ҚазҰУ-да университеттік ғылымды коммерцияландыру мәселесі талқыланды

26 тамыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғалымдар мен инвесторлар және кәсіпкерлер бас қосты. «Химия өнеркәсібі бойынша технологияларды коммерцияландыру реакторы» диалог алаңында қатысушылар ғылыми жобаларды енгізу және инновацияларды коммерцияландыру мәселелерін талқылады.

 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өткен іс-шараны ҚазҰУ мен Ғылым қоры бірлесіп ұйымдастырды. 

Мақсат – бизнесмендерді университет ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалармен таныстыру, ғылым мен бизнесті біріктіру, ғылыми жобаларды нарыққа шығару, коммерцияландыру бағытындағы түйіткілді мәселелерді қарастыру.

Ауқымды кездесуге ҚР ҒЖБМ Ғылыми комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов, «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Камиль Ақатов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Еркін Дүйсенов, Алматы,  Атырау, Қарағанды және өзге де өңірлердегі университет ғалымдары, танымал бизнесмендер қатысты.

 

Жиында ҚазҰУ-дың проректоры Еркін Дүйсенов сөз сөйлеп, бүгінде ЖОО алдында ғылымды басқару сапасын жақсарту, университет ғылымын дамыту, ғылыми қызметкерлер санын көбейту міндеті тұрғанын айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес отырысында: «Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру ерекше маңызға ие. Ол үшін ғылыми қоғамдастық пен бизнестің өзара іс-қимылының тиімді тетіктерін құру қажет», - деп атап өткен болатын. 2017 жылдан бастап ҚазҰУ-да жалпы сомасы 3 млрд. 18 млн. теңге болатын барлығы 15 коммерцияландыру жобасы ұтып алынды. Қазіргі таңда 7 жоба аяқталып, 8 жоба сәтті жүзеге асырылуда», - деді проректор.

Өз кезегінде ҚР ҒЖБМ Ғылыми комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов бүгінгі диалог алаңы перспективалық мәмілелер жасасуға және жобаларды коммерцияландыру жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Мемлекет ғылым мен бизнестің интеграциясын нығайту бойынша нақты міндеттер қойды. Қойылған міндеттерге, жобаларды коммерцияландыруды дамыту жөніндегі стратегиялық бағыттарға қол жеткізу үшін арнайы жоспар әзірленді. Ғылым комитеті өз тарапынан коммерцияландыруды жетілдіру жөніндегі қолданыстағы тетіктерді пысықтауда. Сондай-ақ, ғылым қорына ғылымның бизнеспен ынтымақтастығын ұйымдастыру және бизнесті ғылыми әзірлемелерді іске асыруға тарту бойынша өкілеттіктер беріледі. Ғылым және технологиялық саясат туралы Заңға қол қойылды. Ғылым қорына өкілеттіліктің берілуі бұл коммерцияландыру бағытын толық көлемде кеңейтуге мүмкіндік береді. Алдын ала жүргізілген осындай интеграциялық диалогтардың қорытындысы бойынша ұсынылған ғылыми жобалардың жартысынан көбі бизнес серіктестер тапқанын атап өткен жөн», - деді Ғалымжан Жанқуатов.

 «Ғылым қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Камиль Ақатов жүргізілген жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті.

«Ғылым қоры ҒЖБМ-мен бірлесіп, пайда алып келетін ғылыми жобаларды нарыққа шығару мақсатында ғылым мен бизнес өкілдері кездесетін алаңдар, платформалар құруға мүмкіндік беретін технологияларды коммерцияландыру реакторларын жүргізуде. Осы орайда зерттеу университеттері ерекше орын алады. Сондықтан бүгінгі іс-шараның Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатқаны бекер емес. Қазіргі уақытта осындай 10 іс-шара өткізілді. Нәтидесінде – 378 жоба келіп түсті. Оның 101-і таныстырылды, 18 өтінім берілді және 14-і қаржыландыруға мақұлданды», - деп атап өтті Камиль Ақатов.

Іс-шара барысында ғалымдар инвесторларға ғылыми әзерлемелерін таныстырды. Атап айтқанда, көмірдің шаң тәрізді фракциясын кешенді пайдалану, құрамында күкіртсутегі бар газдарды тазарту, мұзға қарсы заттар үшін натрий форматын алу, мал шаруашылығы қалдықтарынан кератин гидролизаттарын өндіру және өзге де инновациялық жобалар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі