Далалық ғылыми-зерттеу жұмысының майталманы
Заман талабына сай ғылымға қызмет етіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өз саласының үздігі атанғандар көп. Әрине, ғылым жолы сан қилы сала болса, сол сан тарау жолдың бойымен өрлеп, өз мамандығының беткеұстар азаматына айналғандар да аз емес.
Солардың бірі – География және су ресурстары институты гидрохимия және экологиялық токсикология зертханасының жетекшісі, PhD, қауымдастырылған профессор Азамат Сансызбайұлы. Еңбек жолын метеорологиялық станцияда техник-метеоролог болып бастаған ғалым білімнің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бакалавриатын «Метеорология» мамандығы бойынша 1998 жылы аяқтаған. Осы кезден бастап ғылым саласына алғашқы қадамын жасады десек қателеспейміз. Себебі 2003 жылы экология магистрі атанып, өзі оқыған оқу орнында ұстаздық қызметін бастады. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жол көрсетіп, ғылыми бағыт-бағдар берді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп Абай атамыз айтпақшы, оқытушылық қызмет атқара жүріп, қаншама жастың метеорология ғылымына деген қызығушылығын оята білді. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттеріне арналған мемлекеттік тілдегі екі оқу құралын жазды. Сонымен қатар екі монографияның жеке авторы болса, бірлескен төрт монографияның авторы. Бұдан бөлек, ағылшын-орыс-қазақ тілдерінде метеорологиялық сөздігін дайындаған. Азамат Сансызбайұлы шәкірттерімен қатар, өзін де дамытуды естен шығарған емес. Оған Ресей мемлекеттік гидрометеорологиялық университетінде, А.И.Воейков атындағы Бас геофизикалық обсерваторияда және Ұлыбританияда өткен тағылымдамалары дәлел.
Азамат Мәдибеков ең ауқымды түрде жүзеге асқан 20-дан астам кешенді далалық ғылыми-зерттеу жұмыстарын басқарды. Сондай-ақ осы зерттеу жұмысының аясында еліміздегі көлдер мен өзендердің төлқұжатын дайындау барысында жауапты орындаушы, далалық ғылыми-зерттеу жұмыстарына басшылық етіп, құнды ақпараттар мен тың мәліметтердің жарыққа шығуына әсерін тигізді. Оның айқын дәлелі – Қазақстанның барлық аймағындағы 200-ден аса көл мен өзендерге барып жасаған зерттеулері. Мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – республикамыздағы су ресурстарын басқарудың тиімді жолын ұсыну және арттыру. 2021 жылы Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл және Нұра-Сарысу аймағындағы шағын көлдерді картографиялық тәсілдермен сәйкестендіріп төлқұжатын дайындаған. 85 шағын көлге гидрофизикалық және гидрохимиялық өлшеулер жүргізілген. Нәтижесінде тұзды, кеуіп жатқан көлдер анықталып, олардың жоғалуының алдын алу үшін қандай шаралар жүзеге асырылу керектігі нақтыланды. Бұдан бөлек, зерттеу қорытындыларының арқасында шағын көлдердегі су құрамы да анықталды. Азамат Сансызбайұлының бұл салада да жеткен жетістіктері аз емес. Білім мен ғылымға сіңірген еңбегінің арқасында бүгінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін ұтымды пайдалану, экология» басымдығы жөніндегі ұлттық ғылыми кеңес төрағасы қызметін абыроймен атқарып отыр. Онымен қоса, ұзақ мерзімді зерттеу жүргізіп, ғылымға қосқан үлесі үшін «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Елімізде ғылыми зерттеумен айналысып, қоғамға пайдасын тигізіп жатқан қаншама адам бар. «Ғалымның хаты өлмейді» демекші, ғылымға үлес қосушылар үшін халықтың құрметінен асқан марапат жоқ екені анық. Сондықтан олардың жасаған еңбегін ескеріп, атқарған қызметін айтып отыруды естен шығармау қажет.
Аделина Бекболатқызы