Ғасырлық ғұмыр ғибраты

10 қыркүйек, 2024

Еліміздегі ұйғыртану саласының негізін қалаған, танымал ғалым Ғожахмет Сәдуақасовтың асыл жары, ұйғыртанушы Хасанова Омақ Сраждинқызы – бүгінде ғасыр жасына жақындап қалған айтулы тұл­ғалардың бірі. Ғожахмет Сәдуақасовтай ірі тұлғаның өмір­лік жары болып, ұзақ жылдар бірге отасқан, шы­ғар­машылық досына айналған, күні бүгінге дейін отын өшірмей отырған осы бір кейуананың мағыналы ғұмыры көпке өнеге боларлықтай. 

Омақ Сраждинқызы 1926 жы­лы Жаркент қаласында дү­ние­ге келді. Өткен ғасырдың оты­зыншы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде Киров бас­тауыш мектебін үздік аяқ­тап, Молотов атындағы 9 жыл­дық мектепке келіп, орта бі­лі­мін ары қарай жалғастырады. Алғаш рет қолына қалам ұс­та­тып, білім нәрімен сусындатқан Абдулхайыров, Илямов, Ға­лым­ов секілді асыл ұс­таз­дарының жарқын бейнелерін Омақ апай ұмытқан емес.

Сол кездегі экономикалық хал-ахуалдың өте қиын жағ­дай­да тұрғанына қарамастан, өкімет жергілікті кадрларды даярлау ісіне өзекті міндет деп қарады. Көп ұзамай ауданға Алматы қаласындағы ЖОО-ға студенттерді қабылдау туралы жақсы хабар келіп жетті. Білікті жас қызды жібергісі келмеген Жамалдин ака мен анасы Ма­риям «айтысып-тартысып» жү­ріп, ақыры қызын Алматыға оқу­ға аттандырады. Алматыға келгеннен кейін Зилям Пах­ри­ди­новамен бірге Шет тілдер институтының «Қытай және ұйғыр филологиясы» факульте­тіне құжат тапсырады да, сы­нақ тапсыру бағдарлама­сын­да­ғы көне жазуларды, неше түрлі иероглифтерді көрген соң, көңілі бұзылып, Алматы медицина институтына кетеді. Ондағы анатомиялық мұра­жай­ды көрген соң, «медик бо­ламын» деген аңсары нілдей бұ­зылып, ақыры ҚазМУ-дың фи­лология факультетіне оқуға түседі. Бұл 1945 жыл еді.

Қазақ мемлекеттік универ­си­теті филология факультетінің ең алғашқы студенттерінің бірі болып табалдырық аттаған күнді Омақ апа әсте ұмытқан емес. Осылайша Омақ апаның өмір жолындағы жаңа кезең басталып кете береді. Соғыс жаңа ғана аяқталған, елде жоқ­шылық бар. Азық-түлікті айт­пағанда, қағаз-қалам да тапшы. Газеттің қиындысына жаз­ған кездері болды. 400 грамм нан жұмыршаққа жұғын да болмайды. Ебін тауып ауыл­ға барған студенттер ауылдың дәмін әкелгенде бір тойып, қарық болып қалатындарын Омақ апа әрі мұңая, әрі жымия еске алады. Аш құрсақ сту­дент­терді Алматының апорт алмасы құтқарды десек, артық айтқандық болмас. Тұрмыстың ауырлығына, жағдайдың қиын­ды­ғына шыдамаған кейбір жі­гіт­тер оқудан кетіп те қалыпты. Ын­талы көңіл, ыстық жүрегі бар­лар неге де болса төзіп, білім шырағының сәулесіне қа­рай ұмтыла берген. Солардың ортасында Омақ апа да болды. Мұхтар Әуезовтей замана заң­ғарының дәрісін тыңдап, өне­гесін бойына жұқтырды. «Про­фессор Мұхтар Әуезов бізге шетел әдебиетін жүргізді. Ол дәрісті бастарда аудиторияға аса байсалдылықпен кіретін. Лек­цияны тоқтамай, қағаздағы жазбаларына қарамай оқи бе­ретін. Асықпай, баяу дауыспен бас­тайтын. Өршеленіп, екпін­де­тіп, қатты дауыстап сөйлеу ол кісінің мәдениетіне жат еді», – деп еске алады бүгінде. Курс­тастары да сайдың тасындай жігіттер еді. Кейіннен олар қа­зақтың маңдайалды азамат­та­ры, Алаштың мақтанышына ай­налды. Олар: академик, жа­зу­шы Зейнолла Қабдолов, про­­фессор Тұрсынбек Кә­кі­шев, Қазақстанның халық жа­зу­шысы Сафуан Шаймерденов, бел­гілі ақын Аманжол Шам­кен­ов, тағы басқалар еді.

