Кенен мұрасы – халық қазынасы

14 маусым, 2024

Университетіміздің 90 жылдық мерейтойы аясында қазақтың біртуар өнерпазы Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай, Әл-Фараби кітапхана­сында «Кенен мұрасы – халық қазынасы» атты іс-шара өтті.

Бұл іс-шараға ҚР мәдениет қайраткері, ақынның қызы, Жам­был және Алматы облыс­та­рының құрметті азаматы, зей­неткер ұстаз Төрткен Ке­нен­қызы, кенже қызы Ақбілек Ке­ненқызы, жиені Баян Жұ­рын­ова, Қордай аудандық Ке­нен Әзірбаев әдеби-мемо­риал­дық музейінің директоры Алмабек Аманкелдіұлы, музей әдіскері, немересі Мұрат Көр­кемжанұлы, немере келіні Гүлайша Сапарқызы, кенен­та­ну­шы, филология ғылымының кан­дидаты Айгүл Жақсы­лық­қызы, халықаралық және рес­публикалық конкурстардың лауреаты, Жамбыл атындағы филармонияның жеке дауыс­тағы әншісі Біржан Бәзілжанов қатысты.

Кеш қонақтары қазақтың ақиық ақыны туралы ерекше қызықты әңгімелер айтып, естелігімен бөлісті. Алғашқы сөз асылдың сынығы, ақынның қызы Төрткен апамызға бе­рілді. Төрткен Кененқызы өне­гелі әкеге ұқсауға тырысып өс­кенін әңгімелеп берді.

Кенен Әзірбаев 1884 жылы 19 маусымда қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы болған. Әр жырды әуелі ата-анасынан үйренген Кенен 11 жасынан домбыраға қосылып, өлең, ән шығара бастаған. Оның әншілік, композиторлық болашағына әнші-жыршы­лар­дың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе Жам­был, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алған. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түскен, ән сайысына араласқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл-қыздарымыздың ер­лігін, жеңісін жырлады. «Біз же­ңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көп­теген өлең, жырлар шы­ғар­ды. 50-70 жылдары бейбіт өмір­ді, республика жетістік­терін, замандастарын бей­не­лейтін өлең, терме, толғау-дастандарды жазды.

Кенен Әзірбаев – ақындық, сазгерлік, жыршылық өнерімен қайраткер дәрежесіне көтеріл­ген өз заманының танымал тұл­ғаларының бірі. Сондай-ақ қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрді үз­бей, ХХ ғасырдың 70-жыл­да­ры­на дейін жеткізген өнерпаз. Ел ішінде әнім қалсын деп жасынан армандаған Кенен Әзірбаевтың артына қалдыр­ған баға жетпес асыл мұрасы – он жеті дастан, жүз елу ән, оннан аса айтыс, мыңға тарта өлең және қолжазбалары бар. Ақын-композитордың «Боз­тор­ғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері ха­лық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналған.

Абыз ақын 1976 жылғы 12 сәуірде Жамбыл облысының Қордай ауданында, сол кездегі «Киров» колхозында, қазіргі Кенен ауылында 92 жасында қайтыс болды.

Сөзін қорыта келе, Төрткен Ке­ненқызы Іле ауданындағы Пок­ровка ауылына Кенен Әзір­баев атамыздың аты беріліп, «Кенен ауылы» атанғанын ха­бар­лап, ата-анаға деген пер­зенттік махаббаттан туындаған «Әке рухына тағзым» естелік-эссесін кітапхана қорына та­быс­тады. Бұл кітапта тоқсан жастың төрінде де домбырасын серік еткен Кенен атамыздың дос-жаран, ағайын-туыс ара­сын­дағы, яғни ақынның қа­лыпты өміріндегі болмыс-бітімі кеңінен әңгімеленеді. Біртуар тұлғаның былайғы жұртқа бей­мәлім отбасы, ошақ қасындағы тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, қарым-қатынасы жан-жақты баяндалады.

Апамыздың сөзін жалғап, Ақ­білек Кененқызы мен Баян Тасығанқызы оқырмандардың қойған сұрақтарына жауап бе­ріп, қызықты әрі әсерлі сұхбат құрды. Баян Тасығанқызы кі­тапхана қорына өзінің анасы Төрт­кен Кененқызы жайлы жа­зылған «Өнегелі өмір өрнек­тері» әңгіме, естелігі мен ой-толғамын тарту етті. Бұл ес­телік кітапта Төрткен апа­мыз­дың үлгі-өнегеге толы ғұ­мыр жолының әке өнерімен астасқаны, есімінің қазақтың ырымына сай қойылғаны жай­лы айтылған.

Кездесу барысында Кенен ауылында орналасқан Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің ди­ректоры Алмабек Аманкел­ді­ұлы музейдің тыныс-тіршілігі, жәдігерлерімен таныстырып, оқырманға ақын жайлы әртүрлі тақырыптағы кітапшаларды, Кенен Әзірбаевтың және қызы Төрткеннің орындауындағы үн­таспаларды табыстады.

Музей әдіскері Мұрат Көр­кем­жанұлы ақынның өмір жолы мен шығармашылығына ар­нал­ған «Ғасырында бір келер қа­зағымның бұлбұлы» фото­көр­месімен таныстырды. Көр­мемен таныса келе, ақынға Ахмет Жұбановтың домбыра сыйлағанын, қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дирижер, домбырашы, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі, Ха­лық Қаһарманы Нұрғиса Ті­лен­диевтің атамызға жиен екенін білдік.

Мұрат Көркемжанұлы сөз со­ңында кітапхана қорына әкесі Бақытжан Кененұлының «Ұлы да­ла жыршысы» атты Ке­нен Әзірбаев жайлы моно­гра­фия­лық ой-толғау, эссе, пікір­лер кітабын сыйлады. Бұл кі­тапта Кенен ақынның өскен ор­тасы, өмірі, отбасы жайлы көп­ке бей­мәлім мағлұматтар жазылған.

Кітапхана қызметкерлері ақын­ның өмірбаяны, шығар­ма­лары және ақын туралы жарық көрген «Кенен Әзірбаев – ақын, әнші, композитор», «Кенен мұ­расы» деп аталатын екі бөлімді кітап пен мерзімді басы­лым­дардан тұратын көрмемен та­ныстырды. Бұл кеште ақынға арналған деректі фильм, слайд­тар көрсетіліп, ақынның өз даусымен шырқаған әндері қойылды.

Іс-шара соңында кітапхана ұжы­мы атынан Ақпараттық қызмет басқармасының бас­шы­сы Ақмарал Аманкелдіқызы қазақтың ақыны Кенен ата­мыздың ұрпақтарына сый­лық­тар табыстап, музей қыз­мет­кер­леріне, зерттеушілерге және әншілерге шығар­ма­шы­лық табыс тілеп, алғыс хаттар берді.

Мәдина ОСПАНОВА,

Әл-Фараби атындағы кітапхананың бас кітапханашы-менеджері