Дүниежүзілік экологтер күніне орай, география және табиғатты пайдалану факультеті «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының 1-курс студенттері Көлсай көлдеріне барып, тазалық жұмыстарын жүргізіп қайтты.
Жалпы, «Солтүстік Тянь-Шань маржандары» атанған Күнгей Алатау жотасында көрікті Көлсай көлдері орналасқан. Бұл көлдер шамамен 1887 және 1911 жылдары тектоникалық жағдай негізінде Қайыңды және Көлсай өзендерінің арналарында пайда болды. Көлсай өзенінің ағымында үш көл орналасқан: Жоғарғы Көлсай, Ортаңғы Көлсай, Төменгі Көлсай.
«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы – Қазақстанның ең жас, аса қорғалған табиғи территориясы. Парк территориясында теңіз деңгейінен 1800-3500 метр биіктікте көлдер шоғыры, бай өсімдік және жан-жануар әлемі бар, бірегей ландшафт орналасқан. Табиғатқа адам қолы тимеген жеке аумақтары да сақталған. Ұлттық парктың көркем жерлерінің бірі – Көлсай өзені мен Шелек өзені тармағында, сұлу шатқалда орналасқан Көлсай көлдері. Жастарымыз еліміздің ерекше табиғат аясын көріп, тамашалап, тек демалып қана қоймай, оны аялауға және қорғауға, таудағы қоғамдық тазалықты сақтауға үйрету басты мақсатымыз болатын.
Тау – шабыт көзі, күш-қуат орны және жай ғана ерекше сұлулық мекені. Алайда осы сұлулықты болашақ ұрпаққа сақтау үшін әркімнің қамқорлығы мен жауапкершілігі қажет. Сондықтан тауда сенбілік ұйымдастыру – тек қоқыс жинау емес, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және табиғатқа деген жауапкершілік сезімін нығайту жолындағы маңызды қадам.
Сенбілік жұмысын тауда ұйымдастырудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, тау көбіне қоқыс қалдыратын туристердің немқұрайдылығынан зардап шегеді. Сенбілік қоқысты шығаруға, сөйтіп, тауды тазалауға ықпал етеді. Екіншіден, бұл экологиялық тәрбие, яғни сенбілікке қатысу адамға табиғатты қорғау маңызын түсінуге және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, тауда сенбілік ұйымдастырудың тағы бір себебі – топ құру. Ол студенттік топ, әріптестер немесе отбасы үшін бірге уақыт өткізуге, команда болып жұмыс істеуге және ортақ мақсат сезімін сезінуге тамаша мүмкіндік. Сонымен қатар жаңа әсер алып қайтады. Таудағы қоғамдық жұмыс күні – бұл пайдалы нәрсе ғана емес, сондай-ақ әдемілікті тамашалауға, таза ауамен тыныс алуға және жағымды эмоция қуатын алуға тамаша мүмкіндік.
Ақтоты БЕКЖАНОВА,
Картография және геоинформатика кафедрасының оқытушысы