ҚазҰУ-да «Жастардың ТДМ-17 іске асырудағы рөлі» тақырыбында конференция өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында «Жаңа Жібек жолы – 2024» БҰҰ моделі тақырыбында «Жастардың ТДМ-17 іске асырудағы рөлі» атты халықаралық жастар конференциясы өтті. Іс-шара ҚазҰУ-дың 90 жылдығына және БҰҰ-ның тұрақтылық жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хаб мәртебесін алуының 10 жылдығына арналды.
Конференцияны Тұрақты даму комитетінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры Еркін Дүйсенов ашты. Проректор өз сөзінде жастардың адами капиталдың негізгі элементі ретіндегі рөлі артқанын атап өтті және университеттерге қойылатын жаңа талаптарға тоқталды. «Академиялық білім беруден басқа, өзгерістерге бейімделе алатын және үздіксіз дамуға дайын түлектерді даярлау маңызды. Бүгінгі студенттер стандартты емес шешімдер қабылдауға және уақыт талабына жауап беруге дайын көшбасшы болуы тиіс», – деді Е.Дүйсенов.
ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақтылық жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы ретінде 2012 жылдан бастап БҰҰ-ның «Жаңа Жібек жолы» моделі халықаралық жастар алаңын белсенді қолдайды және білім беру, ғылыми зерттеулер, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық арқылы тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бойынша жұмыс атқарады.
Іс-шара аясында ҚР СІМ Алматы өкілдігінің атынан ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Құрманғожин, Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО кластерлік бюросының директоры Пирич Әмір, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің басшысы Властимил Самек, ҚР дипломаттар қауымдастығының өкілі, Азия дипломатиялық қоғамының төрағасы Серік Нарысов, Өзбекстан Республикасының Алматыдағы консулы Файзулла Нұруллаев, ҚазҚАЗУ халықаралық байланыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Рафиз Абазов сөз сөйледі.
Бұл алаң студенттерді халықаралық дипломатия бойынша білім беруге және халықаралық құқықты пайдалана отырып, жаһандық проблемаларды шешу дағдыларын дамытуға бағытталған. Конференцияға қатысушылар БҰҰ күн тәртібіндегі Тұрақты дамудың 17 мақсаты аясындағы климаттық өзгерістер, гендерлік теңдік сияқты өзекті тақырыптарды қарастырды. Үш комитет аясында жас көшбасшылар адам құқықтары бойынша білім берудің маңыздылығы және теңсіздікті азайту, климаттың өзгеруі жағдайында Орталық Азия экономикаларының тұрақтылығын арттыру, мәдени мұраны сақтау және әйелдердің рөлін күшейту мәселелерін талқылады.
Іс-шара аяқталғаннан кейін 10-нан астам жас көшбасшы «Үздік баяндамашылар» номинациясына ие болды, сондай-ақ барлық қатысушылар сертификат және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Конференцияны ҚазҰУ ҚР БҰҰ Ақпараттық бюросы және дипломатиялық корпус өкілдерінің қолдауы негізінде ҚазҚАЗУ-мен бірлесіп ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі