ШЫҰ-ға мүше елдердің ЖОО арасындағы ғылыми-білім беру байланысы артады

4 шілде, 2024

Астанада ШЫҰ университеттерінің «Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық» атты халықаралық симпозиумы өтті.

Ауқымды іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Болат Ақшолақов, ҚХР білім министрі Хуай Цзиньпэн, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Жібек жолы университеттері альянсының хатшылығы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Сиань Цзяотун университетінің ректоры Чжан Лицюнь, Астана IT университеті ректорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев және 30 жоғары оқу орнының ректорлары қатысты.

Халықаралық жиынды Жібек жолы университеттері альянсы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Сиань Цзяотун университеті мен Астана IT университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Симпозиум жұмысын Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Болат Ақшолақов ашты. «Ұйымға мүше елдердің жоғары оқу орындары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту күн тәртібінде тұр. Қазіргі уақытта дамыған мемлекеттер экономикалық әлеуетін көтеру үшін өздерінің жоғары оқу орындарын әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттеріне айналдыруға  күш салуда. Осы ретте ШЫҰ-ның жоғары оқу орындары бірлесе отырып, университеттік ғылымды дамытуға тырысып жатыр», – деді Президент кеңесшісі.

Өз кезегінде ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек соңғы жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының университеттері арасындағы әріптестік қатынас жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді. «ШЫҰ университеттерінің симпозиумы ғылыми серіктестікті одан әрі арттыруға тың серпін береді. Бүгінде қазақстандық университеттердің ұйымға мүше мемлекеттердің ЖОО-ларымен байланысы күн санап артып келеді. Мәселен, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқытушылар мен студенттер алмасу және ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жөнге қойылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында елімізде соңғы екі жылда 24 шетелдік үздік ЖОО-лардың филиалдары ашылды. Олардың қатарында ұйымға мүше елдердегі көшбасшы оқу орындары да бар. Біздің  мақсат – өңірлік және мемлекеттік университеттерді ағылшын және қытай тілдерінде дәріс беретін халықаралық зерттеу университеттеріне айналдыру», – деді министр.

Іс-шара барысында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, оқу ордасының ШЫҰ белсенді қатысушысы ретіндегі қызметі туралы айтты. Университет басшысы өз сөзінде әлемнің жоғары оқу орындарының халықаралық симпозиумға қатысуының маңыздылығын атап өтті.

«Жылдан-жылға ШЫҰ-ға қатысушы елдер арасында түрлі салалар бойынша ынтымақтастық артып келеді. Осы тұрғыда университеттер білікті мамандар даярлауды қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Қазіргі кезде ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық білім беру және іскерлік байланыстарды дамыту маңызды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақстандық университеттер арасында алғашқылардың бірі болып ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен және ШЫҰ университетінің хартиясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. ҚазҰУ-дың ШЫҰ университетіне қатысудағы мақсаты – әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдасу және қазақстандық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру», – деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше елдердің білім және ғылым жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі