Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қызмет атқарғаныма 40 жыл болды. Осы уақыт ішінде жүріп өткен жолым дәл осы білім ордасында өткендіктен, университеттің даму белесін өзімнің өмірлік жолыммен салыстыра отырып, шолу жасауды жөн көрдім.
Еңбек жолымды С.Киров атындағы ҚазМУ қабырғасында бастадым. Бұл 1984 жыл болатын. Ол кездегі университет қандай еді!? Ең алдымен Қазақ еліндегі алғашқы және бар болғаны екі-ақ университеттің бірі еді. ҚазМУ-дың химия факультетін сол жылдары т.ғ.д., профессор Михаил Наурызбаев басқарды. Факультеттің бес қабатты корпусының әр қабатында он шақты ғылыми лаборатория болатын. Онда кемінде 4-5 аспирант тағылымдамадан өтуші еді. Факультетте химия ғылымын меңгеруге ұмтылып жүрген 1000-ға тарта ғалым-ұстаздар, жас мамандар болатын. Бұл кезде елімізге ғана емес, аты әлемге тараған белгілі ғалымдардың, атап айтқанда: Б.Бірімжанов, Қ.Жұбанов, А.Зебрева, Е.Сперанская, Х.Оспанов, А.Сармұрзина, Г.Ксандопуло, В.Захаров, М.Наурызбаев, Н.Нұрахметов, М.Танашева, Г.Қуанышева, Е.Ерғожин, З.Мансұров, Р.Ерқасов және тағы басқа көптеген химик-ұстаздарымыздың ғылыми мектептері қарқынды дамығанын білеміз. Бұл ғылыми мектептердің әрқайсысы жылына бірнеше жас ғалымның кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғатып, жалпы университеттің ғылыми кадрларды даярлауына зор үлес қосты.
Осы кездері факультет тек ғылымды дамытып қана қоймай, сонымен қатар химик-маманның моделі, бакалавр, магистр-химиктердің үлгілік оқу жоспары мен мемлекеттік стандарттарын жасап, сондай-ақ заман талабына сай химиялық, криминалистикалық және экологиялық сараптама сияқты жаңа мамандықтар ашып, жоғары білімнің дамуына да айтарлықтай үлес қосты.
Бұл кезеңде ҚазМУ, шынында да, ғылым мен білімнің қара шаңырағы болды. Өйткені еліміздің басқа қалалары мен облыс орталықтарының ЖОО-ларынан жас мамандар осы ҚазМУ-ға ғана бас тіреп, тек осы жерден өз білімін шыңдай алатын. Химия факультетіндегі 11 кафедраның әрқайсысында үкіметтің тікелей қаржыландыруымен ғылыми-зерттеу лабораторияларының (ҒЗЛ) қызмет жасап және іргелі әрі қолданбалы ғылым саласы бойынша көптеген ғылыми жобаларды іске асырып жатқан кезі. «Ғылыми жобаларды қаржыландыруда мәселе туындауы мүмкін» немесе «жобаны орындау үшін қажетті реактив не болмаса қондырғылар болмай қалуы ықтимал» деген мәселе мүлде туындамайтын. Бастысы – ғалымдар күнде жұмысына уақтылы келіп, өз жоспарын орындаса болды. Жүйелі жолға қойылған жұмыс жүріп жататын уақыт еді. Бір факультеттің өзі үлкен бір институтқа татитын ғылыми жұмыстар атқаратын. Осы тұста мен де сондай ҒЗЛ-дың инженер қызметкері ретінде үкімет тарапынан жіберген ғылыми жобаларды және түрлі өндіріс орындарынан шаруашылық келісімшарттар негізінде келіп түсетін тапсырыстар бойынша ғылыми жобаларды орындауға қатысып, өз тәжірибемді шыңдадым. Бұл маған өте үлкен ғылыми мектеп әрі болашаққа берілген жолдама болды және ғылымға жасаған алғашқы қадамым еді. Факультетте апта сайын ғылыми семинарлар өтіп, әр аспирант немесе тағылымдамадан өтуші белгіленген жоспар бойынша өзінің алған нәтижелерін баяндап, ашық талқыға салатын. Қатысушылар сұрақ қойып, орындалып жатқан ғылыми жұмыстың артықшылығы мен кемшін тұстарына қатты көңіл бөлуші еді. Осылайша ҚазМУ ғалымдары қазақстандық химия ғылымының негізін қалыптастыруға және оны одан әрі дамытуға, жастарды ғылымға баулуға зор үлес қосты.
Тоқсаныншы жылдардан бастап жалпы елге, оның ішінде білім мен ғылым саласына үлкен сынақтардың басталғаны белгілі. Сол уақытта көптеген ғалымдар ғылымды тастап, қызметін де, мамандығын да ауыстырып кеткендері тарихтан белгілі. Алайда химик-ғалымдар өз жұмыстарын шама-шарқынша жалғастыруға ұмтылды. Химия факультетіндегі ғылыми лабораториялар негізінде 90-жылдардың басында ғылыми-зерттеу институттары ашылып, химия ғылымының даму қарқыны одан әрі өспесе, ешбір кемімеді деуге болады. Оның бір дәлелі ретінде дәл осы тұста профессор Михаил Наурызбаевтың бастамасымен Физика-химиялық талдау әдістерінің орталығы ашылып, онда жас мамандар жұмысқа тартылып, үлкен ғылыми жобалар іске асырыла бастады. Әрине, бастапқыда бұл орталықтың ашылуына, оның одан әрі аяғынан тік тұрып кетуіне күмәнмен қарағандар да болды. Алайда орталық жұмысы жылдан-жылға жандана түсті, бүгінгі күні орталық ҚазҰУ-дың ғылымы бойынша қомақты нәтиже көрсетіп отыр. Соңғы кезде орталық ғалымдарының мақалалары әлемдік деңгейде үлкен беделге ие журналдарда жариялануда. Бұл химик-ғалымдардың өз ісіне адалдығы, шын берілгені мен нағыз табандылығы десек артық емес.
ҚазҰУ-да ғылыми мектептерді сақтап қалу мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып, университет қазақстандық ЖОО-ның алды болып докторантура, постдокторантура бағдарламаларын іске қосты. Бұл қазақстандық жас ғалымдар қатарын арттыруға едәуір үлес қосқанын білеміз. Кейінірек бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар да іске қосылып, соңғы кездері қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Тоқсаныншы жылдардың аяғына қарай ғылым мен білім саласында Қазақстан өзінің егемен ел тарихындағы алғашқы қадамын жасай отырып, жастарды ғылымға тарту жұмыстарын қолға алғаны белгілі. Бұл аралықта ҚазМУ-ға шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби атының және көп ұзамай ұлттық статустың берілуі университет ұжымы алдына жаңа әрі үлкен міндеттер қойды. Заман талабына сай цифрландыру жұмыстарына алғашқы қадамдары жасалды. Р.Шуман университеті (Страсбург қ., Франция), Дармштадт қаласының техникалық жоғары оқу орны (Германия) мен ҚазҰУ мамандарының Еуропалық «Әл-Фараби – НОВА» атты бірлескен жобасы іске асырылды. Соның нәтижесінде заманауи желілік бағдарламалық технологиялар негізінде университеттің оқу процесі мен қаржы-шаруашылық қызметін басқарудың бағдарламалық кешендерінің базалық жүйесі әзірленіп, іске қосылды және университеттің бірыңғай компьютерлік желісінің ядросы құрылды. Бұл оқу үдерісіне үлкен серпіліс берді, алғаш рет талшықты интернет желісі қосылып, оқытудың жаңа технологиялары енгізіліп, білім алушылардың білім деңгейін бағалайтын жаңа баллдық-рейтингтік бағалау жүйесі қалыптасты. «Университеттің оқу процесін басқару» желілік бағдарламалық кешені құрылып, ол «Талапкер», «Деканат», «Студенттік бөлім», «Тестілеу», «Ректорат» сияқты ішкі жүйелерді құрады. Бұл цифрландыру бағытындағы тек университетте ғана емес, жалпы Қазақстан мен Орталық Азия бойынша жасалған алғашқы әрі сәтті қадам еді.
Осы уақыт аралығында нарықтық экономика талабына сай ақылы бөлімдер ашылып, университетте білім алушылардың саны бірнеше есе өсті. Бұған дейін ҚазМУ-да тек жүзден озған ғана оқуға түсе алса, яғни оқуға түсу мүмкіндігі көптеген жастарға арман болса, енді бар жиған-тергенін салса да, ақылы бөлімге оқуға түсуге, әсіресе сол кезде үлкен сұранысқа ие болған заңгер, экономист мамандықтарына әркімнің де түсу мүмкіндігі пайда болды. Осылайша білім алушылар санының күрт артуы орын алып, студенттердің білім деңгейін қорытынды бақылаудың жаңа түрлеріне деген сұраныстың пайда болуына әкеліп, ауызша емтихандардың орнына тестілік, кейінірек жазбаша және комбинирленген бақылау түрлері енгізілді. Бұл бағытта да университет ұжымы үлкен жұмыстар атқарды, 2008 жылға қарай емтихандар түгел, яғни 100 пайыз тестілік түрде өткізілетін болды. Мұндай үдерістер жалпы ел деңгейінде де, яғни барлық ЖОО-ларда жаппай орын алғаны белгілі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздің білім мен ғылым саласындағы флагманы ретінде ЖОО-ның ең алғашқыларының бірі болып Болон процесіне қосылды.
Халықаралық сапа стандарттары тек оқыту жүйесіне ғана емес, сонымен қатар ЖОО-ның жалпы қызмет бағыттарына да халықаралық ISO 9000-2000, 9000-2008, 9000-2015 сапа стандарттары енгізіле бастағанын айтуға болады. Бұл тұста ұжым барлық қызмет бағыттары бойынша үдерістерді аталған халықаралық стандарттар талабына сәйкестендіру бойынша үлкен жұмыс атқарып, университетте сапа менеджменті жүйесі іске қосылды.
Мұндай үрдіс өз кезегінде Қазақстандағы жоғары білім саласының екі сатылы білім беру жүйесіне ауысып, бакалавриат пен магистратура деңгейлері болып бөліну қажеттігін тудырды. Бұл ғылыми кадрларды даярлаудың да бұрынғы жүйесіне деген қажеттіліктің жойылуына әкелді.
ҚазҰУ-да ғылыми мектептерді сақтап қалу мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып, университет қазақстандық ЖОО-ның алды болып докторантура, постдокторантура бағдарламаларын іске қосты. Бұл қазақстандық жас ғалымдар қатарын арттыруға едәуір үлес қосқанын білеміз. Кейінірек бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар да іске қосылып, соңғы кездері қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
2014 жылдардан бастап қазақстандық ЖОО тарихында халықаралық рейтингтер додасына қатысу бойынша да үлкен науқанды жұмыстар орын алып, оның бүгінгі күнге дейін еліміздің 21 университеті қатысуымен жалғасып келе жатқанын білеміз. Жалпы, рейтинг туралы айтсақ, бұл әлем бойынша кең орын алған үлкен үрдіс. Бұл кез келген ЖОО-ның назарын аударып, қызығушылық тудыратыны айдан анық. Алайда бұл тек университеттің ғана емес, тіпті әр оқытушы-профессордың, жалпы ұжым тарапынан көптеген іс-шаралардың атқарылуын, жүйелі әрі табанды жұмыс пен қаржылық қолдауды, яғни үлкен қаражатты, сонымен қатар үлкен жауапкершілікті де қажет ететін іс.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да осы аталған іс-шаралардың бастама алып, олардың іске асуына өз үлесімді бір адамдай қоса алғанымды мақтанышпен айтсам оның еш сөкеттігі жоқ шығар. Бұл белесті үлкен ұжыммен бірге бағындыра отырып, өзім де ғалым ретінде өстім. Бұған менің университет қабырғасында білім алып, ғылыммен айналысып, қатардағы инженерден бастап, ғылым докторына дейін өсуім дәлел бола алатынына сенімдімін. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың 90 жылдығы бәрімізге құтты болсын!
Гүлшарат МИНАЖЕВА,
пед.ғ.докторы, қауымдастырылған профессор