ШАЛҒЫМБАЕВ СЕРІКБОЛ ТІЛЕУЛЕСҰЛЫ
«Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК ғалымдарының құрамында «Елдің инновациялық дамуына айтарлықтай үлес қосқан және Қазақстанның әлемдік технологиялар нарығындағы беделін көтерген қорғасын мен алтын металлургиясы саласындағы елеулі әзірлемелерді өнеркәсіпте жүзеге асырған» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2015ж.), ҚР ҰҒА құрметті академигі, химия ғылымдарының кандидаты, доцент, 200-ден астам жарияланымның, оның ішінде екі монография мен 7 патенттің авторы.
Серікбол Тілеулесұлы Шалғымбаев 1953 жылы 26 тамызда Талдықорған (қазіргі Жетісу) облысы Бөрлітөбе ауданының Лепсы станциясында дүниеге келген. Ол ата-анасынан ерте айырылды: алты жасында анасы, ал тоғыз жасында әкесі қайтыс болды. Оны және оның төрт әпкесін үлкен әпкесі Бикен Тілеулесқызы тәрбиеледі.
1970 жылы Серікбол Лепсы станциясының № 255 орта мектебін бітіріп, алғаш рет Алматы қаласына С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың химия факультетіне оқуға түсуге келді (қазір – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ). Бірақ ол конкурстан өтпей қалды да, Лепсі метиз зауытына (сол кездегі Қазақстандағы жалғыз шеге шығаратын зауыт) алдымен жүк тиеуші, содан кейін құрылыс бригадасына жұмысқа орналасты. Бір жылдан кейін ҚазМУ-ға қайта келді. Химиядан алғашқы емтиханды «бестікке» тапсырды. Қабылдау емтиханын еңбегі сіңген педагог – Сәтбек Туғанбекұлы Омаров қабылдады. Ол талапкерді химфактың аты аңызға айналған деканы Батырбек Ахметұлы Бірімжановқа жетектеп әкеліп: «Бұл жас жігіт тамаша дайындалған екен. Ендігі шешім Сізден» - деді. Декан жазба жұмысын қарап шығып, бірнеше сұрақтар қойып, талапкерге: «Егер қалған емтихандарды тапсырсаң, қабылданатын боласың» - деді. Қалған емтихандарды да С. Шалғымбаев сәтті тапсырып, өту балын еркін жинап алды. Осылайша ол С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың химия факультетінің студенті болды.
Бұл 1971 жыл болатын. Ең тамаша студенттік жылдар басталды.
Бірінші курста есте ерекше қалғаны, ең алдымен, топ кураторы Мұқан Байпақбайұлы Мұратбеков – тамаша дәріскер және педагог ретінде. Ол таныс білім болып көрінетін бейорганикалық химияны жаңаша түрде жеткізді, бұл студенттерді қызықтырды. Дәріс кезінде оның алдында қысқаша жазбалары бар бір ғана парақ жататын. Барлық статистика, тұрақтылар, анықтамалық сандар оның басында болды және оларды жадынан алып тақтаға жазатын. Ол дәрістерді өте қызықты, түсінікті әрі ынталы оқығаны соншалықты, оны студенттер өте мұқият тыңдайтын. Және бұл әрқашан солай болды. Сол кездегі бірінші курс студенттері үшін ол университет оқытушысының ең жақсы бейнесі болды. Куратор ретінде де, ол топпен бірге «өмір сүрді», барлық іс-шаралар мен түрлі істерде үнемі бірге болатын және әр студент үшін алаңдайтын еді.
Екінші курста аналитикалық химияны көрнекті оқытушы және ғалым Александра Ивановна Зебрева оқыды. Осы уақытқа дейін оқылған кітаптардан қалыптасқан нағыз ғалым туралы Серікболдың ой-пікіріне Александра Ивановнаның бейнесі толықтай сәйкес келді. Атақты профессор Зебрева, академик Козловскийдің шәкірті (көрнекті химик ғалымдардың плеядасының өкілі) тек дәрістер оқып қана қоймай, семинарлар мен зертханалық сабақтарды да өзі өткізді. Ол студенттермен мәдениетті әрі сыпайы болатын, әрқашан студенттерге «сіз» дейтін, сондықтан оның алдында емтиханға дайындықсыз бару ұят болатын. Барлық студенттер осы тамаша қарым-қатынасты бұзбау үшін оның сабақтарына дайындықсыз бармауға тырасытын. Ол өзінің білімін ғана емес, сонымен бірге жүрегі мен жанының толқындарын да студенттерге жеткізетін. Олар оның жұмысқа да, адамдарға да мінсіз көзқарасты керемет адами қасиеттерін қабылдауға тырысты. Серікбол өзінің бойындағы көптеген жақсы қасиеттерін Александра Ивановнадан алғанын нық сеніммен айтады. Осы қасиеттер Серілболдың кейіннен аналитикалық химия кафедрасына жіберуді сұрауының негізі болды, сол кафедрада ол курстық және дипломдық жұмыстарын қорғады. Кафедрада оны ғылымдағы және өмірдегі ұстазы Михаил Қасымұлы Наурызбаев қамқорлығына алды. Серікбол студенттік жылдары да, мектептегі сияқты комсомолда және студенттік кәсіподақ комитетінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, № 3 жатақхананың студенттік кеңесінің төрағасы болды. Белсенді қоғамдық жұмысы үшін ынталандыру ретінде ескі кеңестік төлқұжаттарды жаңасына айырбастау кезінде лайықты деп танылған үздік белсенділер қатарына ұсынылуы оның көкірегіне мақтаныш сезімін ұялатты. 1976 жылы дипломдық жұмысты сәтті қорғады (ерекше белгіге). Ғылыми жетекшілері М.К. Наурызбаев пен Д.К. Мендалиева оған кафедрада қалуды ұсынды.
Серікбол 1976 жылдан 1987 жылдарда университетте инженер, стажер-зерттеуші, аналитикалық химия кафедрасының аға инженері, содан кейін ҚазМУ-дың тәжірибелік-эксперименттік өндірісі бар Арнайы конструкторлық бюроның гальваникалық жабындар және баспа платалары секторының меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1987 жылдан 1989 жылға дейін Алматы қалалық комсомол комитеті жанындағы «Отырар» жастар тұрғын үй кешенінде («Отырар» КЖК) (бөлім бастығы, атқару комитеті төрағасының орынбасары, «Отырар» КЖК Кеңесі атқару комитеті төрағасының м.а.) жұмыс істеді.
1989-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің орталық аппаратында әртүрлі лауазымдарда жұмыс атқарды: Ғылыми-зерттеу жұмыстары бас басқармасының бас сарапшысы, Жоғары білім және ғылым бас басқармасының бас маманы, министрдің көмекшісі, Іс басқармасының бастығы, Талдамалау және ұйымдастыру-кадрлық қамтамасыз ету басқармасының бастығы, Министрлік алқасының мүшесі.
1999 жылдан 2001 жылға дейін Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Алматы филиалының директоры болды.
2001 жылы өзі білім алған университетіне оралып, 2008 жылдың мамыр айына дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жалпы және өндірістік-шаруашылық мәселелер жөніндегі проректоры қызметін атқарды.
2008 жылғы қыркүйектен бастап ҚР Білім министрлігі Ұлттық білім академиясының президенті Т.О. Балықбаевтың шақыруымен (кейіннен- Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры) Астана қаласында Ұлттық білім академиясының Білім стандарттары ғылыми-зерттеу институтының директоры болып жұмыс істеді.
2010 жылы «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және біліктілік беру Республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры болып тағайындалды.
2013 жылғы ақпанда С.Т. Шалғымбаев «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК филиалы «Қазмеханобр» мемлекеттік өркәсіптік экология ғылыми-өндірістік бірлестігінің» («Қазмеханобр» МӨЭҒӨБ) директоры лауазымына тағайындалды. 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін С.Т. Шалғымбаевтың басшылығымен «Қазмеханобр» МӨЭҒӨБ-де ҚР тау-кен металлургиясы саласы кәсіпорындары мен шет елдердің мүдделері үшін көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл қызметтің ең көрнекті нәтижесінің жарқын мысалы «ФИК Алел» АҚ-да (Шығыс Қазақстан облысы) берік көміртекті-мышьякты өнімдерден алтын алудың бірегей инновациялық технологиясын – HiTeCC (High Temperature Caustic Conditioning) енгізу болып табылады. HiTeCC технологиясы –бұрын үйіндіге жіберілген сорбциялық шаймалау (CIL) қалдықтарын жоғары температуралы сілтілі өңдеу. HiTeCC ыстық циандау цехы Қазақстанда бірінші, ал әлемде екінші болып табылады (біріншісі Австралияда салынған).
Байыту фабрикаларының кәсіпорындары мен цехтары, оның ішінде Қазақстанда (Астана қ.) тұңғыш рет экологиялық таза электрохимиялық технологиясы бар «Тау-Кен Алтын» ЖШС мемлекеттік аффинаж зауытының жобасы жасалып, онан соң ірге тасы қаланып іске қосылды.
Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда…