Табиғи дәрілік өсімдіктер саласының болашағы зор

6 маусым, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәрілік өсімдіктер және табиғи дәрілік заттарды зерттеу бойынша екікүндік халықаралық конференция басталды.

 

Іс-шараға ҚХР, Жапония, Өзбекстан, Португалия, Малайзия, Таиланд, Үндістан, Пәкістан, Оңтүстік Корея, Түркия, Кипр, Қырғызстан,  Әзірбайжан ғалымдары мен сарапшылары шақырылды. Олар үшін университеттің мұражайлары мен кампусына экскурсия ұйымдастырылды. Шетелдік ғалымдар ҚазҰУ-дың Дәрілік өсімдіктердің ғылыми-зерттеу орталығының жұмысымен танысты.

 

Басқарма Төрағасы –  Ректор Жансейіт Түймебаев университеттің 90 жылдығына орай өткізіліп отырған шараға табиғи дәрілік өсімдіктер саласы бойынша ең танымал ғалымдар мен зерттеушілердің жиналғанын атап өтті. «Шетелдік қонақтардың келуі қарсаңында әлемнің жетекші жоғары оқу орындары арасында QS халықаралық рейтингін есептеу нәтижелері белгілі болды, онда ҚазҰУ 230-орыннан 67 позицияға алға жылжып, 163-орынды иеленді. Бұл бүкіл ЖОО ұжымының бірлескен еңбегінің нәтижесі, сондай-ақ ЖОО-ның ғылыми үлкен әлеуетінің көрсеткіштерінің бірі болып табылады», – деді ректор.

Университет басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғалымдармен кездесуіндегі: «Бізге экономиканың маңызды секторларында инновациялық жобалар мен серпінді шешімдер қажет. Біздің ғалымдардың медицина, фармацевтика және биотехнология салаларында әлеуеті зор. Біз осы бағыттар бойынша жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатудамыз», – деген сөзін тілге тиек етті.

Ректор Жансейіт Түймебаев бұл бағытта ғылыми-зерттеу университеттерінің маңызды рөл атқаратынын баса айтты. Бүгінгі таңда биотехнология және фармакология саласында жоғары деңгейдегі мамандарды, ғалымдарды, зерттеушілерді даярлау жаңа көзқарастарды талап етеді.

«Біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген биохимия, биотехнология, шөп медицинасы, фармакология саласындағы ғылыми қоғам өкілдерімен ынтымақтасуға дайынбыз. Дәстүрлі және заманауи медицина арасында тығыз байланыс құру маңызды», – деді ҚазҰУ ректоры.

Конференция отырысында Қытай ғылым академиясы Шанхай материалтану институтының профессоры Йе Ян (ҚХР), Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, С.Ю.Юнусов атындағы Өсімдік заттары химиясы институтының директоры Шамансур Сагдуллаев (Өзбекстан), Абель Салазар атындағы Биомедициналық ғылымдар институтының (ICBAS), Порту университетінің химия профессоры Анаке Киджоа (Португалия), Ryukakusan Co. президенті, Токио шикі дәрі-дәрмектер қауымдастығының төрағасы Фудзи Рюта (Жапония), Ланьчжоу мал шаруашылығы және ветеринарлық фармацевтика институтының профессоры Чжан Цзю (ҚХР) және т.б. сөз сөйледі. Шанхай материалтану институтының профессоры Йе Ян мырза ҚазҰУ ұжымы мен басшылығын QS рейтингіндегі жаңа жетістігімен құттықтап, ҚазҰУ-дың әлемнің көптеген жоғары оқу орындарымен көпжақты ынтымақтастығын атап өтті. Олардың арасында Шанхай медициналық институты да бар. «Соңғы зерттеулерде біз қазақстандық дәрілік препараттарды әзірлеудің әлеуеті зор екенін көрдік. Сіздің университетіңізбен ынтымақтастық біз үшін  үлкен рөл атқарады. Біз келісімге қол қойғанбыз және болашақта студенттеріміз бен түлектеріміз Қытайда, Жапонияда жұмыс істей алады деп үміттенеміз», – деді Йе Ян мырза.

 

Іс-шара барысында Жапония халықаралық қатынастарды дамыту қауымдастығы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Ланчжоу мал шаруашылығы және фармацевтика ғылымдары институты, CAAS және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ Ланчжоу мал шаруашылығы және фармацевтика ғылымдары институты, CAAS және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығы бірлескен зерттеу орталығының ашылу салтанатын өткізді.

Екікүндік конференцияның жұмысы пленарлық дәрістермен жалғасты, онда шақырылған қонақтар стендтік және ауызша презентацияларымен таныстырды. Іс-шараның барлық белсенді қатысушылары сертификаттармен марапатталады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі