КАДР ДАЯРЛАУҒА ҮЛЕС ҚОСАМЫЗ

12 қыркүйек, 2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылығы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деген халыққа арнаған жолдауында қоғамдағы өзекті деген негізінен саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ортаға салды.

Оның ішінде экономикаға инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, салыққа салғырт қарамау сынды мәселелерді күн тәртібіне қойды. Шынында да, елдің әлеуеті, яғни экономикасы мықты болса, халықтың тұрмысы да жақсаратыны анық. Экономика дегеніміз – біздің нанымыз. Жұмыс орны, табыс табу. Сондықтан Президенттің шаруашылықты көтеруге деген ықыласын құптаймын. Еліміздің агро-өнеркәсіптік саласын қалай жетілдіру керек екенін де осы жолы жақсы айтты. Мемлекеттің қаржысын шашау шығармай жұмсауды, бюджеттің шығынын азайтып, кірісін көбейтуді тапсырды. Бұл жолдаудағы өзіме ұнаған тағы бір өзекті түйткіл  – кадр мәселесі. «Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды. Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды. Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады.

Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашып, оңды-солды тарата беруге болмайды.

Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек»,-деп қоғамға үлкен ой, ұсыныс тастады.

Қарап отырсаңыздар, жыл сайын жолдауда мемлекеттің стратегиясын айқындайтын ірі-ірі мәселелер қозғалады. Біздің міндет осы жолдауда айтылған ұсыныс, талапты орындау. Сол үдеден шығу үшін әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ жолдауда көтерілген мәселеге қосқан үлесіміз болмақ.

Мәнсия САДЫРОВА,

социология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-дың әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры.