Батыс Қазақстандағы туризм: қазіргі жағдайы және тұрақтылық перспективаларыFarabi University

Батыс Қазақстандағы туризм: қазіргі жағдайы және тұрақтылық перспективалары

26 тамыз, 2024

15.07-03.08 аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің "Тұрақты даму және табиғатты тиімді пайдалану" ғылыми орталығының Тұрақты туризм зертханасының қызметкерлері Александр Артемьев, Серік Момынов және Азамат Бейсахмет Батыс Қазақстан өңірінде далалық экспедицияда болды. Батыс Қазақстанның төрт облысының табиғи және мәдени-тарихи туристік объектілерін, сондай-ақ туристік инфрақұрылымын зерделеуді көздейтін зерттеулер бағдарламасына сәйкес әкімдіктердің, туризм бөлімдері мен басқармаларының, туристік бизнес өкілдерімен, ғалымдар мен өлкетанушылармен, түпкілікті қызметтерді тұтынушылармен, яғни туристермен кездесулер өткізілді. Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында жергілікті телеарналарда пікірталастар өтті. Ағымдағы жағдайды талдау және аймақтағы туризмнің тұрақтылығын халықаралық әдістеме бойынша бағалау үшін ауқымды материалдар жиналды.

Өңірдің тұрақты дамуы - мегажобаның негізгі мақсаттарының бірі. Біздің зертхананың ортақ міндеттерді шешуге қатысуының мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы контекстінде туризмнің синергиялық әсері арқылы аумақтардың орнықты даму трендін іске асыру. Адам қызметінің 30-дан астам бағытымен байланысты болған туризм, басқа салалар сияқты, біздің планетамыздың әл-ауқатын жақсартуға және қорғауға, ең алдымен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жаһандық тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуге ықпал етеді. Зерттеу тобы шеше алатын ең өзекті мәселелері ТДМ 4 (Сапалы білім беру); ТДМ 8 (Лайықты жұмыс және экономикалық өсу); ТДМ 9 (Индустрияландыру, инновациялар, инфрақұрылым); ТДМ 12 (Жауапты тұтыну және өндіріс); ТДМ 17 (Тұрақты даму үшін серіктестік); ТДМ 15 (Құрлық экожүйелерін сақтау) және басқаларымен байланысты болып келеді.

"Тұрақты даму контекстінде Батыс Қазақстан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағалау" бойынша 7-ші бағдарлама шеңберінде өңірлік деңгейде тұрақты туризмді қалыптастыру негізі ретінде жобалық аумақтың табиғи-рекреациялық ресурстарының туристік әлеуетін алдын ала бағалау және материал жинау орындалды. Сонымен қатар, жергілікті жерлерде патриоттық тәрбиеде маңызды рөл атқаратын және өңірлік туристік өнімнің дербес құрамдас бөлігі бола алатын Батыс Қазақстанның мәдени-тарихи объектілері зерттелді.

Жергілікті жерлердегі серіктестермен келісілген экспедициялық жұмыстар жоспарына сәйкес, ғылыми экспедиция тобы өз зерттеулерін Ақтөбе облысынан бастады. Далалық сапарлар басталар алдында Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Думан Дәулетияровпен және Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасының туризм бөлімінің басшысы Әуез Арызғұловпен кездесулер өткізілді. Өткізілген кездесулер барысында тараптар өңірдегі туризмнің тұрақты дамуының маңыздылығын атап өтіп, бірлесіп шешу үшін неғұрлым өзекті міндеттерді айқындады. Тараптар келісілген жұмыс жоспары негізінде бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Экспедиция қатысушылары жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен бірге Ақтөбе қаласының көрнекті жерлерін, сондай-ақ облыс аумағындағы перспективалы нысандардың аяларын аралады. Олардың ішінде 1930-50 жылдардағы Түйетөбедегі қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, "Ардағым" шаруа қожалығы, Қарғалы су қоймасы, "Қасқыр" сарқырамасы және "Мылқау" ауылы болды. Сондай-ақ, ғылыми қызметкерлер Қобда ауданы Әлия ауылында орналасқан "Әлия" облыстық патриоттық тәрбие орталығында, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған ауылы Бұлақтағы үй-музейінде, халық батыры Исатай Тайманұлының кесенесінде болды.

