Көрнекті ғалым, химия ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Тілеутай Сәрсенбайұлы мерейлі 70 жасқа толды. Тілеутай Әбілдин Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі.
Тілеутай Сәрсенбайұлы гетерогенді катализ және мұнай химиясы саласындағы жетекші ғалым. Оның еңбек жолы ҚазҰУ-мен тығыз байланысты. Тілеутай Сәрсенбайұлы 1971 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне түсіп, 1976 жылы осы факультеттің Катализ және техникалық химия кафедрасын бітіргеннен бүгінгі таңға дейін ҚазҰУ-да ғылыми-білім беру жүйесінде қызмет етіп келеді (Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасы, Жаңа химиялық технологиялар және материалдар ғылыми-зерттеу институты).
Т.Әбілдин студент, инженер, ғылыми қызметкерден бастап, химия ғылымының докторы, университеттің бас ғылыми қызметкері болды. Өзінің еңбек жолында ол ғылыми зерттеулер жүргізіп, алынған нәтижелерді өндіріске практикалық түрде енгізумен әрдайым айналысады.
Қазіргі уақытта көрнекті ғалым Т.Әбілдиннің ғылыми ізденістері гетерогенді катализ және көмірсутек шикізатын қайта өңдеу саласындағы өндірістік мәселелерге бағытталған. Ол 150-ден астам ғылыми жарияланымның авторы, оның ішінде бес КСРО авторлық куәлігі, ҚР патенті, екі ғылыми монография, бір оқу құралы бар. Мұның өзі үлкен еңбек. Scopus және Web of Science базаларының деректері бойынша нөлдік емес импакт-факторы бар халықаралық ғылыми журналдарда 12-ден астам жарияланымы шыққан. Басқа да ғылыми журналдарға мақала жазып тұрады, халықаралық конференция материалдарына 20-дан астам жарияланымы енген, h-индексі – 5.
Тілеутай Сәрсенбайұлының мотор отындарын және басқа да органикалық өнімдерді алу үшін қолданыста болған түрлі маркалы майларды гетерогенді-каталитикалық өңдеу (кәдеге жарату) саласында көпжылдық зерттеу тәжірибесі бар. Оның тікелей қатысуымен жасалынған γ-децилоксипропиламин мен октадециламинді – «флотаминді» 95-98 пайыз шығыммен алу азқалдықты технологиясы Долгопрудный химиялық нәзік органикалық синтездеу зауытында өндірістік қолданысқа ұсынылды (ДХНОСЗ, Мәскеу облысы), сонымен бірге терефталонитрилді п-ксилилендиаминге дейін катализдік гидрлеу процесін оптимизациялау барысындағы зерттеу жұмыстарында оның шығымы 97-98 пайызға жеткізілді.
2015-17 жылдары «Изофталонитрилді және оның терефталонитрилмен қоспасын гидрлеу арқылы, термотұрақты полимерлер алуға керекті мономерлерді – м- ксилилендиамин және оның п-ксилилендаминмен қоспасын катализдік синтездеу технологиясының негізін жасау» МҚ жобасының тең жетекшісі болды.
Тілеутай Сәрсенбайұлы ғылыми жұмыспен айналыса жүріп, педагогикалық қызметті де қатар алып кедеді. Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының профессоры «Өнеркәсіптегі кинетика және катализ», «Мұнай, газ және көмірдің заманауи технологиялары», «Техникалық көміртекті өндіру және қолдану», «Көмірсутектік газдарды өңдеу» және т.б. пәндер бойынша дәріс береді. Ғалымның жетекшілігімен «Мұнайхимия» мамандығы бойынша магистранттар мен PhD докторанттар ғылыми зерттеулер жүргізіп, диссертация қорғайды.
Зерделі ғалым университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, студент кезінде факультеттің «Азаматтық қорғаныс» ұйымының жетекшісі және «Флогистон» ансамблінің әншісі болған. Ол университет қабырғасында алғаш рет самбо күресімен айналысып, 2-3 жыл ішінде (19 жасында), 1974 жылдың көктемінде Ташкент қаласында өткен Бүкілодақтық жарыста жүлделі орынға ие болды. Тілеутай Сәрсенбайұлына спорттағы жеңісі үшін самбо күресінен «КСРО спорт шебері» атағы берілді. Ол Қазақстан студенттері арасындағы жыл сайын өтетін республикалық біріншіліктің талай рет чемпионы атанып, ҚазҰУ-дың спорттық даңқын асқақтатуға атсалысты. Сонымен, Тілеутай Сәрсенбайұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бойынша самбо күресінен тұңғыш КСРО спорт шебері болып саналады.
Бүгіндері Тілеутай Сәрсенбайұлы ҚазҰУ-дың дәстүрге айналған факультетаралық «Денсаулық» спартакиадасында оқытушы-профессорлар құрамында спорттың әр түрінен сайысқа түсіп, студенттерге салауатты өмір салтын ұстануды насихаттауда. Ғалым, ұстаз, спортты серік еткен Тілеутай Әбілдин Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымының дамуына өз үлесін қосып жүр.
2014 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген зор еңбегі үшін «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 80 жыл» мерекелік медалі және 2024 жылы университеттің білім мен ғылымын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
ҚазҰЖҒА және РЖҒА академигі Т.Әбілдин 2022 жылы ғалымдар, оқытушылар және мамандардың халықаралық қауымдастығы мен Ресей жаратылыстану академиясының Қазақстан ғалымдары арасындағы ұзақ жылғы жемісті ынтымақтастықтың белгісі ретінде әлемдік ғылымның дамуына ерекше үлес қосқан ғалымдарға берілетін «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты.
Тілеутай Сәрсенбайұлы қазiр Жаңа химиялық технологиялар және материалдар ҒЗИ бас ғылыми қызметкерi және бәсекеге қабiлеттi бiрқатар кешенді қасиеттерi бар материалдар алу үшiн көмiрсутегi шикiзатын қайта өңдеудiң әдiстерi мен технологияларын әзiрлеуде.
Ләйла КУДРЕЕВА,
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