті күшті, онда ашылған әрбір жаңалық өндіріске ешқандай бюрократиалық кедергісіз енетін ел ғана шикізат құлдығынан құтылып, өркениет көшінен қалмайды.
Ғылым күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп, түйткілді мәселелер сөз болды.
«Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау керек. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырдым. Сондай-ақ сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалы ұсыныстар әзірленуге тиіс. Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі», – деді Мемлекет басшысы.
Соңғы жылдар бедерінде елімізде орын алған табиғи және өндірістік апаттар мәселенің күрделене түскенін, оны шешуде ғылыми ортаның потенциалын арттырып, қаржылай және материалдық тұрғыдан қолдауды еселеп, әлемдік стандарттарға жақындауымыз керектігін көрсетті. Ел Президентінің осы тұрғыдағы барлық бастамалырын қызу қолдаймыз.
Әр істе сәттілік серігіміз болсын!
Бекжан ӘШІРБАЕВ,
журналистика факультетінің аға оқытушысы
ГРАНТТЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ҮШТЕН БІРІ ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА ТИЕСІЛІ
Ғылымның түрлі салаларындағы мамандардың тапшылығын қазіргі таңда елімізде де, әлемде де болып жатқан оқиғалардан көріп отырмыз. Ғылымды дамыту үшін әуелі ғалымға жағдай жасау керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге ерекше назар аударып, университет ғылымы мен ғылыми инфрақұрылым саласында қордаланған мәселелерді шұғыл шешуді тапсырды. Бұл бағытта отандық ғалымдардың ұсыныс-пікірін ескеру керектігін айтып өтті.
Үкімет жоғары оқу орындарының зерттеу әлеуетін арттыру үшін бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жүйесін жолға қоюға тиіс. Тағы бір өзекті мәселе – ғылым саласындағы білікті кадр тапшылығын шешу, отандық ғылымның әлеуетін көтеру. Бұл үшін ең әуелі жас ғалымдарға барынша жағдай жасалғаны жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «қазір жас ғалымдардың заманы туды» деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда гранттық жобалардың үштен бірі жас ғалымдарға тиесілі, Президент грант санын арттыруды тапсырды. Бұған қоса, жас мамандарды дайындау үшін үкіметке магистратура мен докторантура бағдарламаларына арналған грант құнын арттыруға тапсырма берді. Кеңесте айтылған шетелдік ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды елге қайтару туралы ұсынысты қолдайтынын жеткізді. Мемлекет елге оралып, ұлтқа қызмет ету мақсатында зерттеу жүргізуге дайын ғалымдарға қажетті қаржылық-ұйымдастырушылық көмек беруге дайын. Мемлекет басшысы озық ойлы ғалымдарды тарту бағытындағы әлемдік тәжірибені терең зерттеп, кәсібилігі жоғары шетелдік мамандарды ел игілігіне жұмыс істетудің барлық мүмкіндігін қарастыру жағына тоқталды.
Шынында да, отандық ғылымның әлеуетін көтеретін кез келді. Ғалымдар да ел сенімін ақтайды деп сенеміз.
Тиыштық Хакимова,
Компьютерлік ғылымдар кафедрасының доценті
ЕЛДІ ӨРКЕНДЕТУ – ОРТАҚ МІНДЕТ
Президент елдегі білім мен ғылымға сәйкес көптеген ауқымды мәселелердің бетпердесін ашып, оған қолдаулар мен жаңарулар ұсынды.
Алдымен барша қазақстандық ғалымдарды Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Бұл мерекелік күн – қоғамымыздағы ерекше сәт, себебі бұл күн ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Өйткені дәл бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Біз ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды деп тоқталды Президентіміз.
Сондай-ақ өзінің тапсырмасымен көптеген іс-шаралар өткізілгенін, ұлы ғалымға шынайы құрмет көрсететінін, білім-ғылым культін қалыптастыру жолында маңызды қадам жасайтынын айтты.
Мемлекеттік мәртебесін қайта иеленген Ұлттық ғылым академиясы еліміз ғана емес, бүкіл әлемнің ғылыми қауымдастығы мақтан тұтатын Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты деп тағы тоқталды.
Одан әрі жиынға қатысушыларға ең алдымен еліміздегі қазіргі ахуалға қысқаша тоқталып өтті, аймақтарда сексен жыл болмаған жойқын су тасқыны болып жатыр. Қазір үкімет барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдап жатыр. Тиісті тапсырмаларды беріп, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық.
Қырық мың ғалым 90-жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек. Түптеп келгенде, Қазақстанды өркендеген елге айналдыру – бәрімізге ортақ міндет.
Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек. Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті. Соңғы жылдары ғылым саласын дамыту үшін біршама жұмыс атқарылды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекет алдағы уақытта да білікті маман даярлауда ғылым мен білімге қаражаттың көлемін көбейтетінін мәлімдеді.
Дамира ЮСАЕВА,
Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының аға оқытушысы
ҒЫЛЫМЫ МЫҚТЫ ЕЛДІҢ ЭКОНОМИКАСЫ ДАМИДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында: «Мен ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүрмін. Әрине, ғылымды бір күнде немесе бір жылда дамытып жіберу мүмкін емес. Ұзақ уақыт табанды жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. Қырық мың ғалым 90-жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек», – деді.
Ел Президентінің ғылым жайлы айтқандары өте дұрыс. Ғылымы дамыған елдер ғылымы дамымаған елдерге қашанда ықпал етеді. Ел болып қалуымыз үшін бірінші кезекте барынша қолға алатын мәселеміз осы ғылым саласы болып тұр. Сонда ғана экономикамыз және т.б. салалар да дамиды деген ойдамын.
Ержан ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
журналистика факультетінің аға оқытушысы
ҒЫЛЫМЫ ДАМЫҒАН ЕЛ ОЗАДЫ
Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп, түйткілді мәселелер сөз болды. «Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау керек. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырдым. Сондай-ақ сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалы ұсыныстар әзірленуге тиіс. Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі», – деді Мемлекет басшысы.
Ел Президентінің бұл бастамаларын қолдаймын. Ғылымға жете көңіл бөлу қажеттігіне көз жетті. Әйтпесе дамымақ тұрмақ, кері кететініміздің куәсі болдық. Ғылыми әлеуетті ілгерілету – уақыт талабы.
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Баспагерлік-редакторлық және дизайн өнері кафедрасының аға оқытушысы
ОЗҒАНДАРҒА ЖЕТУ КЕРЕК
12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орай, Астана қаласында өткен Жас ғалымдар саммитіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолдауымен қатысып келдім. «Жас ғалымдардың тәжірибесі: мүмкіндіктері мен болашағы» атты панельдік сессиясында жас ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісті. Ғылым комитетінің, «Ғылым» қорының және Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының өкілдері қатысты. Сонымен қатар шарада Жас ғалымдар кеңесінің жаңа құрамы жарияланады. Шараның жалғасы 25-26 сәуірде Түркістан қаласында өтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзі қазіргі ғылымның жай-күйін нақты сипаттап берді. «Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек. Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті», – деген сөздері көкейге қонымды. Ғылымды дамыту – осы салада жүрген әрқайсымыздың міндетіміз.
Айгерім ӘЛІМЖАНОВА,
ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының аға оқытушысы