Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан майданға 1 млн 200 мың, еңбек армиясына 700 мыңнан аса адам аттандырды. Майданға аттанғандардың тең жартысы қаза тауып, қайта оралмады. Бұл соғыста қазақтар арасынан майталман майдангерлер шығып, Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың арасынан тәуелсіздік алғанда №1 Халық қаһарманы атағын иеленіп, егемен еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі болған, биыл 100 жасқа толған Сағадат Нұрмағамбетов есімі ерекше құрметпен аталады.
Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Қосым деген ауылда дүниеге келді. Батырдың балалық шағы бақытты болды деп айта алмаймыз. Ол өмірге келерден бір ай бұрын әкесі Қожахмет өмірден өтеді. Анасы Айсаға осы қайғы қаншалықты ауыр болса да, қиындыққа мойымай, екі баласын бетінен қақпай өсірді. Алайда ағасы екеуі ержетіп келе жатқан шақта анасы дүние салды. Онда бала Сағадат жеті жасқа енді толған еді. Ата-анадан ерте айырылған оған жалғыз ағасы Сағит қамқор болды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға алдымен ағасы Сағит аттанды. Новгород түбінде болған ұрыста Сағиттың қайтыс болғаны туралы ауылға қаралы қағаз келді. Жалғыз бауырынан айырылған Сағадат қатты күйзелді. Ағасы үшін кек алмаққа Сағадат майданға асықты. Кешікпей шақырту да алды, бірақ оны бірден майданға емес, әскери училищеге баратындар қатарына қосты. 1942 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, Түрікменстанның алдымен Байрамәлі, сосын Кушка қаласына көшірілген 1-ші Түркістан пулеметшілер училищесіне жіберілді. Сағадат училищеде әскери оқуға бел шеше кірісіп, білікті де талапты командирлерден жақсы тәлім алды.
Мерзімінен бұрын әскери училищені аяқтап, офицер погонын таққан Сағадат енді тікелей батыстағы майдан шебіне аттанды. Бұларды 9-шы Қызылтулы атқыштар корпусының штабына әкелді. Мұнда оларды 157-ші жеке атқыштар бригадасының құрамына бөлді. 157-ші жеке атқыштар бригадасының штаб бастығы, подполковник М.И.Сафонов 19 жастағы лейтенантты Кубанда үлкен калибрлі пулеметтер взводының командирі етіп тағайындады. Сағадат әскери мансабын пулеметшілер взводының командирі болып бастады. Сағадат алғаш кездесуде бұл байырғы әскери командирмен іштей табысып, өзіне ұстаз тұтты. Бұл достығы генерал-майор шенінде отставкаға шыққан М.Сафоновпен кейінгі жылдарға дейін жалғасты.
Құрамында Сағадат соғысқан Солтүстік-Кавказ майданы қолбасшылығының шешімімен 301-ші атқыштар дивизиясы жасақталып, оның командирі генерал-майор В.Антонов тағайындалды. Дивизия 1050, 1052, 1054-ші атқыштар полктарынан құралды. Сағадат соғыстың аяғына дейін 1052-ші атқыштар полкының құрамында соғысты.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр шайқастарында офицер С.Нұрмағамбетов Краснодар өлкесін, Украина, Молдова, Батыс Белоруссия, Польшаны азат етуге қатысты. Польшаны азат ету 1944 жылдың шілде-тамызында басталды. 5 миллионнан астам адам фашистік құлдықтан құтқарылды. Неміс-фашистік басқыншылар Польшада бес жыл бойы зұлымдық жасады. 1945 жылы 27 ақпанда «Польша аумағындағы Виборов деревнясы ауданында жаудың қатты бекінген қорғанысын бұзып өту кезінде қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындаған ерлігі үшін» КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығымен С.Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1945 жылы сәуір айының басында Берлин операциясы басталды. Берлин үшін қанды қырғынның ортасында С.Нұрмағамбетов және оның батальоны шайқасты. Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны гитлерлік рейх кеңсесінің ғимаратын басып алуға қатысты.
1945 жылы 24 сәуірде майор Нұрмағамбетовтің батальоны жаудың табанды қарсылығын бұзып, Берлинге кірді. Батальонды шебер басқара отырып, танкіге қарсы ататын гранатометшілер мен пулеметшілердің үлкен топтарымен қиын көше ұрыстарында 450-ден астам фашисті жойып, 1560-тан астам фашисті тұтқынға алып, тоғыз бекіністің көзін жойды. Бұл шайқаста майор Нұрмағамбетов жараланды. Соғысты батыр Берлинде аяқтады.
Соғыстан кейін 1946 жылдың жазында Сағадат Нұрмағамбетов Мәскеуге М.И.Фрунзе атындағы әскери академияға оқуға түсті. Оқуды бітіргеннен кейін Түркістан әскери округі штабының жедел бөліміне аға офицер болып қызметке жіберілді. Кейін ол мотоатқыштар полкінің командирі болып тағайындалып, оны төрт жылға жуық (1954-58 жж.) басқарды.
1958 жылдың тамызынан Түркістан әскери округінде 203-ші мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы, 1961 жылдан Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, содан кейін Орта Азия әскери округі әскерлері қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік әскерлер тобы (Венгрияда) қолбасшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 1989 жылы округ таратылғаннан кейін Қазақ республикалық соғыс, еңбек және Қарулы Күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы, сонымен бірге Қазақ КСР Қарулы Күштерінің ардагерлер және мүгедектер істері жөніндегі Жоғарғы Кеңесі комитетінің төрағасы болды. Осы уақыт ішінде КСРО Қарулы Күштері Бас штабы академиясының курстарында екі рет оқыды. Кеңес армиясында оған «генерал-майор» (1964) және «генерал-лейтенант» (1972) әскери атақтары берілді.
1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» жарлыққа қол қойды. Сол күні Президент жарлығымен С.Нұрмағамбетовке «генерал-полковник» әскери атағы беріліп, Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі қызметіне тағайындалды.
Жаңадан құрылған егемен Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі болып Сағадат Қожахметұлы тағайындалғаннан кейін армия алдында тұрған күрделі мәселелер кезегімен шешіле бастады. Дәл осы кісінің бастамасымен Қазақстанда игі дәстүрлер мен армиямыздың берік іргетасын қалаған әскери кадрлар дайындала бастады. Ол жоғары лауазымдарға көтерген офицерлерге сенді. Қолдап, көмектесті. Сағадат Қожахметұлының бастамасымен әскери кадрлар мәселесін шешу және қазақ офицерлерінің санын арттыру лезде қолға алынды. Қазақстан армиясының офицерлері мен курсанттарын өзге елдердің академиялары мен мектептерінде оқыту туралы келісім жасалды.
С.Нұрмағамбетов Алматы жоғарғы жалпы әскери командалық училищесін кеңейту туралы шешім қабылдады. Әскери училищеде мамандықтар санын арттырып, курсанттарды 11 мамандық бойынша оқыту жолға қойылды. Сонымен қатар әскери ұшқыштарды дайындауға көп көңіл бөлді. Ақтөбе азаматтық авиация институтының негізінде әуелі әскери факультет, кейін Әскери авиация училищесі құрылды. Орталық Азия әскери округі құрылған 20 жыл ішінде қазақтарға тіпті полктарды басқаруға сенбеген болса, енді соған лайық қазақ офицерлері жоғары лауазымдарға батыл тағайындалды. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде қызмет етіп, елге оралған жоғары әскери шенді бірқатар азаматтарды түрлі әскери бөлімдерге қолбасшы етіп тағайындады. Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетовтің жетекшілігімен мұқият жүргізілген жұмыстар еліміздің әскери дамуына қан жүгіртіп, жаңаша серпін алды. 1994 жылдың 23 мамырында Қазақстан Президентінің жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетовке ең алғашқы Халық Қаһарманы атағы берiлдi. 2013 жылдың 24 қыркүйегінде Сағадат Нұрмағамбетов 90 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Биыл 100 жасқа толған батырдың әскери жолы кейінгі ұрпаққа әрқашан өнеге болып қала береді.
Болат САЙЛАН,
ҚазҰУ-дың профессоры,
тарих ғылымының докторы