Қара шаңыраққа адал ұстаз

24 маусым, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің көрнекті ға­лы­мы, арабтанушы, ясауитанушы Ахметбекова Ақбота Кәрібай­қызы 1964 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. 1971-81 жыл­дар аралығында Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінен білім алып, оны алтын ме­даль­мен үздік бітірді. Қазақ мектебі демекші, Ақбота секілді қазақ балаларын оқытатын мектеп кеңес зама­нында Қазақстанның астанасы – бас қала Алматыда жалғыз бол­ған көрінеді. Оны да сол тұстағы қазақ зиялылары оқу бөлімінің та­балдырығын тоздыра жүріп, «балала­ры­ңыз­ды қазақша оқыты­ңыз­дар» деп үгіт-насихат жүргізе отырып, әрең ашқызған екен. Сол қазақ мектебін ашу жолындағы күрестің нақ ба­сында Ақботаның әкесі Кәрібай Ахметбек те болған. 

Ақбота Кәрібайқызының кісілігінің, тектілігінің негізінде оның тәрбие-өнеге алған отбасы жатыр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді атам қазақ. Әрбір адамның тұлға болып қалыптасуында оның әке-шешесінен алған тәрбиесі маңызды. Ақ­бота Алматыда туып-өскен, алай­да қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ауылдан келген қыздардан артық білмесе, кем білмейтініне кей­де таңғаламыз. Оның сыры, ең ал­дымен, отбасындағы ұлттық құн­ды­лықтардың дәріптелуінде.

Ақбота 1981 жылы С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік универ­ситеті филология факультетінің жа­нындағы араб бөліміне оқуға түседі. Ақботаның араб тілін таңдауы да кез­дейсоқ емес еді, себебі сол тұстағы Кәрібай Ахметбеков сынды зиялылар қазақтың өткені араб тіліндегі құжат­тар­мен, араб жазуымен байланысты екенін түсінді, балаларын сонда оқы­туға ынта білдірді. Хангелді Сүйін­ш­әлиев, Рымғали Нұрғалиев, Зейнолла Қаб­долов, Қадыр Мырзалиев, Әб­сат­тар Дербісәлі сияқты ұлы ұстаз­дардан дәріс алған Ақбота 1986 жылы филология факультетіндегі араб бөлімін қызыл дипломмен біті­ріп шығады. Ақбота оқыған топ ерекше болатын, 2-курста универ­си­тет­тегі «Киров тобы» деген атақты же­ңіп алып, ең үздік топ болып уни­верситет тарихында қалды.

Университетті бітірген соң, яғни 1986 жылы «Мектеп» баспасының Араб редакциясына жұмысқа орна­ласып, редактор қызметін атқарады. Араб редакциясын белгілі арабтану­шы, кейіннен дипломатиялық қыз­мет­терде болған Бахтияр Тасымов басқаратын еді. Сол тұста баспада Ақботаның қатысуымен бірнеше оқулық дайындалып, жарық көрген болатын. Сондықтан Ақбота сабақ бермес бұрын, сол сабаққа қажет оқу құралдарын дайындау тәжірибесін жақсы меңгерген бірегей маман болып шыңдалды. 1992 жылы ол өзі оқыған Араб филологиясы кафедра­сына оқытушылық қызметке ауысты. Содан бергі уақытта оның бүкіл са­налы ғұмыры өзі білім алған Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетімен тығыз байланысты. Ол өз университетіне адал ғалым, ұлағатты ұстаз.

Ақбота Ахметбекова университетті үздік бітіргеннен кейін де тоқтап қал­мады, аспирантураға түсіп, про­фессор Х.Сүйіншәлиевтің жетекшілі­гімен 1996 жылы «Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын өз қатарының алғашқысы болып сәтті қор­ғады, филология ғылымының кан­дидаты деген ғылыми дәрежеге ие болды, 2011 жылы доцент ғылыми атағын алды.

Ғалымның негізгі ғылыми қы­зы­ғу­шы­лықтары Қ.А.Ясауи шығарма­шы­лы­ғымен, қазақ әдебиетіндегі со­пылық бағыт, фольклор, орта­ға­сырлық әдеби ескерткіштермен ты­ғыз байланысты. Оның зерттеулері әдеби шығармаларды талдаумен, олар­дың тілдік ерекшеліктерін зерт­теумен және араб тілін оқыту әдіс­терін зерттеумен де ұштасады. Оның ғылыми жарияланымдарының ішінде «Қожа Ахмет Йассауи» (1998), «Қазақ әдебиетіндегі сопылық поэзия» (2011) атты монографиялары ерекше орын алады, ғылымға қосылған сү­белі еңбектер деп бағалауға болады. Ол «Араб тілі», «Араб тілі теориясының негіздері», «Мәтін лингвистикасының негіздері» атты оқу құралдары мен жақында жарық көрген «Мәдениет­ара­лық коммуникацияның теориясы мен практикасы» атты оқулықтың авторы.

Білім беру ісі мен жастарды тәр­бие­леу ісіне қосқан еңбегі бағаланып, ол 2013 жылы Қазақстан Респуб­ли­касы Білім және ғылым министрлігінің «ЖОО үздік оқытушысы» грантын жеңіп алды. 2011-13 жылдар ара­лы­ғында кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Қазіргі уақытта білім беру бағдарламасының үйлестірушісі сияқ­ты жауапты жұмыстар атқарып жүр. Оның білім беру мен ғылым са­ла­сындағы еңбектері тек Қазақ­стан­да ғана емес, одан тыс жерлерде де танылды. Лейден, Амстердам, Каир, Санкт-Петербург, Мәскеу қалала­рын­да біліктілігін арттырды, конфе­рен­цияларға қатысты, шеберлігін шыңдады.

Ақбота Кәрібайқызына әріптестері атынан болашақта жазар дүниесі, идеялары жарық көргендерінен де көп болсын деген тілек білдіреміз, соларды жүзеге асыратын мықты денсаулық, бақытты да ұзақ ғұмыр тілейміз!

Баян ЖҰБАТОВА,

ф.ғ.д., профессор