2018 жылдың 15 қаңтарында құрылған Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультетінің ең жас кафедрасы. Кафедраның ашылуына Қазақстанды цифрландыру, атап айтқанда жасанды интеллект пен үлкен деректер технологияларын енгізуге қабілетті мамандар санын арттыру міндетін қойған мемлекеттік тапсырма ықпал етті.
Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда серіктестікті дамытуды көздеп отырған оқу ордасында көптеген Tоп-100 университеттерінен шетелдік профессорлар мен ғалымдарды дәріс оқуға шақыру ерекше дәстүрге айналды. Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының қызметкерлері ынтымақтастықты бастаған алғашқы шетелдік профессорлардың бірі – Португалия мемлекеттік университетінің ISCTE – Instituto Universitário de Lisboa (ISCTE-IUL) профессоры Октавиан Адриан Постолаке (Octavian Adrian Postolache). Профессор 2019 жылы Erasmus+ ACM академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ҚазҰУ-да болды. Октавиан Адриан Постолаке – Ғылым және ақпараттық технологиялар департаментінің профессоры, ISCTE – Instituto Universitario de Lisboa институтының (Лиссабон, Португалия) ақпараттық ғылым және технологиялар саласындағы PhD бағдарламасының директоры, Телекоммуникациялар институтының (Лиссабон, Португалия) бақылау және өлшеу техникасы тобының бас ғылыми қызметкері.
Октавиан Адриан Постолаке ҚазҰУ-ға келгендегі әсерімен бөлісті.
– Менің ойымша, Iscte-IUL мен ҚазҰУ арасында айрықша ынтымақтастық қалыптасқан. Ғылым мен техниканың өзекті тақырыптарында, мысалы, смарт сенсорлар, IoT жасанды интеллект технологияларын экономиканың түрлі салаларында қолдану сияқты өзекті тақырыптарда бірге жұмыс істейтін профессорлар мен зерттеушілер арасындағы тығыз байланысты ескере отырып, екі университет арасындағы үш жылдан астам ынтымақтастықты жемісті деп санаймын. Технологиялар мен денсаулық сақтау қызметтеріне қатысты инновациялық шешімді бірлесіп құрастыруға және енгізуге ерекше қызығушылық танытылды. Бүгінгі таңда ҚазҰУ студенттері португалдық зерттеушілердің бірлескен жетекшілігімен PhD ғылыми-зерттеу жұмыстарын дайындап жатыр. Сондай-ақ ҚазҰУ профессорларының, атап айтқанда қолданбалы ЖИ-мен байланысты халықаралық деңгейде танылған зерттеуші және жетекші профессор Мәдина Мансұрованың біздің Iscte-Instituto Universitario de Lisboa, Instituto de Telecomunication институтының жас және аға ғылыми қызметкерлері қолдаған идеяларын айту өте маңызды. Осы ғылыми-зерттеу орталығының, сондай-ақ ғылым және ақпараттық технологиялар саласындағы докторлық бағдарламаның директоры ретінде мен ISCTE-IUL және ҚазҰУ-дың зерттеу жұмыстарына жоғары мүмкіндіктер беретін жаңа кешенді жоба аясында ғылыми-зерттеу және дидактикалық ынтымақтастығымызды дамытуға қызмет етудемін, – деп сөзін қорытындылады.
Профессор Октавиан Iscte-IUL мен ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастық негізінде Қазақстанға жылына кем дегенде бір рет келіп тұрады. Университетіміздің жетістіктерімен танысып, тәнті болғаны сонша – әлі де ынтымақтастығымыз берік, біздің жас мамандарымыз бен докторанттарымызға бағыт-бағдар беріп, жұмысын жалғастырмақ ниетін білдірді.
Доктор Октавиан Постолаке 1999 жылы «Gh. Asach» Яссы техникалық университетінде «Электротехника-метрология» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. 2000-2004 жылдары «Қоршаған ортаның мониторингіне арналған үлестірілген жабдық» мамандығы бойынша постдокторантурада оқыды (IST-University of Lisbon, Лиссабон, Португалия). 2016 жылы «Денсаулық сақтау үшін бейтарап зондтау және кешенді есептеулер» тақырыбы бойынша хабилитацияны өтті (Habilitation, IST-University of Lisbon, Лиссабон, Португалия). Профессор Октавианның ғылыми жобалары мына тақырыптарды қамтиды: смарт датчиктер, сымсыз сенсорлық желі және заттар интернеті, талшықты-оптикалық сенсорлар және олардың порттар мен көлікте қолданылуы, температураны, дірілді, күшті өлшеуге арналған бірмодты және көпмодты талшықтар негізіндегі талшықты-оптикалық Брэгг торлары бар сенсорлар, интеллектуалды жүйелер үшін машиналық оқыту және жасанды интеллект, смарт үй және смарт денсаулық сақтау үшін кеңейтілген және виртуалды шындық, денсаулық сақтау үшін терең оқыту және үлкен деректерді талдау. Ол FCT SmartLife «Күнделікті өмірге арналған ақылды сенсорлық жүйелер» (2020), WeHope – Wearable e-health «Талшықты оптикалық мониторинг жүйесі» (2017-19 жж.), «NANO-IMUNELCHIM-PLAT – медициналық қауіпсіздікпен және қоршаған ортаны қорғаумен био- және иммуно-маркерлерді электрохимиялық анықтау және сандық бағалау үшін наносенсорлары бар платформаларды әзірлеу арқылы ғылыми-зерттеу қызметінің диверсификациясы» (2016-20), «Интеллектуалды сенсорлар және физиотерапияға арналған мамандандырылған орта – PTDC/DTP-DES» / 6776/2014» (2016-19 жж.) жобаларының бас ғылыми қызметкері. Профессор А.Постолаке ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысады, Scopus базасында 444 мақала, h-index (Scopus) – 34, Web of Science базасында 152 мақала, h-index (WoS) – 19, h-index (Google Scholar) – 34.
ISCTE – Instituto Universitário de Lisboa университетінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы және ISCTE мен ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастық туралы келісім Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың екі докторантына бес айлық тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берді.
2022 жылы ISCTE университеті 2023-25 жылдарға академиялық ұтқырлық жобасы бойынша тағы да қолдау алды. Осы жылы ҚазҰУ оқытушыларының және докторанттарының ISCTE университетінде жаңа тағылымдамалары, сондай-ақ Лиссабон профессорларының сапарлары жоспарлануда. Осы күнге дейін профессор Октавиан Постолаке кафедра докторанттарына «Ғылым және ақпараттық технологиялар саласындағы ғылыми жобаларды басқару», «Медицинадағы қолданбалы электротехника және электроника» пәндерінен білімі мен тәжірибесін аямай дәріс оқып келеді. Профессор Октавиан Постолакемен және оның зерттеу тобымен жемісті ынтымақтастығымыз жалғасады деп үміттенеміз.
Мәдина ЕСІМХАНҚЫЗЫ,
Жасанды интеллект және
Big Data кафедрасының
меңгерушісі, ф.-м.ғ.к., доцент