Омақ апа ҚазМУ-ды 1950 жылы бітіріп шығады. Бұл ҚазМУ тарихындағы түлек­тер­дің 4-ші легі болатын. Жалын­дағын жастық ғұмырдың асқақ арманы жаңа бір асуларға қа­рай жетелей жөнелген еді.

Университетті бітіргеннен ке­йін жоғары академиялық бі­лімі бар жас маман Ғылым ака­демиясының ұйғыр-дүнген мә­дениеті секторына шақырту ала­ды. Ол кезде Айшам Ша­миева, Юсуп Цунвазо, Мәлік Қабіров және А.Идаятовтар секілді ұйғыртанушы ғалымдар сол мекемеде қызмет істейтін. Айшам Шамиеваның қолдауы­мен Ғылым академиясының сол кездегі бірінші басшысы – Қаныш Сәтбаевқа алып келеді. Академия президенті Қаныш Сәтбаев жас қызды жылы қа­былдап, жаңа қызметіне сәт сапар тілейді. Бір жылдан кейін Омақ Хасанова қызметке тұр­ған секторға Ғ.Сәдуақасов ас­пирант ретінде келеді. Со­ғыстан кейін орта мектептерге арналған кітаптар мен оқу құралдарына үлкен қажеттілік туды. Аталған сектор осы қа­жеттіліктің орнын толтыру жа­уапкершілігін мойнына алып, шұғыл іске кірісті. А.Шамиева «Әліппені» жазды, Ю.Цунвазо және Ғ.Сәдуақасов «Ұйғыр тілі» оқулықтарын шығарды, соны­мен қатар Ғ.Сәдуақасов бас­та­уыш сыныптардың бағдарла­ма­лары мен оқулықтарын да қатар жазып, құрастырып жат­ты. Ал Омақ Сраждинқызы 7-сыныпқа арналған «Әдебиет» оқу­лығын құрастырумен ай­на­лысты. Бұл жас маманның ал­ғашқы жұмысы болды.

Бірте-бірте ұйғыр-дүнген мә­дениетінің секторы толық­ты­рылды. Жаңа аспирант Әб­дуәли Қайдаров келді. Омақ Сраждинқызы Ә.Қайдаровты студент кезінен жақсы білетін. Ол соғыстан келген жауынгер еді. Университетте «Жас ма­ман» қабырға газетін бірге шы­ғаратын. Омақ апаның айтуын­ша, Қайдаров қазақ болса да, «Анархан» спектакліндегі ұй­ғыр мотивтерін ыңылдап ән­детіп жүретін. Ол бұл әуенді қай­дан білетінін сұрағанда, Ә.Қай­даровтың ұйғырлар ара­сында туып-өскенін естиді. Омақ апа: «Қайдаровтың ұйғыр тіліне деген қызығушылығының зор болғаны сондай – ол кан­дидаттық диссертациясын да, докторлық диссертациясын да ұйғыр тілінің материалдарынан қорғады», – деп ерекше құрмет танытады. «Әбдуәли Туған­бай­ұлы тек ғұмырлық әріптес қана емес, отбасымның да ең жақын досы болды», – деп еске алады ғалым апа.

Уақыт өте келе ұйғыртану са­ласы көкжиегін кеңейтіп, ұй­ғыр-дүнген мәдениеті секторы аясын үлкейте бастады. Қазір Қайдаров бастаған бөлімге Шавдун Кибиров, Тұғлұғжан Та­липов, Октябрь Жамалдинов келді. Олар да ұйғыр филоло­гия­сының мәселелерімен ай­на­лысып жүр.

