Мақсатым – биологиялық белсенділігі жоғары дәрумендер жасау

11 қыркүйек, 2024

Айжамал Байсейітова – PhD, Оңтүстік Кореяның Кенсан ұлттық университетінің қолданбалы өмір туралы ғылымдар факультетінің профессоры. Органикалық және табиғи қосылыстар химиясы лабораториясында зерттеу жүргізеді. ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің түлегі. 

Айжамал Байсейітова Ал­ма­ты қаласында туып-өскен. Оның айтуынша, ғалым болу бала кезінен арманы екен. Он жасынан бастап ғылыми жо­ба­лар конкурстарына қатысып, бағын сынаған.

– Оқушы кездегі көкейімдегі басты сұрақ: «Біздің ғаламның шегі бар ма?» болды. Фи­ло­со­фиялық зерттеулер арқасында жұмысым жоғары бағаланды, республикалық сайыстан жүл­делі орын алып, ҚазҰУ-ға тү­суге мүмкіндік туды. Мем­ле­кеттің ең беделді оқу орнына өз күшіммен оқуға түскеніме отбасым сенген жоқ. Алайда уни­верситетке алғаш қадам бас­қан уақыттан бастап ғы­лымның нағыз төріне кел­генімді сездім. Жоғары білім бергені үшін химия және хи­миялық технология факуль­те­тіне алғысым шексіз. Бұл универ­ситеттің профес­сор­ла­ры шәкірттері өз мамандығын үз­дік меңгеру үшін барын са­лады, – дейді ғалым. Ал Оң­түстік Кореяға қалай ат басын бұр­ғаны туралы сауалыма тұшымды жауап қатты.

– Армандарды мақсатқа ауыс­тыруға және сол мақсатқа жетуді ҚазҰУ-да жүргенде үй­рендім. Бірінші курстан бастап университеттің теорияда са­па­лы білім беретінін, бірақ тә­жірибеде бірнеше мағынада мүмкіндіктер аздау екенін тү­сіндім. Сол себептен ма­гис­тра­тураны шетелде оқуды мақ­сат етіп қойдым. Оқудың соң­ғы жылы сәті түсіп Ор­га­никалық химия және табиғи қо­сылыстар химиясы ка­фе­дра­сының сол кездегі жас про­фессорларының бірі Жанар Же­ңіс менің ғылыми жетекшім болып, тәрбиелей бастады. Же­текшіммен бірнеше халық­ара­лық конференцияға қа­ты­сып, мақалалар жазып, со­ңын­да Қытайға ғылыми тәжірибе алмасуға бардық. Солардың бірінде, Таиландта өткен кон­фе­ренцияда қазіргі про­фес­со­рыммен танысып, Оңтүстік Кореядағы Gyeongsang National University (Кенсан ұлттық университетінде) оқуға мүм­кін­дік ашылып, магистратураға 21 жасымда түстім. Арада сегіз жыл өтіп, қазір докторлық дә­режелі зерттеу про­фессо­ры­мын. Мен оқуға түскен 2016 жылы жастар арасында «Корея толқыны» деп аталатын мә­дениет енді басталып жатқан еді. Маған да сол кезде кә­ріс­тердің музыкалық индустриясы ұнай­тын, сондықтан осы жерге келіп оқу қызығушылығымды арттырды. Бірақ оқу шынымен қиын болатын, кезінде док­то­рантураны бітіре алатыныма күмәнданатынмын. Зерт­ха­нада таңғы 9-дан кешкі 10-ға дейін зерттеу жүргізу ереже еді, бірақ докторлық дәреже алу үшін ол да аз уақыт. Са­наусыз түндерді ұйқысыз өт­кізіп, демалыссыз зертханаға ба­рып, жеке өмірім туралы ұмытып, бар қиыншылықтардан өтіп, білімімді дәлелдеп, ақыры алғашқы ғылыми мақа­ла­ла­рымды шығарып, оқуды бі­тір­дім. Профессорым ғылымға де­ген талпынысымды көріп, зерт­теуші ретінде, кейін зерт­теу профессоры ретінде жұ­мыс істеуді ұсынды. Бағым жа­нып өзімнің зертханамда оқи­тын жігітпен танысып, тұр­мыс құрдым. Ол да қазір док­торантураны бітіріп, Сеул ұлт­тық университетінде зерттеуші бо­лып жұмыс істейді, – дей ке­ле, ғалым ғылым туралы тол­ғаныстарын ортаға салды. Оның айтуынша, ғылым жан-жақты, зерттей берсең ашыла беретін шексіз әлем екен.

