«Әділетті Қазақстанды» құрудың негізгі алғы шарттары

2 қыркүйек, 2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халықына жолдауында «Әділетті Қазақстанды» құрудың негізгі алғы шарттарын атап өтті.

Бұл жолдау елдің болашағына бағыт-бағдар беретін құжат болғандықтан біз оны қоғамның түрлі салаларында маңызды реформалардың бастауы ретінде қарастырамыз.

Ең алдымен, салық саясатына қатысты нақты шаралар басты назарға алынған. Салық жүйесін жетілдіру, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жеңілдіктер, сондай-ақ ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға әділ салық салу – ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді деп сенеміз. Бұл бағытта енгізілетін жаңа бастамалар бизнесті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетініне сенімдіміз.

Сонымен қатар, жолдауда ұлттық код мәселесіне ерекше көңіл бөлінген, себебі ұлттық құндылықтарымызды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Ұлттық кодты сақтау арқылы біз өзіміздің бірегейлігімізді нығайтып, жаһандану жағдайында ұлттық мәдениетімізді, тілімізді, дәстүрлерімізді сақтап қалуымыз қажет. Бұл бағытта мәдениет саласында жүзеге асырылатын нақты шаралар ұлттық бірегейлікті нығайтуға және халықтың рухани дамуына ықпал етеді.

Мемлекет басшысы шағын және ірі өнеркәсіпті дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударды. Шағын және орта бизнесті қолдау – экономиканың негізі. Ал ірі өнеркәсіптер елдің өндірістік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Осы салада инновациялар енгізу, жаңа технологияларды пайдалану және экспорттық әлеуетін дамыту елдің экономикалық дамуына серпін беретініне сенімдіміз.

Қазақстанды цифрландыру мәселесі – елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының басты басымдықтарының бірі. Жолдауда цифрландырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді, өйткені ол мемлекет пен қоғамның барлық салаларын қамтиды және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін шешуші фактор болып табылады. Цифрландыру, ең алдымен, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруға және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Электрондық үкіметті дамыту арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту, сыбайлас жемқорлықты азайту мүмкін болады. Президент цифрлық платформаларды енгізу арқылы азаматтар мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуды басты мақсаттарының бірі ретінде атап өтті. Бұл қоғамның сенімін арттырады.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы еліміздің экономикалық және мәдени өміріне ерекше серпін беретін айтулы шараларға бастама болатынына сенімдіміз. Жоғарыда аталған бағыттардан да бөлек мәселелерде жүзеге асырылатын реформалар еліміздің болашағына оң әсерін тигізеді деп үміттенеміз.

Филология факультеті,

қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының

аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

Мекебаева Л.А.