Омақ Хасанова жасаған ке­лесі ірі еңбек 16 мың сөзден тұ­ратын «Орыс-ұйғыр сөз­дігін» құрастыру болды. Оның құ­рас­тырушылары – А.Қай­дар­ов, Ғ.Сә­дуақасов, Ш.Ки­би­ров, О.Хасанова және Ю.Цун­вазо болды.

1953 жылы Омақ Хасанова мен Ғожахмет Сәдуақасов от­басын құрып, ғылымда да, ғұ­мырда да қол ұстасып бірге болуға серт береді. Ғожахмет сүйген жарын ерекше қатты жақ­сы көрді. Ғожахмет кенет­тен қайтыс болған кезде оның өлімін ұзақ уақытқа дейін қа­был­дай алмауы да содан еді.

Бірде үй кітапханасын рет­теп жатып Омақ апа Хизметтің Ғожахметке сыйға тартқан ро­манындағы қолмен жазылған жазбаны көзі шалып қалады. Онда былай деп жазылған еді: «Біз шын армандаған дүние­леріміздің бәріне қол жеткізген екенбіз». Осы туралы Омақ апа: «Иә, олар өз армандарына қол жеткізді, бірақ шығарма­шы­л­ықтың шыңында тұрған кезде өмірден кетті де қалды», – деп мұңаяды.

Омақ Хасанова «Ұйғыр ті­лін­дегі терминологияның кей­бір мә­селелері» тақырыбында кан­дидаттық диссерта­ция­сы­мен ұзақ жылдар айналыс­қа­нымен, ғылым кандидаты болу дәрежесі бұйырмады. Оған се­беп – отбасылық міндет, бал­а­лардың дүниеге келуі, олардың тәрбиесі мен күтімі, үй ша­руа­шылығын ұстау. Ал ең бастысы – ғылым жолындағы жолда­сы­ның шығармашылық еңбегіне басымдық беріп, күйеуіне кө­мек­тесу мен жағдай жасауды таңдады. Жолдасының Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Шығыс Түркістан, Америкадан келетін әріптестерін күтіп алу, қонақ ету, шығармашылық байланыс орнатуда Омақ апаның еңбегі зор болды.

Омақ апа өз естеліктерінде Гуннар Ярринг – әйгілі ұйғыр зерттеушісі туралы ерекше ықыласпен жазады. Гуннар Яр­ринг – кәсіби дипломат, Шве­цияның Қытайдағы, Аме­ри­ка­дағы, Пәкістандағы, Үн­діс­тандағы, Ирандағы және Кеңес Одағындағы елшісі бол­ды. Оның ұйғыртануға деген қызығушылығы елшінің екінші ма­мандығына айналды. Яр­ринг 1976 жылы қыркүйекте Алматыға алғашқы Түркология конференциясына келеді. Әлем­ге әйгілі дипломат, ұй­ғыр­ларды зерттеп жүрген швед ғалымы «Менин кадирлик алмутилик кериндашлирим! Мен силер билен дидарлишип олтарганглигим учун интаин хошалман...» деп сөз баста­ғанда бүкіл зал таң-тамаша, аң-таң қалыпта қалды. Залда тек ғалымдар ғана емес, ұйғыр зиялыларымен қатар, қара­па­йым ұйғырлар да бар еді. Ғо­жахмет оны үйіне шақырып қо­нақ етеді. Омақ апа да­йын­даған ұйғыр тағамдары Гуннар Яррингке Қашқария сапарын еске түсіреді. Кейінірек елші өз еліне қайтқанда Қазақстанға «Мен көптеген елде достарыма жиі барамын, бірақ сіздердегі ұйғыр дастарханы мен ерекше әңгімелеріңізді мен еш жерден кездестірмедім» деп жазған хат келеді.

Ярринг пен Ғожахмет Сәдуа­қа­сов арасында ерекше жылы, достық қарым-қатынас болды. Олар ғылыми мақалалар мен кітаптар жөнінде жиі пікірлесіп, хат алмасып тұрды. Мұндай өз­ара сыйластық пен достық бір кісіге деген емес, бүтін бір ұйғыр халқына деген сүйіс­пен­шіліктің, жалпы, ыстық ықы­лас­тың құрметінен болғанын мойындау керек. Ярринг Шың­жаңда жеті рет болған, ұйғыр­ларға қатысты көптеген мате­риал­дар жинаған. Ұйғыр ба­ла­ларына арналған балалар үйі мен мектеп ашқан. Бірқа­тарын Швецияға тұрып келуге де жағдай жасаған адам. 1986 жылы балалар үйі тәрбиеле­ну­шілерінің бірі – Турнисті Шве­цияға шақыртып, қонақ еткен жо­март жан. Ғожахмет пен Ярринг қайтыс болғаннан кейін Омақ Хасанова арнайы шақыр­ту­мен Швецияға барады, онда Лундта университетінде Г.Яр­ринг­тің туысы Маргаритамен кездеседі. Маргарита Ярринг­тің өмір бойы жинаған Шың­жаң­нан әкелген мұрағаттық материалдарымен таныс­тыр­ды. Өте көп материал-тұғын. Қуа­ныштысы, бұл құнды мұра­ның барлығын шведтер аса ыждағаттылықпен ретке кел­тіріп, мұқият сақтап отыр екен. Олар бұл мұраның ұйғыр зерт­теушілерін күтіп тұрғанын ес­керт­кен еді.

Омақ апаның айтуындағы келесі маңызды тақырып – «Ұй­ғыр тілінің түсіндірме сөз­дігін» құрастыру болды. Ол бо­йынша А.Қайдаров, Ғ.Сә­дуа­қасов, Ш.Ки­биров, О.Ха­са­нова, Ю.Цунвазо, Ш.Баратов, О.Жамалдинов, И.Мұсазаев жұмыс істеді. Әр әріптен бас­талатын сөздер бойынша бө­лімде белгілі бір қызметкерлер жауапкершілік алды. Омақ Ха­санова «B», «H» және тағы ал­фавит соңындағы бірнеше әріп­термен жұмыс істеді. Ре­дак­циялауға Ю.Цунвазо және Ш.Кибиров жауапты болды.

1991 жылы Ғ.Сәдуақасов дү­ниеден озды. Ғ.Сәдуақасов үл­кен қиындықпен құрылған Ұй­ғыртану институтының ал­ғаш­қы және соңғы ди­рек­торы болды. Ол қайтыс болғаннан кейін 1993 жылы Ұйғыртану институтына Ғ.Сәдуақасов есімі берілді. Араға 10 жыл салып институт жабылды. ҚР ҰҒА 1995 жылдың 28 желтоқса­нындағы №93 қаулысына сәйкес, Ғ.Сәдуақасов атындағы Ұйғыртану институтын және Сүлейменов атындағы Шығыс­тану орталығын ҚР ҰҒА Шы­ғыс­тану институты етіп қайта құ­ру туралы шешім қабыл­дай­ды да, оған Сүлейменов есімі беріледі. Институт ұйғыртану бөлімі статусына көшіріледі де, оған Ғ.Сәдуақасов есімі бе­рілді.

Омақ апа әңгіме арасында Ғожахмет Сәдуақасовтың қай­тыс болуы және Ғ.Сәдуақасов атындағы Ұйғыртану инсти­тутының жабылуымен көптеген жоспарлардың орындалмай қа­лып қойғанын қынжыла айт­ты. Әзиз ананың ғылыммен өрілген ғұмырында, өмірлік жолында өткен бір кезеңнің, анығырақ айтқанда, бір ға­сыр­дың шиырланған, соқтықпалы-соқ­пақсыз ізі жатыр. Жасы жүзге жақындаса да, зердесі мықты, көзі ашық, көкірегі кеніш, ақылы қазына болған осы бір ғажап жанның қасында бола бергің келеді. Жүз жа­саңыз, асыл апа, ғасыр апа!

Раушангүл АВАКОВА,

Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі,

ф.ғ.д., профессор