Математика мен поэзияға әуес ғалым
Уақыттың ұшқыр қанаты Қазақ ұлттық университетінің ұлағатты ұстазы, ізденімпаз механик-математик ғалым, Математика кафедрасының доценті, Ресей жаратылыстану академиясының профессоры Иманқұл Төлеуханды ғұмырының жаңа белесі – мерейлі 70 жасқа алып жетті...
Төлеухан Шойбасұлы 1954 жылы Қостанай облысының Жангелдин ауданы Көкалат ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Албарбөгет орта мектебін бітірген соң, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түседі.
Атына заты сай Алтын анасының «Балам-ау, елге келіп мұғалім болсайшы, досың Сапар оқымай-ақ сабақ беріп жүр ғой» деген сөзіне құлақ аспай, арасында әскери борышын өтеп, аталған университетті 1982 жылы механика мамандығы бойынша бітіріп, ҚазЭнергетика ғылыми-зерттеу институында «Қазандық агрегаттар» лабораториясында инженер қызметін атқарады.
1983 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің Қолданбалы механика кафедрасына аға инженер болып қабылданып, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, академик Өмірбек Жолдасбеков жетекшілік ететін топта еркін ізденуші ретінде «Роторлық жүйелердің динамикасы мен орнықтылығы» тақырыбындағы ғылыми жұмыспен айналыса бастайды. Сол жылдардағы тең авторлықта шыққан мақалалары Германия, Болгария, АҚШ, Испания елдерінде өткен ғылыми конференциялардың материалдарында жарық көрген. 1991 жылы Басқару теориясы кафедрасына оқытушылық қызметке ауысып, сол кафедрада оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі міндетін атқарушыға дейін көтеріліп, үлкен абыройға ие болды.
1993 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесін ізденуге диссертация қорғап, 1997 жылы математика доценті ғылыми атағын алған. Факультетте 1983 жылдан еңбек етіп жүрген Т.Иманқұл басқару теориясы мен орнықтылық мәселелеріне арналған 60 ғылыми мақала, бір монография, жоғары оқу орындарында табысты қолданылып жүрген 16 оқу құралының авторы.
1994-2000 жылдары кандидаттық ғылыми атағын ізденудің диссертациялық кеңесінің мүшесі болған Т.Иманқұл 1994 жылы бір ғылым кандидатын даярлап шығарды.
2000-2005 жылдары деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде студент жастарға тәлім-тәрбие беру шараларының ұйытқысы, жастардың жанашыры бола білді. Сондай-ақ доцент Т.Иманқұл механика-математика факультетінде «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде де университеттің тыныс-тіршілігімен байланысты іргелі мәселелерді шешуге белсене араласты.
Доцент Т.Иманқұл «Қолданбалы математика», «Математика», «Информатика», «Механика», «Ақпараттық жүйелер» мамандықтарына «Тиімділеу әдістері», «Тиімділеу әдістері және шешім қабылдау теориясы», «Операцияларды зерттеу», «Ғарыш аппараттарының динамикасы», «Вариациялық қисап», «Фазалық жүйелер теориясы», «Кезектер теориясы» сияқты арнайы және жалпы курстардан жоғары деңгейде ғылыми-педагогикалық дәрістер жүргізіп келеді. Ол жақсы және өте жақсы бағаға қорғалған 20 бітіру жұмысы мен үш дипломдық жұмысқа жетекшілік жасады.
Т.Иманқұл көп жылдар бойы қазақ тілінде оқулықтар жазуға етене араласып, төл терминдер түзуде де айрықша еңбектенгенін ғылымның барлық салаларын қамтитын 33 томдық сөздіктің 2000 жылғы басылымы мен 2014 жылғы қайта басылып жарыққа шыққан төртінші томына тең автор екені айғақтайды.
Университеттегі әріптестері мен студенттерінің арасында қадірлі, білімді және қарапайым беделді қызметкер Төлеухан дос – жастайынан қазақтың қара өлеңін жанына серік етіп келе жатқан ақынжанды азамат. Оның туған жер, ата-ана, балауса жастық шақ, дос-жарандары жайлы жүрекпен үндескендей тілі жатық, шұрайлы жырларын жерлестері жатқа айтады.
Зәбірлетпес мені ешқашан,
Жақынға да, жатқа да.
Ақ ботам деп аялаған,
Болсам да, өзім қап-қара, –
деп алғашқы өлеңін аяулы анасынан бастаған Төлеухан Шойбасұлының «Көңіл керуені» атты жыр жинағы Қостанай қаласында 2011 жылы жарық көрген. Өлеңдерін оқыған жан Тәңірдің математик Төлеуханның басына тек құмырсқаның илеуіндей қаптаған формуланы ғана емес, киелі поэзия патшалығын да қондырғанын аңғара алады.
Төлеухан Шойбасұлының университетімізге және еліміздің ғылымы мен оқу-білім саласына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі еленіп, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» күміс медалімен марапатталды.
Сөз соңында Төлеухан Шойбасұлының өмірлік серігі, адал жары Саржан Бөлекбайқызымен шаңырақ көтергеніне 44 жылдың жүзі болғанын, екеуі дүниеге әкелген Жұлдыз, Сұңқарбек, Мақпал атты ұл мен қыздарды өсіріп, олардан көрген тоғыз немересін бағып отырған бақытты әке-ана, мейірімді ата-әже екенін айта кеткеніміз жөн. Тұңғыштары Жұлдыз бен Сұңқарбек әке жолын қуып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің бакалавриаты мен магистратурасын бітірген. Кенжелері Мақпал да жоғары білімді тіл маманы.
Болат ӘБЕНОВ,
механика-математика
факультетінің аға кураторы,
Қазақстан журналистер
одағының мүшесі