«Қазақстан және Орталық Азия: тарих, саясат, қоғам» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзі

3 апреля, 2024

Құрметті университетіміздің қонақтары!

Құрметті әріптестер, білім алушы жастар!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Сіздерді университетімізде  Камал Низамұлы Бұрхановтың 70 жасқа толу құрметіне орай, еске алу мақсатында ұйымдастырылып отырған «Қазақстан және Орталық Азия: тарих, саясат, қоғам» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі еңбек сіңіріп, университет ғылымының дамуына үлес қосқан тұлғаларын мақтан тұтады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Камал Низамұлы Бұрханов осындай тұлғалардың бірі болды.

Камал Низамұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1979-2002 жылдар аралығында қызмет етіп, табанды ізденістерінің арқасында ғылым баспалдақтарынан сатылай жоғарылап, ассистенттен факультет деканы қызметіне дейін көтерілді. Университетіміздің тарих, философия және саясаттану факультеттерінде декан болды.

Камал Бұрханов өз естеліктерінде: «Менің барлық өмір жолым ең алдымен Қазақ ұлттық университетімен, оның ішінде тарих факультетімен тікелей байланысты. Ондағы барлық әріптестерім маған туған бауырымдай көрінеді», – деп тебіренген.

Қазақстан археологиясының ұлттық мектебін қалыптастырушылардың бірі, «Алтын адамды» тапқан Кемел Ақышев, ғалым-археолог, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Карл Байпақов, қоғам қайраткерлері Алексей Васильевич Соловьев, Матипулла Салахитдинович Аженовтер Камал Низамұлының ғалым, мемлекет қайраткері ретінде қалыптасуына өз үлестерін қосты.

Камал Низамұлы университет қабырғасында өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып, шәкірт тәрбиеледі.

Камал Низамұлының Отанымызға танымал шәкірттері арасында қоғам қайраткері, саясаттанушы, ғалым,  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңестің төрағасы, терроризм жөніндегі белгілі маман, «Жусан» операциясына қатысушылардың бірі Ерлан Қарин, Қазақстанның мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі Константин Жигалов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының директоры,  елші Алексей Волков, Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Әбсуейітов, мемлекет қайраткері, Қазақстанның бірнеше елдердегі елшісі, 2016-18 жылдардағы Қазақстанның сыртқы істер министрі,  2020 жылдан ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов, продюсер, тележүргізуші және актер, «Kazteleproduct» кинокомпаниясының негізін қалаушы, «Республика» партиясының тең төрағасы  Нұрлан Қоянбаев бар.

2004-12 жылдар аралығында Камал Низамұлы мемлекетттік қызметте – ҚР Президенті Әкімшілігінде бас эксперт, IV-V шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комите­тінің мүшесі болды. Парламент мінбесінен халықтың мәселелерін көтеріп, қоғам игілігіне бағытталған реформаларды іске асыруға атсалысты.

Камал Низамұлы қандай қызметте болса да, ғылыми-зерттеу жұмыстарынан қол үзген жоқ. Ғалым ретінде республиканың геосаяси жағдайын ескере отырып, Қазақстанның ең жақын көршілері мен стратегиялық серіктестері – Орталық Азия, Ресей және Қытайға ғылыми зерттеуінде басымдық берді. Осы бағыт аясында Камал Низамұлы Ресей және Қытайды зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институтын ашуға бастамашы болып, 2002-04 жылдар аралығында аталмыш институттың жетекшісі болды. Институт Ресей мен Қытайдың әлеуметтік-экономикалық, саяси-демографиялық дамуын зерттеді. Камал Низамұлы осы институттағы эксперттік-сараптамалық қызметке еліміздің дарынды, жас және болашағы зор саясаттанушыларын тартты.

Орталық Азия аймағының  алдында тұрған күрделі мәселелер мен міндеттер  Камал Низамұлының монографиялары мен мақалаларында көрініс тапты. 2000 жылы жарық көрген  «Орталық Азиядағы экстремизм» монографиясы мамандардың бағасы бойынша осы уақытқа дейін үздік еңбектер қатарынан орын алады.

Камал Низамұлы төрт жылдан бері арамызда жоқ, бірақ оның мектебі, шәкірттері, ізбасарлары, кәсіби дамуына үлкен ықпал еткен әріптестері бізбен бірге. Ең бастысы, зайыбы Мұхамеджанова Мағрипа Ғафурқызымен бірге тәрбиелеген, қазіргі таңда саясаттанушы ғалымдар ретінде өздерін көрсеткен, әкенің лайықты ізбасарлары – Бұрханов Әзиз және Бұрханова Дана ортамызда отыр.

Мемлекет дамуына үлкен үлес қосып, ғылымда өзіндік із қалдырған қайраткер ғалымның өмірлік ұстанымы кейінгі жас буынға үлгі-өнеге. Бүгінгі конференция соның дәлелі деп есептеймін.

Конференция жұмысына табыс тілеймін!