«Қырық жылдық тәжірибемді ҚазҰУ-мен бөліскенімді мақтан тұтамын»
Мехмет Дервиш Кылынчкая – тарих ғылымының докторы, профессор. 1955 жылы Түркияның Адьяман қаласында дүниеге келген. Хаджеттепе университетінен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне шақырылған профессор.
Ыстамбұл университетінде әдебиет факультетінің жалпы тарих бөлімін бітірген. Анкарадағы Хаджеттепе университетінің Ататүрік принциптері және революция тарихы институтында академиялық жолын бастады. Магистратураны 1985 жылы, докторантураны 1992 жылы бітірді. 2008-10 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих және педагогика факультетінің Жалпы тарих кафедрасында «Түркия Республикасының тарихы» пәнінен екі жыл дәріс оқыды. 2010 жылы Түркияға қайта оралып, 2011 жылдан бері Хаджеттепе университеті Ататүрік принциптері және революция тарихы институтының басшылығында қызмет атқарды.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің атынан Анкараға келген профессор, доктор Аманжол Қалыш және доцент, доктор Мырзахан Егембердиев арқылы Хаджеттепе университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға үлес қостым. Сол жылдары Хаджеттепе университетінің ректоры болған профессор, доктор Угур Эрденердің бұл тұрғыда көмегі зор болды.
2014/15 оқу жылында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алғашқы дәрістерімді оқи бастадым, – деді шетелдік профессор Қазақ ұлттық университетіне алғаш келген кезін еске алып.
Мехмет Дервиштің докторлық диссертациясы «Араб ұлтшылдығының тууы және Түркия-Сирия қарым-қатынастары» деп аталады. Осман империясының ыдырауы кезіндегі арабтардың Түркияға қарсы көтерілісі және араб ұлтшылдарының тууына байланысты мәселелерді қарастырған. Хаджеттепе университетінде қызметін жалғастыра келе, Әзірбайжан, Баку мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдерінің тарихы кафедрасына профессор болып тағайындалды. Түркия Республикасының тарихы туралы дәріс оқыды. 2006 жылы доцент атанды.
– 2017 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ататүрік тіл, мәдениет және тарих институты, Ататүрік зерттеу орталығы және Хаджеттепе университетінің қаржыландыруымен халықаралық конференция ұйымдастырдым. Мен Хаджеттепе университетінің Ататүрік принциптері және революция тарихы институтының директоры болған кезімде ұйымдастырған халықаралық конференцияларға Қазақ ұлттық университетінен тарих факультетінің танымал ғалымдарын шақырдым. 2017-22 жылдар аралығында екі университет арасындағы ынтымақтастық хаттамасының сәтті жүзеге асырылу кезеңіне орай, 100-ден астам PhD және магистранттардың ғылыми тәжірибесін арттыру бағдарламаларын ұйымдастырып, жүзеге асуына мұрындық болдым.
Қырық екі жылдық еңбек жолыма байланысты жас шегіне сәйкес, зейнеткерлікке шықтым. Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының шақыруын баршаға пайдалы болсын деп қабылдап, аталған білім ордасында қызмет етіп жатырмын. Менің шығармаларым негізінен ХІХ ғасырдағы түрік жаңаруы мен ХХ ғасырдағы оқиғаларға арналған. Ал академиялық зерттеулерім түрік азаттық соғысы, жалпы ұлтшылдық мәселелері, түрік экономика тарихы және Орталық Азия түріктерінің тарихи мәселелеріне бағытталған. Мен бұл тақырыптағы жұмысымды әлі де жалғастырудамын. Қазақстан тарихы кафедрасында ХІХ ғасырдағы түрік ағартушылығы туралы дәріс оқыдым және осы тақырыптар бойынша жұмысты жалғастырудамын.
Хаджеттепе университеті әлемде беделді зерттеу университеттерінің санатында. Мен осы университетте қырық жыл бойы жинаған тәжірибемді Қазақстандағы ең танымал зерттеу университеті – Қазақ ұлттық университетіндегі әріптестеріммен бөліскенімді мақтан тұтамын, – деп сөзін қорытындылады Мехмет Дервиш Кылынчкая.
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