– Табиғи заттар химиясымен химия, физика және биология ғылымдары тығыз байланыста. Мен өсімдіктерден таза хи­мия­лық заттарды бөліп, фи­зикалық құралдармен қаң­қасын си­пат­тап, бөлінген зат­тың био­ло­гиялық бел­сен­ді­лігін зерт­тей­мін. Қазірге дейін Қа­зақ­станнан, Кореядан және Малайзиядан алынған он түрлі өсімдіктен елуге жуық зат бөліп, олардың антиок­си­дант­тық, антидиабеттік, анти­ви­рустық және қабынуға қарсы әрекеттерін аштым. Корея зерт­ханалары әлемнің алдына шығатын құралдармен жаб­дық­талған және мемлекет ғы­лымға үлкен назар аударып, қаражат бөледі, – деді зерттеу профессоры.

Айжамал Байсейітова соң­ғы бес жылда бірінші-авторлық халықаралық индексі бар сегіз мақала жазды. Ең беделдісі биыл (маусым, 2024 ж.) SCIE индекстеу жүйесінде импакт факторы 7.9 Phytomedicine жур­налында шыққан. Мақа­ла­да Кореяда өсетін гүлсебет шөбінен бөлінген халкон­дар­дың бактериялық неу­ра­ми­нидазаға қарсы әсері туралы зерттеулері жарияланған. Ға­лым Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында өткен «Емдік өсімдіктер мен табиғи дәрілік заттарды зерттеу» халықаралық конфе­рен­ция­сы­на қатысып, сондағы әсерімен бөлісті.

– Менің ғылыми жетекшім, профессор Жанар Жеңіс әлем­нің ең беделді және танымал ға­лымдарын шақырып ұйым­дас­тырған конференцияға қа­тыстым. Солардың ішінде ко­реялық профессорларым, әріп­тесім және жұбайым да бар. Өзім көптеген кон­фе­рен­цияларға қатыстым, мұндай жиналыстардан тәжірибем бар. Сондықтан бұл жолы ал­ған әсерімді дәлелді түрде айта аламын. Конференция өте жоғары деңгейде өтті. Көп­те­ген ғалымдар өздерінің жаңа және озат ашылуларымен бө­лісті. Ғылымдағы маңызды сұ­рақтар талқыланып, тәжірибе-білім алмасты. Бір-бірімен та­нысып, пайдалы бай­ла­ныс­тар жасады. Қазақстанда өт­кен конференциялардың үздігі деп ойлаймын, – дей келе, про­фессор алға қойған мақсат-жос­парын айтты.

– Алған білім-тәрбием мен тәжірибемді ғылымға арнап, жоғары мақсаттар қоямын. Соның ең маңыздысы – адам­зат­қа түрлі аурулармен кү­ре­суге көмектесетін, көптеген табиғи қосылыстарға бай өсім­діктер әлемінен биологиялық белсенділігі бар дәрумендер жасау. Сонымен қатар табиғи қосылыстар химиясын, әсіресе қазақстандық зерттеулерді да­мыту. Өз саламда белгілі ға­лым­дар қатарына қосылып, адал еңбек етіп, мұра қалдыру, – деп сөзін қорытындылады ғалым.

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