21-23 шілдеде зерттеулер Батыс Қазақстан облысында жалғасты. Жұмыс барысында экспедиция қатысушылары облыстың бес ауданына барып, келешегі зор туристік нысандармен танысты. Тұрақты туризмге тікелей қатысы бар бірегей нысандардың ішінде қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Яна Лұқпанованың басшылығымен ашу жұмыстары жүргізіліп жатқан Тақсай-2 қорғандарындағы археологиялық қазбаларды атап өткен жөн. Сонымен бірге экспедициялық топ Теректі ауданының өлкетану мұражайында; "Дубрава" мемлекеттік табиғи қаумалында; Торыатбас тауында; "Қыз әулие" сарқырамасында; Сарыкөл тұзды көлінде; Аққұм құмдарындп; Құныскерей үңгірінде және халық арасында Дәдем ата деп аталатын Жұмағазы Әзірет кесенесінде болды.

Далалық сапарлар барысында ғылыми қызметкерлер объектілердің жай-күйімен егжей-тегжейлі танысты, GPS көмегімен оларды жергілікті жерде географиялық байланыстыруды жүзеге асырды (координаттар кейіннен туристік карталарды жасау үшін электрондық деректер базасына енгізілетін болады), туристік инфрақұрылымның қазіргі жай-күйін бағалады, себебі кейбіреулері күрделі жөндеуді талап етсе, ал кейбір жерлерде жоқтың қасы. Туристік қызығушылықтың потенциалды негізгі объектілеріндегі жағдайды визуализациялау мақсатында фото және бейнетіркеу, оның ішінде дрон көмегімен жүргізілді.

Әрине, Қазақстанның "батыс қақпасы" болып табылатын тарихи орталық ретінде Орал қаласының өзі жоғары туристік әлеуетке ие. Қала тарихпен "тыныс алады" және қызықты тарихи нысандарға толы, олардың көпшілігі "туристік дисплей" талаптарын қанағаттандырады. Орал қаласының туристік көрікті жерлерімен танысқанға дейін экспедиция қатысушылары Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевпен кездесті. Әңгіме барысында туристік әлеуетті іске асыру мәселелері және оған кедергі келтіретін негізгі проблемалар талқыланды. Тараптар туристік дамуды жоспарлау кезінде аумақтардың тұрақтылығы мәселелері бірінші орында тұруы тиіс деп келісті. Мемлекеттің инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге қатысуының, туризмді дамыту үшін бизнесті ынталандырудың және өңірге ішкі және шетелдік туристерді тартудың маңыздылығы атап өтілді. Әңгіме сындарлы түрде өтті.

Облыстың көрікті жерлерімен танысуға ерікті гид ретінде дала жолдары мен жолдан тыс жерлерде жүз шақырымнан астам жол жүріп өткен "Ғылыми зерттеулерге көмектесу қорының" директоры Айболат Шамуратұлы Құрымбаев үлкен көмек көрсетті. Қалаға оралғаннан кейін Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығында есте қаларлық кездесу өтті. Бүгінгі таңда ол республикадағы ең ірі және беделді болып табылады. Бұл кадрларды даярлауды жоспарлауға, экологиялық білім беру және аймақтағы туризмнің тұрақты дамуы мәселелерін шешуге болатын база.

Сол күні "Aqjaiyq" өңірлік телеарнасында тікелей эфирде тақырыптық кездесу өтті, онда экспедиция қатысушылары оның мақсаттары мен міндеттері, өңірдегі тұрақты туризмді дамытудың маңыздылығы, жалпы мегажоба туралы егжей-тегжейлі айтып берді, ТДМ қағидаттарын сақтауды ескере отырып, негізгі проблемаларды шешу туралы өз көзқарастарымен бөлісті.

25-27.07 күндері ғылыми экспедицияның жұмысы Атырау облысының аумағында жалғасты. Далалық сапарларға дейін Атырау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаевамен жұмыс кездесуі өтті, онда тараптар туристік саланың ағымдағы жағдайы туралы пікір алмасты. Серіктестер тарапынан облыстың табиғи-рекреациялық нысандарына баруды, телевизияда жобаның мақсаттары мен міндеттері бойынша сұхбат ұйымдастыруды сүйемелдеуге және ұйымдастыруға көмек көрсетілді.

Ғалымдар барған шетелдік және ішкі туристерді тарту үшін келешегі жақсы табиғи және тарихи-мәдени нысандардың ішінде Индербор ауданындағы Индер тұзды көлі; Махамбет ауданында және ішінара Атырау маңында орналасқан "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты; Махамбет ауданындағы "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы"; Құрманғазы ауданы Қиғаш өзеніндегі лотос гүлденуінің ең солтүстік нүктесі болып саналатын лотос алқабы және Атырау қаласының туристік көрікті жерлері болды.

Экспедициялық зерттеулердің соңғы бөлігі Маңғыстау облысымен және Ақтау қаласымен байланысты. Аумақ Батыс Қазақстан өңірінің басқа облыстарымен салыстырғанда ең үлкен туристік ағынмен сипатталады. Тарихи-мәдени және табиғи нысандардың бірегей жиынтығы оны туристер үшін өте тартымды етеді. 2024 жылғы маусымда туризмді дамыту жөніндегі кеңесте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық деңгейде Қазақстан туризмінің визиттік картасы болуға тиіс неғұрлым перспективалы туристік объектілерді дамыту туралы айта отырып, Маңғыстаудың жағажай туризмін атап өтті. Ол Маңғыстау облысына қонақ үй және мейрамхана бизнесінің әлемдік брендтері мен франшизаларын тартуды, Дубай мен Баку қалаларының үлгісі бойынша жағалау бойындағы курорттың дамуын ескере отырып, Ақтаудың бас жоспарын қайта қарауды ұсынды. Президенттің тапсырмасына байланысты тиісті басқармада туризм мамандарының штатын кеңейту және, ең алдымен, инфрақұрылымдық дамуға қосымша инвестициялар тарту жоспарлануда.

Соңғы жылдары ішкі және шетелдік туристер арасында ерекше танымал болған теңіз жағалауынан басқа, 29 шілде мен 1 тамыз аралығында ғылыми топ негізгі туристік ағынды қалыптастыратын облыстың бірқатар танымал және перспективалы туристік нысандарымен танысты. Облыс аумағында қызықты табиғи нысандар, киелі туризм объектілеріне жатқызуға болатын тарихи ескерткіштер, қажылық объектілері орналасқан. Олардың ішіндегі ең маңыздыларына экспедиция қатысушылары аралады. Атап айқанда, Тұзбайыр соры, Көгез этноауылы, Шерқала тауы, Торыш шатқалы, Қарақия ойпаты, Шопан ата және Бекет ата жерасты мешіттері, Бозжыра шатқалы сияқты нысандардың қазіргі жағдайымен танысып, оларды GPS-байланыстыру және фотофиксациялауды жүзеге асырды, туристермен және туристік сала қызметкерлерімен сұхбат жүргізді, туристік маршруттардың логистикасы және туристік инфрақұрылымның жай-күйімен танысты. Жұмыс соңында мұражайға, туристік нысандарға, сондай-ақ Ақтау қаласының туристік инфрақұрылымына бару ұйымдастырылды.

Экспедиция мегажоба шеңберінде туризм дамуының тұрақтылығын бағалау бойынша далалық зерттеулердің бірінші кезеңі болғандықтан, негізгі нәтиже талдау үшін жиналған нақты материалмен, стейкхолдерлермен тікелей байланыс орнатумен, тұрақты туризмге және олардың тұрақты даму мақсаттарымен байланысына әсер ететін негізгі проблемалар мен факторларды анықтаумен анықталады. Өңдеуден және түсіндіруден кейінгі бастапқы материал ғылыми жарияланымдарды дайындау және жобалау аумағын туристік картаға түсіру кезінде пайдаланылатын болады.

  1. “AQJAIYQ” телеарнасында өңірдегі туризм жайлы болған сұхбат: https://www.facebook.com/share/v/bFacKHesTBcP73xR/?mibextid=WC7FNe
  2. Атырау өңірінің жаңалықтарындағы интервью: https://www.youtube.com/watch?v=DLFo2B3SO4g&t=541s