Мақсатым – оқу ордасының абыройын арттыру
Биылғы оқу жылының көктемгі семестрінде өзімнің таңдаған мамандығымның оқу жоспарына сәйкес, өндірістік тәжірибеден өту кезеңі 3- 29 маусым аралығына сәйкес келді. «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығында оқитын болғандықтан, тәжірибеден өту үшін Арыс қаласы төтенше жағдайлар бөлімшесімен келісімшартқа отырған болатынмын.
Студенттер үшін төтенше жағдайлардағы тәжірибеден өтудің көптеген пайдалы жағын біліп қайттым. Мысалы, алғашқы медициналық көмек көрсету, эвакуациялау, құрал-жабдықтарды пайдалану, дағдарысты басқару туралы теориялық білім нақты қолдануды талап етеді. Біз стандартты емес жағдайлардан шыға отырып, нақты жағдайда әрекет етуге үйренеміз. Сонымен қатар тәжірибе жағдайды жылдам талдауды, белгісіздік пен уақыт қысымы жағдайында шешім қабылдауды талап етеді. Төтенше жағдай барысында түрлі мамандармен қарым-қатынас жасауға үйретеді.
Ең бастысы, тәжірибе студенттерге өздерінің күшті және әлсіз жағын бағалауға, қажетті кәсіби дағдыларды анықтауға және оларды дамытуға мүмкіндік береді. Менің түйгенім, тәжірибеден өту студенттердің өзіне деген сенімділігін нығайтуға, стандартты емес жағдайларда өз бетінше шешім қабылдау және әрекет ету дағдыларын меңгеруге жол ашады екен.
Арыс қаласы төтенше жағдайлар бөлімінде тәжірибеден өту барысында далалық өрт, ауыл ауласында күннің аптап ыстығынан құрғақ шөптердің өртенуі, шомылу маусымының ашылуына орай, адамдардың суға батып кетуі қаупі көптеп кездескен жағдайлар болды. Осындай кездерде аталған жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу және төтенше жағдай болған кездегі көмек көрсету жұмыстарына белсене араластым. Мұндай жағдайда бастысы, төтенше жағдайлардағы тәжірибе кәсіби және қауіпсіз орындалуы керек екенін ескеру маңызды. Нақты модельдеулерді, арнайы жабдықты және білікті нұсқаушыларды пайдалану керек.
Жалпы, төтенше жағдайлардағы тәжірибе – бұл жай ғана оқу емес, студенттердің болашағына инвестиция, ол олардың заманауи әлемнің сын-қатерлеріне дайын болуына және қоғамның қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Аталған мекемеде тәжірибеден өту барысында жасаған жұмыстарым мен регламенттік және нормативтік-актілік құжаттарды білу деңгейімен жоғары дәрежеде жұмыс атқарғаны үшін және өзіне жүктелген міндеттемелерін уақытында орындай білгенім үшін Алғыс хатпен марапатталдым. Бұл мен үшін өзімнің білім алып жатқан қара шаңырағым ҚазҰУ-дың абыройының асқақтауына сәл де болса тигізген үлесім деп білемін.
Осы тұрғыдан алғанда өзіме білім беріп жатқан оқытушыларыма және төтенше жағдайда тәжірибеден өту мүмкіндігі үшін университетіме шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Бұл тәжірибе менің кәсіби дамуым үшін өте маңызды болды. Сонымен қатар Арыс қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры А.Бейсеновке де ерекше алғыс айтқым келеді.
Ерасыл Бақытұлы,
«Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының 2-курс студенті