Фарабитанудың заманауи әдістері талданды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Ұстаздың оралуы» тақырыбында фарабитанушылардың республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтуде.
Іс-шараны «Ғылым ордасы», Алматы қаласының Білім басқармасы, ҚазҰУ жанындағы Әл-Фараби орталығы және «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті ұйымдастырды. Екікүндік іс-шараға фарабитанушы ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығының атынан Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов сөз сөйлеп, Әбу Насыр әл-Фарабидің есімімен аталатын университет шығыс ойшылының идеяларын насихаттауда үлкен жұмыс атқарып отырғанын айтты. «Әл-Фараби есімі қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік дамуы үшін зор маңызға ие. Ұлы ойшыл ғалымның мұрасы – түркі мәдениетінен нәр алатын қазақ мәдениетінің терең бастауын бейнелейтін біздің ұлттық қазынамыз», – деді Еркін Ерманұлы.
Конференция модераторы, философия факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев іс-шара әл-Фараби мұраларын жаңғыртуға, фарабитану саласында жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашатынын атап өтті.
«Ғылым ордасының» бас директоры Ұлар Мұқажанов «аталған конференция Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына және мәдениеттанушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің туғанына 80 жыл толуына, сондай-ақ Алматы қаласында Түркі халықтары мәдени қорының 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр» деді. Осыдан 50 жыл бұрын Алматыдағы Азия және Африка елдері жазушыларының V конференциясы аясында әл-Фараби мұрасына арналған жиын өткен болатын. Бүгінгі конференцияның «Ұстаздың оралуы» деп аталуы да осы датаға байланысты.
Конференцияға Нидерландыдағы «Еуразия перспективасы» академиялық орталығының басшысы Зифа-Алуа Әуезова бейнебайланыс арқылы қатысты. «Орталық Азияның зияткерлік тарихымен айналысатын ғалым ретінде Әбу Насыр әл-Фараби, Мағжан Жұмабаев және Мұрат Әуезов есімдері мен үшін ерекше маңызға ие. Әрине, бұлар бір-біріне ұқсамайтын, қай жағынан алсақ та, ерекше қайталанбас тұлғалар, олардың өмір сүрген дәуірі, ауқымы да бөлек, сол кездегі қоғамдағы сын-тегеуріндері мен зияткерлік орта мүлдем басқа болды. Соған қарамастан, Мұрат Мұхтарұлының ғылыми, шығармашылық ұстанымына философ әл-Фараби мұрасы үлкен әсер етті. Мұрат Мұхтарұлының философия тарихына деген қызығушылығына ғұлама ұстаздың Орталық Азия мен Таяу Шығыстың интеллектуалдық тарихындағы ерекше рөлі ықпал етті», – деді спикер.
Тарихшы маман, PhD, ЮНЕСКО аясында Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Игорь Крупко өз баяндамасында V конференция сабақтарына тоқталып, тарихи, мәдени, рухани байланыстар жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Пленарлық отырыста Алматы қаласындағы Түркия Республикасы консулдығының білім атташесі Айхан Қорқмаз, «Түркі халықтарының мәдени қорының тарихы мен мақсаты» түркі халықтарының мәдени қорының басшысы Ахмет Дайтуран, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева, ҚазҰУ профессоры, фарабитанушы ғалым Жақыпбек Алтаев, философия ғылымының докторы, профессор, философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы Айнұр Құрманалиева сынды ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады.
Екікүндік конференция жұмысы секциялық отырыстар аясында жалғасты. Мамандар қазіргі фарабитанудың өзекті мәселелері бойынша ой бөлісіп, пікір алмасты. Іс-шара аясында «Қазақстан әдебиеті мен өнеріндегі әл-Фараби» кітап көрмесі, «Қазақстанның ғылым мен мәдениет тарихында әл-Фараби бейнесі» атты сурет көрмесі және «Әл-Фараби» ғылыми-танымдық ақпараттық орталығының ашылу рәсімі өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі