Ақын, әдебиеттанушы, лингвист, КСРО және Қазақстанның қоғам және саяси қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Омарович Сулейменов туралы көп айтуға болады. Оның тұлғасы – біздің ұлтымыздың мақтанышы. Ол ХХ ғасырдағы Қазақстан мәдениетін жоғары деңгейге көтерген тұңғыш кеңес ақындарының бірі, өз халқының нағыз жаңашыры, КСРО Ленин комсомолы сыйлығының, ҚазКСР Мемлекеттік және бірнеше халықаралық сыйлықтардың лауреаты.
Олжас Омарович 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласындағы Қазақ кавалериялық («Қазполк») офицерінің отбасында дүниеге келген. Болашақ жазушының әкесі Омар Сулейменов 1936 жылдың мамырында ұлы дүниеге келгеннен кейін бірден қуғын-сүргінге ұшырады. Қазполк сол жылдың маусым айында таратылып, командалық құрам қамауға алынып, қатардағы сарбаздар демобилизацияланды. Бір жыл бұрын басқа республикаларда да ұлттық әскери бөлімдер осылай таратылған болатын. О.Сүлейменовтің айтуынша, бұндай әскери бөлімдер ұлттық зиялы қауымның жаппай қырылуына кедергі келтіруі мүмкін болғандықтан, оларды тарату 1937 жылға дайындық болды.
Фатима Сулейменова 1943 жылы журналист Абдуали Карагуловты кездестіріп, ол Олжастың екінші әкесі атанды. О.Сулейменов 1954 жылы Мәншүк Мәметова атындағы №28 Алматы ерлер мектебін бітіріп, С.М. Киров атындағы ҚазМУ геология-география факультетіне оқуға түсті.
Ол әдеби шығармашылыққа студенттік жылдары қызығушылық таныта бастады. Төртінші курсты аяқтағаннан кейін ол емтихандарды сәтті тапсырып, М.Горький атындағы Мәскеу Әдебиет институтына өтініш берді. Содан соң, Мәскеудің Бутырский фермасындағы Литинститут жатақханасына көшуге тура келді. Және де Мәскеуге көшу туралы мәселе туындады. ҚазМУ ректораты сырттай бөлімге ауыспай геофакта оқуын жалғастыруға рұқсат берді. Осылайша, О.Сулейменов 1958-1959 оқу жылында Литинституттың бірінші курсын, ал соңғысын ҚазМУ-дағы геофакта аяқтады.
1959 жылдың жазында «Механика образования соляных куполов Эмбенской нефтеносной структуры» атты дипломдық жұмысын сәтті қорғап, зерттеу жұмысында карниздер астында мұнай жиналатындығы, яғни жер үсті жыныстарының қабаттарында тұзды штоктардың қалыптасатындығы жайында теорияға қарсы шықты. Дипломдық ғылыми жетекшісі профессор П.Я. Ардов ғылымда қалыптасқан осы көзқарастарды қолдағанына қарамастан, ғылыми жұмыс қабылданып және О.Сүлейменов Мұнай және газ кен орындарының барлау инженері дипломын алды.
Көптеген жылдар өткен соң, ол геологиялық журналдан Оңтүстік Америкадағы кен орындарындағы тұз күмбездерін зерттеген екі американдық геологтың жаңалығы туралы оқиды. Олар күмбездер мен карниздердің пайда болу механизмін Олжас Сүлейменов өзінің дипломында дәлелдегендей етіп түсіндіреді. Бұл жаңалық барлауды едәуір жеңілдете түскен. Сол себепті, аталған жаңалық Олжас Омаровичтің академиялық ғылыммен алғашқы қақтығысы және ғылымдағы лайықты жеңісі болып есептелді.
Сол жылдың жаз айында (1959 ж.) «алпысыншы жылдардағы» ақындар ұрпағының мұғалімі, көрнекті орыс ақыны Леонид Мартыновтың «В добрый путь!» атты алғы сөзімен басталған Олжас Омаровичтің үлкен өлеңдер жинағы «Литературная газета» атты газетінде жарық көрді. Осылайша, осыдан 50 жыл бұрын жас Олжас Сулейменовтің өмірінде жаңа кезең – геофакты аяқтау және үлкен әдеби жолдың басталуы орын алды.
Ұлы ақынның жолы оңай емес, тар жол тайғақ кешуден тұрады.
1961 жылдың басында О.Сулейменов қызу қандылығы үшін Әдебиет институтынан шеттетілді. Кейін Олжас Омарович бұл жағдайға қатысты есіне алған кезде, олардың өз сенімдері үшін күрескендіктерін айтты. Содан соң, Алматыға оралып, журналистік тәжірибеге кірісуге тура келді. Осыған орай, ол «Казахстанская правда» ақпараттық бөлімінде өз қызметін атқара бастады. 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуымен байланысты, «У-2» ұшақтары арқылы О. Сүлейменовтің «Земля, поклонись человеку!» өлеңі жазылған парақшалары қала үстінен жер бетіне таратылды. Бір аптадан кейін осы атаумен поэма жарық көрді. Мамыр айында автор оны Мәскеуде, содан кейін маусым айында Нью-Йорктегі Колумбия университетінде, содан кейін Париж Сорбоннасында оқып, ол жақтан «Солнечные ночи», «Ночь-парижанка» өлеңдер жинағын алып келді.
Әдеби шығармашылық жылдарында оннан астам өлеңдер жинағы мен поэмалар, және де «АЗ и Я», «Язык письма», «Тюрьки в до ситории» атты әдебиеттану және лингвистикалық кітаптары жарық көрді. Толық метражды фильмдерге арналған бірнеше сценарийлер жазылды. Сонымен қатар, көптеген газет, журналдарда мақалалары мен шығармашылық баяндамалары, 8 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
Олжас Омарович қоғамдық жұмыстарға және кәсіби-ұйымдастырушылық қызметке көп уақыт бөлген. Ол «Қазақфильмнің» штаттық сценаристі, сценарий-редакциялық алқасының бас редакторы, ҚазКСР Кинематографистер одағының бірінші хатшысы және КСРО СК Басқарма хатшысы , ҚазКСР Госкино төрағасы (соңғы мерзім бойынша: 1963-1984 жж. аралығы) жұмыстарын атқарды.
Сонымен қатар, «Простор» журналының бөлім меңгерушісі, ҚазКСР Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, ҚазКСР БК бірінші хатшысы және КСРО БК басқармасының хатшысы (1962-1991 жж.), Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақстандық комитеттің төрағасы, Азия және Африка елдерімен байланыс жөніндегі кеңес комитеті төрағасының орынбасары (1972-1991 жж.) қызметтерін атқарды.
Жоғарыда аталған Комитеттер отарсыздандыру кезеңін бастан өткерген елдердің ұлт-азаттық күресінде маңызды рөл атқарды. Бұл қозғалыстардың жетекшілері көбінесе жазушылар болды. О.Сүлейменов аталған кезеңде Азия мен Африканың көптеген елдеріне іссапарға жіберілді.
1976-1983 жж. аралығында О.Сулейменов геноцид актілерін айыптау жөніндегі Халықаралық Трибуналдың мүшесі болды.
О.Сулейменов 1976-1991 жж. аралығында Қазақстан КП ОК мүшелігіне кандидат және мүшесі, 1980-1985 жж. аралығында ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі және депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1984-1989 жж.), КСРО Халық депутаты және КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі (1989-1991 жылдың желтоқсанына дейін), КСРО Конституциясының жаңа нұсқасын жазу үшін КСРО Халық депутаттарының I съезі сайлаған Конституциялық комиссияның мүшесі (мамыр, 1989 – желтоқсан, 1991 ж.), Халықаралық Ленин премиясын беру комитетінің мүшесі (1980-1991 жж.) болды.
1990 ж. Халықаралық Лениндік бейбітшілік премиясы Нельсон Манделаға берілді. О. Сулейменовке Манделамен кездесіп, оны хабардар етіп, Мәскеудегі марапаттауға шақыру тапсырылды. Кездесулер лауреаттың Англияда және Оңтүстік Африкада босатылғанынан кейін өтті.
О.Сулейменов 1991 ж. КСРО Сыртқы істер министрлігінің алқа мүшесі атанды. Ядролық қарусыздану мәселелеріне жетекшілік етті. Вьетнам әскерлерінің шектеулі контингентін Камбоджадан шығару туралы КСРО Жоғарғы Кеңесінің арнайы өкілі (қараша, 1989 ж.) қызметін атқарды.
Сондай-ақ, ол «Қазақстанның Халық Конгресі» партиясының төрағасы (1991-1995), Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Депутаты (1994-1995), «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының (Хад) президенті (1989 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін) болды.
1996 ж. Олжас Омарович Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесін алды.
1995-2002 жж. аралығында ҚР-ның Италия, Греция мен Мальтадағы елшісі болып, 2002 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның Тұрақты Өкілі атанды.
О.Сулейменов кеңес заманында «Құрмет Белгісі», Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы ордендерімен, Қазақстан Республикасындағы-I дәрежелі «Барыс» (2001), «Отан» (2006) ордендерімн марапатталған.
Сонымен қатар, «Князя Ярослава Мудрого» (Украина), «Дружба» (Россия), «За заслуги» (Ингушетия), «Шукрат» (Азербайджан), «Рыцарь литературы и искусства» (Франция) атты халықаралық марапаттарға ие.
Олжас Омарович қазіргі уақытта да нағыз шығармашылық тұлғаға ғана тән белсенді және динамикалық адам екенін көрсететін күш пен энергияға толы.