Лондондық профессор тұрақты даму туралы дәріс оқыды
Лондон университеттік колледжінің профессоры Тристан МакКоуэн ҚазҰУ-да тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға арналған дәріс оқыды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты ҚазҰУ-дың профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттары үшін БҰҰ күн тәртібінің тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы жоғары оқу орындарының рөлі туралы көпшілік дәріс ұйымдастырды.
Дәрісте университеттердің дамудың негізгі элементі ретіндегі рөліне баса назар аударылды. Профессор Тристан МакКоуэн олардың білім беру, ғылыми зерттеулер және халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесу арқылы қоғам мен экосфераға әсер етуінің маңыздылығын атап өтті.
Дәріс барысында БҰҰ күн тәртібіндегі 17 ТДМ имплементациялау тұрғысынан жоғары оқу орындары қызметінің даму үрдістері мен ерекшеліктері талқыланды. Лондон университеттік колледжінің мысалында БҰҰ-ның 2024 жылға арналған күн тәртібіндегі 17 ТДМ-ға қол жеткізу мақсаттары шеңберіндегі міндеттемелерге ерекше назар аударылды. Дәріскер әрбір студенттің оқуға және тұрақтылыққа қатысуға мүмкіндігі бар екенін тілге тиек етті. ТДМ-ға назар аудара отырып, ғылыми зерттеулерді жандандыру, 2030 жылға қарай ЖОО-да толық көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, кампус аумағында биоәртүрлілігі бар жасыл аймағы бар экокампус құру, қалдықтарды 20 пайызға қысқарту қажет екенін атап өтті.
Айта кету керек, Лондон университеттік колледжі халықаралық QS WUR рейтингінде 9-шы және ТНЕ-де 22-орында тұрған әлемдегі жетекші оқу орындарының бірі болып табылады.
Дәріс қорытындысы бойынша ашық талқылау сессиясы өткізілді, оның барысында профессор МакКоуэн ҚазҰУ-ды GCRF Climate-U жобасының серіктестер желісіне қосу туралы ұсыныс жасады, бұл университеттің климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі жаһандық күш-жігерге қосқан үлесін нығайта алады.
Өз кезегінде Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Жансая Исаева ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді және университеттерді өзгермелі климатқа бейімдеу және оның жағымсыз салдарымен күресу шараларын жүзеге асыруға уәде беретін жобаға университетті біріктіру бойынша жұмысты бастау ниетін растады.
GCRF Climate-U халықаралық жобасы (Өзгермелі климат үшін университеттердің трансформациясы) климаттық дағдарыстың салдарын азайтуға бағытталған. Жоба Бразилия, Фиджи, Кения, Үндістан және Ұлыбритания сияқты жеті елдегі университеттерді климаттың өзгеруіне қарсы жергілікті бастамалармен жұмыс жасауда белсенді қолдайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі