- Главная
- Выступления
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауын талқылау жиынындағы сөзі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауын талқылау жиынындағы сөзі
Құрметті оқытушы-профессорлар,
Қадірлі әріптестер,
Білім алушы жастар!
Сіздерді ең алдымен жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Академиялық құраммен қайта жүздескенімізге қуаныштымын.
Ортамызда арман қуып қалаға келген 1-курс студенттері отыр.
Көшбасшы оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!
Құрметті жиынға қатысушылар!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауын тыңдадыңыздар.
Биылғы жолдау ең алдымен ел экономикасын жақсартуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге, жастардың тұлғалық белсенділігін арттыруға негізделген ауқымды жоспарларды қамтиды.
Ғылым және жоғары білімді дамыту, үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту мәселелері ортаға салынды.
Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру, жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыру қарастырылды.
Ұлттық мүдделердің мызғымастығы, ұлт өмірінің сапасын арттыру, қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге де айрықша маңыз берілді.
Бұл тапсырмалардың біраз бөлігін университет өмірінде іске асырып жатырмыз, алдағы уақытта да жүйелі жалғастыратын боламыз.
Көпшілік жолдаудың көңілінен шыққан тұсын талқылап жатыр.
Біздің оқытушыларымыз да өз пікірін білдірді.
Президент өз сөзінде:
«Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек.
Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел.
Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек», – деді.
Қарапайым тілмен жеткізілген, жастарға ұғынықты деп ойлаймын.
Сіздер үлкен қаладан, өркениеттер ортасынан бойларыңызға тек жақсы қасиеттерді сіңіріп, терең білім, ақыл-ой жинақтауға тиіссіздер.
Президент тағы да былай дейді:
«Біздің ұзақ мерзімге арналған даму жолымыз – айқын.
Биік мақсаттарымыз бар.
Оған жету үшін, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуіміз керек.
Бір-бірімізге қолдау білдіріп, құрмет көрсетуіміз қажет».
Бұл да жалынды жастардың қолынан келетін дүние.
Ел бірлігін, өзара татулықты сақтау – басты қағидаға айналуы керек.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» дейді халық даналығы.
Бұл бекерден-бекер айтылған сөз емес.
Президент бұған дейін де бірнеше мәрте айтты.
«Тәуелсіздік – ең қасиетті, қастерлі құндылығымыз, ең басты байлығымыз».
Осы баға жетпес құндылығымыздың қадірін біліп, қуатты Қазақстанды дамыту – жастардың қолында.
Мемлекет басшысы бәрімізді бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құруға шақырып отыр.
«Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет» деп атап өтті.
Ортақ мақсатқа жету үшін оқытушы-профессорларымыз табанды еңбек етіп, студенттеріміз үлгілі шәкірт атанады деп кәміл сенемін.
Құрметті студенттер!
Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына – 90 жыл.
Сіздерге университетіміздің тарихын таныстырып, қажетті мәліметтер беріп өтейін.
Тарихы 30-жылдардан бастау алатын қара шаңырақ қазір отандық жоғары оқу орындары арасында көш бастап тұр.
Ірі ғылыми жетістіктері, заманауи білім бағдарламалары, ұлттық кадр даярлаудағы жаңашылдығымен ерекшеленеді.
1934 жылы 15 қаңтарда алғаш 54 студент қабылданып, олар екі факультетте, атап айтқанда физика-математика және биология факультеттерінде білім алды.
Қазіргі таңда 16 факультетте 20 мыңнан астам студент бар.
Бұл университетте кезінде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Зейнолла Қабдолов сынды қазақтың көрнекті тұлғалары дәріс оқығанын мақтанышпен айтамыз.
Қазіргі ҚазҰУ қалашығының бой көтеруіне халқымыздың қайраткер тұлғасы Дінмұхамед Қонаев басшылық жасады.
Сондай-ақ профессор Асқар Закарин, академик Өмірбек Жолдасбековтің еңбегі зор.
Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Әзілхан Нұршайықов, Кемел Тоқаев, Сағат Әшімбаев, Мырзатай Жолдасбековтер өздеріңіз сияқты студент болған.
Ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары мемлекеттік қызметке ҚазҰУ түлектері мен оқытушылары жаппай шақырылды.
Олардың барлығы жан аямай еңбек етіп, жоғары лауазымды қызметтер атқарды.
Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының премьер-министрлері:
Иманғали Тасмағамбетов
Бақытжан Сағынтаев
Әлихан Смайылов
Жоғары сот төрағалары:
Жақып Асанов
Қайрат Мәми
Мұсабек Әлімбеков
Конституциялық Кеңес төрағасы:
Игорь Рогов
Елші-дипломаттар:
Қанат Саудабаев
Қайрат Әбусейітов
Қайрат Омаров
Мұхтар Тілеуберді
Дәурен Абаев
Қазіргі таңда Президент әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарып жатқан:
Ғизат НҰРДӘУЛЕТОВ
Мемлекеттік кеңесші:
Ерлан Қарин
Президент көмекшісі:
Ержан Қазыхан
Президент кеңесшілері:
Бауыржан Омаров
Мәлік Отарбаев
Президент Баспасөз хатшысы:
Берік Уәли
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары және сыртқы істер министрі:
Мұрат Нұртілеу
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Мәулен Әшімбаев
ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Нұртөре Жүсіп
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары:
Қазыбек Иса
Жанарбек Әшімжан
Айдос Сарым
Танымал бизнесмендер және қайраткер түлектер:
Нұрлан Смағұлов
Берік Қаниев
Арманжан Байтасов
Марғұлан Сейсенбаев
Салтанат Байқошқарова және т.б.
Құрметті білім алушылар!
Мемлекет басшысы жолдауында алдыңғы қатарлы 23 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылғанын атап өтті.
Соның екеуі біздің университетімізде ашылды.
Атап айтқанда, Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университеті және Солтүстік-батыс политехникалық университеті.
Бұған дейін Ыстамбұл, Бішкек қалаларында Президент қатысуымен ҚазҰУ филиалы ашылған болатын.
Алдағы уақытта Ф.М.Достоевский атындағы Омбы
мемлекеттік университетінде ҚазҰУ филиалын іске қосу жоспарланып отыр.
Биыл оқу орнымыз QS WUR халықаралық рейтингінде өз көрсеткішін 67 позицияға жақсартты.
Әлемдегі Топ-200 университет қатарына кіріп, 163-орынға табан тіреді.
Ал Times Higher Education University Impact Rankings – 2024 халықаралық рейтингінде Топ 401- 600 орынға ие болды.
Білім ордасы бірден 400 позицияға алға жылжып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
QS Asia University Rankings халықаралық рейтингінде 29-орынға ие болды.
Бүгінгі таңда білім ордасы ғылыми зерттеу университеті мәртебесіне сәйкес, университеттік ғылымды кешенді дамытуға күш салып жатыр.
Биыл бірқатар зертханалар оқытушылар мен студенттер игілігіне берілді.
1. Географ-ғалымдарымыз ұтып алған 3,8 млрд теңгенің мегагранты аясында факультетте «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы ашылды.
Орнықты даму мақсаттарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана Ұлттық даму жоспарының негізгі көрсеткіштерін толықтай қамтамасыз етуге бағытталған.
2. «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы іске қосылды.
Жаңа орталық Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруінен болатын су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы, аймақтағы су тасқыны, жер сілкінісі сияқты табиғи қауіп-қатерлерге мониторинг жүргізеді.
3. Химия және химиялық технология факультетінде ашылған заманауи Farabi Chem Science тоғыз ғылыми зертхана кластері тұсауын кесті.
Мұнда мұнай химиясы саласында тереңдетілген зерттеулер жүргізіледі.
Отандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияға қарсы қорғаныш жабындарын алудың оңтайлы әдістері әзірленеді.
4. Chemical Coating innovations (Гальваника) ғылыми-өндірістік орталығының гальваникалық қаптамалары машина жасау өндірісін дамытуға септігін тигізеді.
5. Ғылым қызметкерлері күнінде «Фараби» заманауи обсерваториясы пайдаланылуға берілді.
Ғарыш әлеміне қызығушылар мұнда деректерді өңдеу, жинау және тарату, қашықтан басқару, фотометрлерді қолдану, ірі телескоптармен жұмыс істеу әдістерін үйренеді.
6. Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы аумағында «5G/5.5G коммуникациялық технологиялар» зертханасы құрылды.
Ашылу салтанатына Қытай Халық Республикасы мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Лю Гочжун қатысты.
Орталықта телекоммуникациялық байланыс жүйелерінің мамандарын даярлау, жаңа технологияларды меңгеріп, интернет жылдамдығын жетілдіру, 6G желісін енгізу жұмыстары атқарылады.
7. Қазіргі сәтте Farabi HUB инновациялық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.
8. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшылары кеңесінің отырысында екі келісімге қол жеткізген болатынбыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі аясында суперкомпьютер орнату бойынша ресми құжатқа қол қойылды. Бұл ғылыми зертхана жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы ғалым-сарапшыларға деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
9. Екінші келісім 2025 жылдан бастап ҚазҰУ ғарышқа наноспутник ұшырады.
Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен микроспутниктік ғылыми зерттеу жобаларын жүзеге асыру жоспарланды.
10. ҚазҰУ-дың Инновациялық технологиялар паркі өндірістік робототехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығын ашуды қарастыруда.
Халықаралық байланыс – оқу орнының маңызды стратегиялық бағыттарының бірі.
ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 650-ден астам жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста.
Білім ордасында 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады.
Студенттеріміз Еуропаның жоғары оқу орындарымен қатар, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, тағы да басқа елдердің университеттерінде білімін жетілдіру үстінде.
Кейінгі жылдары университетке АҚШ, Жапония, Германия, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Нидерланды, Бельгия, Қырғызстан, Словакия елдерінен 250-ге жуық шетелдік студент келіп, білім алды.
Жалпы, ҚазҰУ-да әлемнің 54 елінен 3928 шетелдік студент білім алуда.
Құрметті студенттер!
Жақында Париж қаласында өткен жазғы олимпиада ойындарына баршамыз куә болдық.
Сол халықаралық жарыста біздің түлектеріміз және 12 спортшымыз сынға түсті.
Елдос Сметов алтыннан алқа тақса, Ғұсман Қырғызбаев қола, Нариман Құрбанов күміс медальға ие болды.
Ақтық сынға шыққан Әбиба Әбужақынова, Арина Алтуховалар – біздің студентіміз.
Жаз айының басында 1986 жылы салынған 3000 орындық стадион күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Жаңа стадион Орталық Азиядағы Топ-1 талабына сәйкес келеді, халықаралық стандарттарға сай.
Спорт кешенінде түрлі спорт түрімен шұғылдануға еркіндік берілген.
ҚазҰУ қалашығында студенттерге жасалған қолайлы жағдайлар жеткілікті.
Осыған дейін оқу корпустарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жатақханалар жаңартылды.
Асхана, кофеханалар желісі, баспа және көшірме орталығы ашылды.
Қазіргі сәтте ҚазҰУ құрылысының екінші кезеңі жүруде.
Құрылыс жұмысына Мемлекет басшысы үлкен қолдау көрсетіп отыр.
Жоспарлы құрылыс аясында Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында күрделі жөндеу жүргізілуде.
Бұған қосымша, оқу корпустары мен жатақхананың құрылысы басталды.
Құрметті әріптестер, білім алушы жастар!
Алдағы айларда университетіміздің 90 жылдық мерейтойын атап өтпекпіз.
Қазір мерейтойға қызу дайындық үстіндеміз.
Бірнеше халықаралық шаралар, самиттер жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының ресми сапары күтілуде.
Бұл жыл біздің ұжым үшін табысқа толы болады деген ойдамын.
Назарларыңызға рақмет!