Шебер ұстаз қабілетімізді шыңдады

2 шілде, 2024

Мен ҚазҰУ-дың механика-математика факультеті «Матема­тика» мамандығының 1-курс магистран­ты­мын. ЖОО-ға жоғары сапалы білім беріп, болашақ мықты математиктер тәрбие­леуді мұрат еттім. Бұл мақсатыма жету үшін маған математикалық білім ғана емес, педагогикалық білім мен қабілет те керек екені анық. 

Біз осы оқу жылының екінші семестрінде «Жоғары мектеп педагогикасы» атты жаңа курс сабағын бастадық. Оқыту­шы­мыз педагогика ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сараш Қоңырбаева болды. Курста біз «педагогика» ұғымының анықтамасынан бастап, ЖОО оқытушысының кәсіби құзыреттілігі, имиджі, оның негізгі қызметі, жалпы дидактика мәселесіне дейін толық талдап шықтық. Әрбір дәріс мен үшін өте қызықты өтті. Лектор дәрісті теориялық түрде ғана түсіндіріп қоймай, өмірлік жағдайлармен байла­ныс­тыра отырып жүргізді. Бір­са­рынды, тек презентация оқып өтетін дәрістерге қара­ған­да маған ерекше әсер қал­дырды.

Оқытушымыз тіл тазалығына да аса мән береді. Бұл, әрине, үлкен аудиторияға ғылыми ма­те­матиканы түсіндіретін бола­шақ лектор-мате­ма­тик­тер үшін өте маңызды.

Біздің әр семинар сабағы­мыз да қызықты өтті. Тақы­рып­қа жүйелі талдау жасап, ойы­мыз бен тұжырымымызды ашық және нақты жеткізуді үй­рендік. Оқытушымыз өзіміз үшін кішігірім блокнот арнап, оған авторлық тұжырым­да­ры­мыз бен қанатты сөздерді жа­зып жүруімізді ескертті. «Кейін мақала жазғанда немесе ғылыми еңбектеріңізге пайда­ла­насыздар» деді. Бұл шы­нымен біз үшін әсерлі болды. Тіпті арамызда ақындық қа­білеті бар, сөзге жүйрік, тілге ше­шен магистранттар та­бы­лып жатты. Біз техникалық ба­ғытта оқығандықтын, мұндай жұмыстар басында бізге таң­сық көрінетін. Бірақ уақыт өте келе қандай мамандық иесі болсын, оның бойында жүйелі ойлау қасиеті болуы керек екенін түсіндік.

Осы күнге дейін өткен са­бақ­тардан оқытушының айтқа­ны­нан анық есімде қалған бір сөзі бар: «Қазір жастардың көбі болашақ мамандығын ақшалы қызметпен байланыстырады. Бұл да бір жағынан дұрыс шы­ғар, бірақ, менің ойымша, қан­дай мамандық болсын оны таң­дар алдында «мен осы ма­ман­дықтың иесі болсам, қо­ғамға қандай пайдамды тигізе аламын» деп ойлауы керек». Шынымен, «жалақысы жоға­ры­лады» деп мұғалімдікті таңдап, са­бақты бос сөзбен өткізіп жүрген оқытушылар қаншама... Педагог болу арқылы тұтас ел­дің, қоғамның болашағына ық­пал етесің, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлің артады. Ал бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Кезекті бір лекцияда Сараш апайымыздың: «Ұстаз атану – бәрінен де биік мәртебе. Өз мамандығыңды сүймесең, на­ғыз ұстаз деген атақты алуың екіталай», – деген сөзі мені ерекше толқытты. Неге біз Ах­мет атамызды «ұлт ұстазы» дейміз? Ол зобалаң заманда да саналы ғұмырын ұлт мүд­де­сіне арнаған жоқ па? Халқына, елі мен жеріне деген жанашыр­лық­тың лебі шығармаларынан-ақ көрініп отыр ғой.

Көптеген магистранттар осы сабақтың арқасында іш­тегі потенциалын аша ал­ған­да­рын айтты. Мысалы, Нұрғали есім­ді группаласым өзінің ау­ди­тория алдында сөйлеу қор­қынышынан арылғанын, бұ­рын­ғыға қарағанда өзіне се­німді бола бастағанымен бө­лісті. Әмина атты группа­ла­сым сөйлеу мәнерінің дұрыс­тал­ғанын, «паразит» сөз­дер­ден құтылып, ойын ашық әрі нақ­ты жеткізу қабілетінің ашыл­ғанын қуанышпен жет­кізді. Старостамыз Жасминнің өлең жазу талантын қайта аш­қанына куә болдық. Ал білім беру орталықтарында жұмыс істейтін магистранттар дә­рісте айтылған лайфхактарды қол­да­нысына енгізіп, нәтиже көре бастағанын жарыса ай­тып жат­ты. Оның ішінде мен де бар­мын. Өз жұмысымда оқы­ту­шы­мыз семинарда қол­дан­ған әдістеме мен техно­ло­гияларды қолданып, пайдасын көр­дім.

Бұл курс маған тек жоғары мектеп педагогикасын үйретіп қана қоймай, ұлтқа, елге деген махаббатымды оятты. «Адам­ның адамшылдығы – жақсы ұстаздан» демекші, оқытушым Сараш Сахиқызына берген бі­лімі мен педагогикалық мә­де­ниеті, бөліскен жақсы идея­ла­ры үшін алғысымды айтамын. Бұл ұлттық тәрбие мен пед­а­гогикалық шеберлік ұштасқан нағыз жүйелі білім болды. Ал­дағы педагогикалық қызме­ті­мізге бетбұрысымыз бен сені­мі­міз айқындала түсті. Жақсы ұстаз атансақ, арман не?!

Әтипа ЕСБОЛАТ,

магистрант